Жаны жайсаң жақсы адам

Ғасыр жасаған қариядан: «Өмірдің талай белесінен өттіңіз, соның ішінде қай жас адамға жақын екен?» деп сұрағанда: «Әрине, жалындаған жастық шаққа жетер жоқ. Бірақ ұрпағың өсіп, жапырағың жайылып, ақсақалдыққа жеткенде 70 деген жастың орны бөлек екен. Себебі араласатын ортаң болады. Әзіл-қалжыңы жарасқан құрдастарың, әріптес, қызметтес достарың бар. Алдыңда ақылдасатын ағалар, артыңда ақыл-кеңес сұрайтын інілер бар. Қоғамнан да тыс қалмайсың. Кәрі де емес, жас та емес, бір тоқмейілсіп жүретін мамыражай кезең екен» деген ел арасында жағымды бір әңгіме айтылады. Сондай бір белеске шығып, жетпістің желкенін көтерген Мейрамбай Әскербайұлы Ораловты мерейлі жасымен құттықтаймыз!
Мейрамбай Әскербайұлы Оралов 1956 жылдың 30 сәуірінде Ақмола қаласында дүниеге келген. Бұл – соғыстан кейін ел еңсесін тіктей бастаған уақыт. Бүкіл халық соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге жұмылған. Қалада да, далада да қайнаған қызу еңбек. Қиындықта шыңдалған ересектермен қатар жастар да өздері қалаған салада мамандығын игеріп, еңбек жолын бастаған. Солардың бел ортасында Мейрамбай да қарапайым жұмысшыдан бастап шыңдалып шығады. Жасынан еңбекқор, білімге құштар жас жігіт әсіресе техника мамандығын меңгеруді, инженер болуды мақсат етеді. Сөйтіп Целиноград қаласындағы инженер-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдап, өндіріс және жол құрылысы инженерлігі саласында еңбек етеді. Еңбек жолын ГСКБ-ЛЭТ мекемесінде инженер-конструктор боп бастап, бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі. Әрине, техника саласы нақтылықты, ұқыптылықты, біліктілікті қажет ететінін ескерсек, оған деген көзқарас та жауаптылықты талап етеді. Әрбір техниканың тоқтаусыз әрі өнімді жұмыс істеуі оның техникалық жағдайына байланысты. Ақауы болса дер кезінде жөндеп, ауыстыратын қосалқы бөлшектерін ұдайы қадағалап, запаста ұстап отыру да инженер-механиктің іскерлігін көрсетеді. «Өндіріс кідіргісіз жұмыс істеуі керек» деген ұстанымды әрдайым алға қоятын, күш-жігерін, білімін сарқа жұмсап, үнемі алдыңғы шептен көрінетін Мейрамбай бірге жұмыс істейтін ұжымы мен әріптестерін де ортақ іске жұмылдыра білді. Ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Жол құрылысы машиналарының тетігін бүге-шігесіне дейін білетін Мәкең талай қиын кездерден жол тауып кететін. Оның іскерлігі мен біліктілігі тұрмыстық жөндеу техникаларын ЦГП столяр, техникалық эрозияға қарсы мамандандырылған құрастыру бюросында бас инженер болғанда, «Ремстройхлеб» акционерлік қоғамында жетекші болғанда, сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі ассоциацияның директоры лауазымында қызмет атқарғанда ерекше көрінді. 1986 жылы ғылым мен техника саласындағы жетістіктері үшін «Республика комсомолы сыйлығының лауреаты» атанды. Бұл отызға жаңа толған жас маман үшін зор жетістік, үлкен құрмет еді.
Өз саласының майталманы Мейрамбай Әскербайұлы қоғамның саяси өміріне де белсене атсалысты. Қоғам тынысын дөп басып, жан-жақты саралай білетін саясаткер ретінде танылды. Астана қаласы мәслихатының үшінші (2003-2007 жж.), төртінші, бесінші шақырылымдарында депутат болып сайланып, бюджет, экономика және кәсіпкерлік саласында тұрақты комиссияның мүшесі ретінде маңызды шешімдер қабылдауға атсалысты. Сондай-ақ Сарыарқа ауданының және Астана қалалық «Атамекен» партиясы филиалында басшылық қызметтер атқарып, ел бірлігі мен қоғам дамуына зор үлес қосты. Астана қаласы әкімдігіне қарасты тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау директоры қызметін атқарып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде өз позициясын берік ұстанған ұлтжанды азамат екенін байқатты. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Ауыл» партиясы атынан кандидат, одан соң Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі ассоциацияның директоры болды. «Істеп жүрген жұмысыңнан бақыт табам десең, оның үш шартын орындау керек: бірінші – атқаруға тиісті жұмысқа шамаң келетін болсын, екінші – ол жұмысты шектен тыс ауырламайтын бол, үшінші – істеген жұмыстың қорытындысы болсын» деген Джон Рёскин. Қандай жұмыс атқарса да, оның нақты нәтижесіне жете білетін Мейрамбай Әскербайұлының еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» орденімен, көптеген төсбелгімен марапатталды.
Ресми марапаттардан да бағалы нәрсе – ел құрметі, отбасы ынтымағы, ағайындар татулығы, ұрпақ жалғастығы, достар сыйластығы деген жазылмаған қағидалар бар. Мәкең – жүзі жарқын, көңілі тоқ азамат. Досқа да, дұшпанға да тіке қарай алатын адал адам. Рухани тірек болатын басты байлығы да осы. «Жетпістің көтеріп желкенін шығыпсыз бір белеске, отбасы, ағайын, достармен мерейтойды тойлау да бір ғанибет емес пе?!» дей отырып, біз Мейрамбай Әскербайұлына зор денсаулық, күш-қайрат, отбасының амандығын, сергек көңіл, серпінді өмір сүру салтымен 100 жасаңыз деп тілейміз!
Қарлығаш ҚҰСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қалалық Ардагерлер кеңесі
медиатобының мүшесі



