Құқық

Тәулік тыныштығын күзеткен

Елордалық полицейлер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етеді. Сондай жанның бірі – Жедел басқару орталығының аға инспекторы Бекзат Бексаринов.

Бекзаттың ішкі істер органдарындағы қызметі патрульдік полиция полкінде басталған. Нақты жедел жағдайларда жұмыс істеудің маңызды тәжірибесін жинақтаған ол 2022 жылдан бастап Жедел басқару орталығында қызмет атқарады. Аталған орталық – полиция күштері мен құралдарын үйлестіруді қамтамасыз ететін маңызды бөлімшелердің бірі. Мұнда тәулік бойы оқиғалар туралы хабарламалар қабылданып, өңделеді, бейнебақылау жүйелері арқылы жағдайға мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ полиция жасақтарын жедел басқару және төтенше қызметтермен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.

Аға инспектордың қызметі ауысым кестесі бойынша ұйымдастырылған. Күндізгі ауысым сағат 09:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде хабарламалар қабылданып, келіп түскен ақпараттар талданады, полиция жасақтарының әрекеті үйлестіріліп, тапсырмалар бөлінеді және олардың орындалуы бақыланады. Ал түнгі ауысым 20:00-ден 09:00-ге дейін өтеді.

Жедел басқару орталығындағы қызмет жоғары жеке және кәсіби қасиеттерді талап етеді. Яғни зейінді, сабырлы, жедел шешім қабылдай білетін әрі міндетті жағдайда тиімді әрекет ете алу қажет. Орталық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында оқиғаларға дер кезінде әрекет жасалып, құқық бұзушылықтар «ізін суытпай» ашылады.

Қызметтен тыс уақытта Бекзат Бексаринов белсенді өмір салтын ұстанады екен. Ол автомобиль тақырыбына қызығып, олардың техникалық қырын зерттейді және экстремалды автожарыстарға әуес. Сонымен қатар футболмен айналысып, жақсы дене дайындығын сақтайды.

– Кәсіби дамуымды жалғастырып, білігімді арттырып, заманауи технологияларды меңгергім келеді. Қызметіме қатысты дағдыларды одан әрі жетілдіруді көздеймін, – дейді аға инспектор.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button