Өнер музейіндегі өрелі кездесу

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Астанадағы Өнер музейінде мемлекет және әскери қайраткерлердің қатысуымен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекет және әскери қайраткерлері – Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев және әскери сала өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бағдарлама аясында қатысушылар Өнер музейінің экспозициясымен танысып, сирек кездесетін және қайта жаңғыртылған ұлттық аспаптармен танысты. Оның ішінде тарихи-әскери мақсатта қолданылған жорықтық аспаптар келушілердің назарын аударды.

— Кездесудің Өнер музейінде өткені қуантып тұр. Себебі, жастарға өнеге боларлық Өнер музейінде ұлттық құндылықтарымыздың көбісі сақталған екен. Біз бұл жерден үлкен әсер алдық. Бұл жерде кері шегініс жасап, бабалар жүрген жолменен жүргендей күй кештік. Сондықтан жастарға да керегі осы деп ойлаймын. Жастармен кездесу болғаны үшін қуаныштымын. Ел аман, халқымыз тыныш болсын! Мереке құтты болсын!, -деді Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев.

Іс-шара барысында көне ұлттық аспаптармен музыкалық туындылар орындалып, олардың тарихи ерекшеліктері мен қолданылу дәстүрі түсіндірілді.



