Таза Қазақстан – жаңа Конституцияның негізгі қағидаты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді. Онда өңірлерде тиісті Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Мобильді экортрак деген не?
«Баршаңызға мәлім, «Таза Қазақстан» ұғымы жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының біріне айналды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген қамқорлық құндылықтары басым міндеттер ретінде айқындалып отыр. Бұған дейін бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелген» деп атап өтті жиында Олжас Бектенов.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисте экологиялық акцияларға 146 мың адам қатысқанын мысалға келтірді. Әкімнің айтуынша, 126 жерде 7 жалпықалалық сенбілік өткізіліп, 18 мың текше метр қалдық шығарылған. Биылғы сәуір айынан бастап қалада санитарлық күтімнің «Бір аудан – қасбеттен қасбетке дейін бір мердігер» атты жаңа моделі енгізілді. Бұл тәсіл аумақты жинау, қадағалау сапасын және тұрғындардың өтініштеріне жауап берудің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. «Көгалдандыру аясында 1,4 млн-нан астам жасыл желек отырғызылды. Қаланың сәндік-гүлді безендірілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдан бастап гүлмен көгалдандыру алаңы екі есеге, яғни 450 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Сонымен қатар, биыл экологиялық тәжірибелер мен қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттайтын алғашқы мобильді экотрак іске қосылды. Экотрак спорттық және мәдени іс-шараларда белсенді қолданылып, қатысушылар мен қонақтарды экологиялық бастамаларға тартуға ықпал етеді» деді Д.Сатыбалды.
Бектенов әкімдерге қандай тапсырма берді?
Алматы облысында экологиялық іс-шараларға 271 мыңнан астам адам қатысып, 98,1 мың ағаш отырғызылып, 6,4 мың тонна қалдық жиналған. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Барыс» және «Көшпенділер» экопарктерінің жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. «Қарасай ауданында қуаты 450 мың тонна болатын Kaz Waste Conversion қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысы жалғасуда. Freedom Holding компаниясымен бірлесіп туристік инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде: Қонаев қаласында ұзындығы 1 шақырым жағажай жаңартылды, коммуналдық жағажайларда да жұмыстар жалғасуда, сондай-ақ Кеген ауданының «Көлсай көлдері» табиғи паркінің, Райымбек ауданының «Тас Төбе» жотасының, «Тұзкөл» көлінің және Қаскелең өзенінің бойындағы аумақтарды абаттандыру бойынша жобалар жүзеге асырылуда» деді өңір әкімі.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, осы өңірде 200 мың ағаш отырғызылып, 395 бейнебақылау камерасы орнатылған. 1482 көппәтерлі тұрғын үйлерде суды есепке алу құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, 26 шақырым веложол салынған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын 300 фандомат және электромобильдерді зарядтауға арналған 8 станса орнатылыпты. Өңір басшысы 2025 жылы демеушілер есебінен 13 саябақ пен гүлзар салынғанын, биыл тағы 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын баяндады.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында қабылданып жатқан іс-шаралардың тиімділігін айқындау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 5 негізгі көрсеткіш аясында «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша өңірлердің пилоттық рейтингін жасағаны мәлім болды. Онда халықты қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және таысмалдау қызметімен қамту деңгейі, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының үлесі, халықты экологиялық акциялармен қамту үлесі және TazaQazBot жүйесі арқылы түскен өтінімдердің орындалу деңгейі ескерілген. Премьер-министр Олжас Бектенов барлық өңір әкімдіктеріне Президент бастамасын жүзеге асыру тиімділігін арттырып, әрбір бағыт бойынша көрсеткіштерді жақсарту үшін тиісті іс-шаралар қабылдауды тапсырды.
Еріктілер саны – 300 мың адам
Жиында волонтерлер қозғалысын қолдау мәселелері қаралды. «Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы деп жарияланды. Жаңа Конституцияда волонтерлер қозғалысын азаматтық қоғамның маңызды құрамдас бөлігі ретінде тани отырып, мемлекетке еріктілерді қолдау міндеті жүктелді. Бүгінде волонтерлік қозғалыс экологиялық мәселелерді шешу мен табиғи байлықты сақтауда мыңдаған нағыз жанашыр азаматтарды біріктіре отырып, «Таза Қазақстан» бастамасының басты күшіне айналды. Бұл жан-жақты мемлекеттік қолдауға мұқтаж волонтерлік қозғалыстың жоғары әлеуеті мен тиімділігін көрсетеді» деп мәлімдеді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда елімізде 810 ұйым мен 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді, белсенді еріктілер саны 300 мың адамға жетті. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әрбір үшінші қазақстандық осындай бастамаларға қатысатынын тілге тиек етті. Экологиялық волонтерлік «Таза Қазақстан» шеңберінде жыл сайын шамамен 800 мың волонтердің басын қосады. Қозғалысты одан әрі дамыту үшін 56 жоба мен 60 шағын грант жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Тиісті тұжырымдаманы қалыптастыру, волонтердің цифрлық төлқұжатын енгізу, волонтерлерді ынталандыру және әлеуметтік қорғау сияқты жаңа тәсілдер пысықталып жатқаны мәлім болды.
Тарихи-мәдени мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының бастамасы аясында екінші жыл қатарынан тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру бойынша «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы жүзеге асырылуда. Еліміздің барлық өңірлерінде әр аймақта 1 мыңнан астам адамның қатысуымен еріктілер клубтары құрылды. Еріктілер қоғамдық кеңістікті қалпына келтіруге қатысады, қоғамда қоршаған ортаға және қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады. Отырыста Мәдениет және ақпарат министрлігіне Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе отырып, еріктілер қозғалысын кешенді мемлекеттік қолдау іс-шараларын, соның ішінде заңнамалық деңгейде, қалыптастыру тапсырылды.
Экотуризм қай бағытта дамиды?
Үкімет отырысында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 30,9 млн гектарды құрайды. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында 179 туристік бағдар және 42 соқпақ жол бар. Ұлттық табиғи саябақтарға баратын адамдардың саны 2023 жылғы 2,4 млн-нан 2025 жылы 3,7 млн-ға дейін өсті.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда ұлттық парктерді дамытуға салынған жалпы инвестиция көлемі 16 млрд теңгеге дейін жеткен. Құзырлы министрлік басшысы еліміздегі экотуризмді дамыту жобаларына кеңінен тоқталды. Негізгі жұмыстар Іле-Алатауы паркінде, сондай-ақ «Алтын-Емел» мен «Шарын» парктерінің аумақтарында жүргізілуде. «Таза туризм» бағдарламасы аясында саябақтарда ақпараттық баннерлер, қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлер, қайта өңделген пластиктен жасалған эколавкалар қойылған, парк аумағына баратын адамдарға биологиялық ыдырайтын пакеттер беріледі.
Ұлттық саябақтарға бару процесін цифрландыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Барлық ұлттық парктер банктік сервистер арқылы онлайн төлем жүйесіне қосылған, сондай-ақ парктердің сайттарында төлем жасауға арналған QR-кодтар бар. 5 ұлттық саябақта өз қаражаты есебінен 9 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылған. Бұл туристер үшін саябаққа баруды анағұрлым ыңғайлы етеді, ал ұлттық парктерге келушілер мен түсімдерді есепке алудың ашықтығын арттырады.
Экотуризм әлеуеті жоғары ел
Премьер-министр Олжас Бектенов экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын экотуризмді жүйелі түрде дамыту қажеттігіне назар аударды. Қазіргі таңда экотуризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып саналады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2034 жылға қарай әлемдік экологиялық туризм нарығы 660 млрд. АҚШ долларынан асуы мүмкін. Қазақстан экотуризмді дамыту бойынша жоғары әлеуетке ие, бірегей табиғи нысандар – Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Алтын-Емел, Іле-Алатауы ұлттық парктері және басқа да керемет көрікті жерлер бар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне аумақтардың ластануына жол бермеу іс-шараларын күшейтіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қалдықтарды тиімді басқаруды ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ қорғалатын табиғи аумақтардағы туристік қызметтен түсетін кірістерді туристік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде экологиялық соқпақ жолдарды, демалу орындарын және өзге де нысандарды абаттандыруға бағыттау міндеті қойылды.
Премьер-министр ұлттық табиғи парктер аумағында қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының баяу қарқынын сынға алды. «Экология министрі Іле-Алатауы, Алтын-Емел және Шарын ұлттық парктерін абаттандыру бойынша есеп бергенімен, бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Содан бері айтарлықтай нәтижелер байқалмайды. Нұрлыбек Машбекұлына Министрлікпен және өңір әкімдерімен бірлесіп, табиғи парктерді абаттандыру ісіне ірі бизнесті тарту мәселесі бойынша келіссөздер өткізуді тапсырамын. Бірыңғай дизайн-кодты және тиісті жұмыс кестелерін бекіту қажет. Осы жылдың маусым айында өтетін Орталықтың келесі отырысында есеп беріңіздер» деп тапсырма берді Олжас Бектенов.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



