Ұлы мерекені ұлықтаған жарыс
Республика күніне орай және мәслихаттардың 30 жылдығы аясында Астана қалалық мәслихатының қолдауы, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд жарысы өтті.
Жалпы жүлде қоры 1 миллион 900 мың теңгені құрайтын, биыл дәстүрлі түрде үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік бастаған иісі қазаққа танымал ақын-жазушылар, ардагер журналистер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық артисі Секен Тұрысбеков сынды өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов барша отандастарды ұлтымыздың ұлық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, бұл күннің еліміз үшін маңызы айрықша екенін дәйекті дәлелмен атап өтті. «Биыл Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдасытырылды. Соның бірі «Elorda Aqparat» медиахолдингі дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан бильярд турнирі, бүгін міне, Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан да қатысушыларға мәслихаттардың 30 жылдығымен байланыстырып арнайы жүлделер де тағайындадық» деп өз сөзін түйіндеген ол арнайы марапаттарды өз қолымен тапсырды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы номинация – Мемлекеттік сыйлық пен Франц Кафка атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдікке берілді; Әлкей Марғұлан атындағы номинация – жазушы Қойшығара Салғараұлына; Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы номинация – Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевқа; Қаныш Сәтбаев атындағы номинация Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижановқа табысталды.
Жарыстың бас төрешісі белгілі спорт журналисі Несiп Жүнicбайұлы болды. Қатысушыларға қомақты жүлдеден бөлек, арнаулы сыйлықтар таратылды. Жереби тарту әдісімен 32 ойыншы топқа бөлініп, бәсекеге түскен бұл жарыста ақын Дәулеткерей Кәпұлы топ жарып, бас бәйгеге тігілген 500 мың теңгені қанжығасына байласа, екінші орын ардагер журналист, ақын Тұрмағанбет Ердешұлына бұйырды. Үшінші орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің баспасөз орталығының жетекшісі Ербол Ерденбек пен «Хабар» арнасының қызметкері Ахмет Қайратұлы өзара бөлісті.
Үздік ойын көрсеткен «Мәдениетті ойыншы» номинациясы қоғам қайраткері Дархан Мыңбайға, «Мерген ойыншы» Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанға, «Шебер ойыншы» номинациясы ардагер журналист Кенже Жұмағұловқа, «Үздік ойыншы» номинациясы Талғат Ешенұлына бұйырды. «Астана ақшамы» газетінің бір жылдық тегін жазылымы турнирде үздік ойын көрсеткені үшін Несіп Жүнісбайұлына, «Вечерняя Астана» газетінің бір жылдық тегін жазылымы Аяған Сандыбайұлына табысталды. Сонымен қатар номинанттар Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл медалімен марапатталды.
– Республика күнінің осындай дәрежеде тойлануы шын мәнінде біздің егемендікке деген құрметімізді білдірсе керек. Осы мерекеге орай «Elorda Aqparat» медиахолдингінің журналистер мен қаламгерлер арасында өткізген турнирде жеңімпаз атанып жатырмын. Шын мәнінде осындай жарыстарды ұйымдастырып тұру қаламгерлерді, ардагерлер мен жастарды жақындастырады. Өйткені мұнда жеңу мен жеңілу мәселесі емес, керісінше ұрпақ сабақтастығының көрінісі алға шығады, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
– Бұл турнирді осыдан 3 жыл бұрын «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері шыға бастағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырған болатынбыз. Қаламгерлер, журналистер бұл турнирге айрықша ықылас танытты. Өйткені бұл жарыс қаламгерлердің, журналистердің өзара пікір алмасатын, сырласып, әңгімелесетін тамаша алаңға айналды. Сосын да биыл 3-кезек өткізіліп отыр. Биылғы жарыстың Республика күніне және Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығына орай өткізілуі бұл турнирдің тұғырын тіпті биіктете түсті. Осы орайда бізге қуатты қолдау көрсеткен қалалық мәслихатқа және барлық қатысушыларға айрықша алғыс айтамын, – деді жарыс соңында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек.
…Отбасы, отанымыз аман болсын,
Қиындық халық көрген тамам болсын.
Ұрпақ үшін кәдімгі қой үстіне,
Бозторғай жұмыртқалар заман болсын, – деп абыз ақсақал Қойшығара Салғараұлы бата берген бұл мағыналы басқосуға, берекелі жарысқа барлық қатысушылар дән риза боп тарасты.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ