Басты ақпаратРуханият

Мыңжылдықтар игілігі

Ұлы даланың дархандықпен жаратылған төрт құбыласы сай дарабозы, алтын дауысы, елұранындай аталы сөздер мен лағыл сырлардың оман дариясы, жауһар көңіл кеніші Олжас аға Сүлейменов тоқсанның төріне шыққанда өзімнің жадымда жатталған көркемсуреттей әсерлеріммен бөліссем деймін.

1968 жылдың 4 ақпанынан бастап КазГУ-дің филология факультетінде оқуды сырттай бөлімнен ауысып, стационарлық бөлімде оқуды жалғастырдым. Мәметова көшесінің Фурманов көшесімен қиылысында, «Октябрь» кинотеатрының қарсысында жерге батып кеткен лашықта (от жағатын пештің қасында) 2 студент жаттық. Бірде Фурманов көшесімен өрлеп университетке келе жатқанда газет-журналдар дүңгіршегінен бұрын естіп-көрмеген «Вечерняя Алма-Ата» газетін сатып алып қарасам, жақын арада Қазақ ССР Ғылым академиясының Жалпы сессиясы болады екен. Айы, күні, сағаты нақты көрсетілген. Қуанғаным соншалық, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланды көру арманым еді. Өйткені «Білім және еңбек» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінен аңыз ғұламаның мақалаларын оқып тұрушы едім. Бұған қоса ел ішінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан туралы әсерлі әңгімелер айтылатын-ды.

Сонымен не керек, сессия болатын күні академияға келдім. Мүйізі қарағайдай академиктердің ортасынан кесек тұлғалы, ай маңдайлы Ә.Х.Марғұланды сыртынан тамашалап тұрғанда, бір мезетте самырсындай сымбатты, шыңға біткен алтын шынардай тіп-тік Олжас Сүлейменов аршындай басып, атандай алшаңдап Әлекеңмен сұңқарша саңқылдап амандасты.

Әлкей Хақанұлы жалынды жас ақынның иығынан мығымдап ұстап, оның құлындай сұлу мүсінін бастан-аяқ сыншыл көзқараспен, талғампаздықпен сүзіп-тексеріп шықты.

О кезде мұнда не сыр бар екенін жете түсінгенім жоқ.

Дегенмен де осы бір сұлу көрініс көңіл айнасында сәуле түсіргені анық еді.

1975 жылдың жазында Ғылым академиясының қабырғасында ақын Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» дейтін ғажап кітабы шығыпты деген күннің күркірегеніндей жаңалық желдей есті де, артынша кітап дүкендерінен тегіс жиналып, тыйым салыныпты дейтін жаманат хабар өртше лаулап, өршеленіп тарады. Сол бір күндерде Қазақ ССР Ғылым Академиясы Биология ғылымдары Бөлімшесінің академик-хатшысы Темірбай Дарханбаев (1910-1987) көлігіне мені мінгізіп алды да, Алматы қаласындағы ірі кітап дүкендерін аралап, ««Аз и Я» -ны таба алмай діңкеміз құрып, үмітіміз өшіп, бір уақытта қазіргі Төле би мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысындағы «Медицина» атты дүңгіршекке бас сұғып, ««Аз и Я»-ны сұрағанымызда бар-жоғы 2 дана қалған екен. Құдайдың дес берісі, солар біздерге бұйырды-ау!

Менің қолымда өртенуге кеткен «Аз и Я»-ның данасы. Олжас ағамызға 1989 жылы осы «Аз и Я»-ны көрсеткенле жаны жадырап, қанаттанып, 4 жасар үлыма лебізін жазып берген-ді.

Дәуір дауылпазы Олжас Сүлейменов Қызыл Империяның қызылкөздерінің қанын қыздырып, мөңкітіп-тулатқан, олардың жүзжылдықтар бойы әбден қалыптасқан талғам-түсініктерін мейлінше зерделілікпен, әділетті ұстанымдармен, таза пайымдаулармен байытқан «Аз и Я» еңбегі көне славян жәдігері, «орыстың тілі мен сөйлеу парасатының оқулығы», «Игорь жасағы туралы жыр» мен б.з.д. төртінші мыңжылдықта дәурендеген шумер-түрік тілдері байланыстарын тарихи-филологиялық, текстологиялық тұрғыдан көшелі талдауға негізделген.

Алдымен, «поэзия тарихтан тереңірек» деп, Аристотель айтқандай, ерен ақынның сұңғыла суреткерлік қабілеті, сыншылдық, ойшылдық көзқарасы, тарихшылдығы мен лингвистикалық өресі «Игорь жасағы туралы жырдың» табиғатын, тілдік және көркемдік құрылымын, этимологиясын, текстологиясын, поэтикасын, сөз қолдану ерекшеліктерін айқындау барысында жанды пікірлер өрбітеді.

«Жырдың» көркемдік мазмұнын, тарихи дәуірін тамыршыдай білгірлік, жүйріктік танытқан О.Сүлейменовтің көрсетуінше, 2800 сөз бар екен. Және де «Жырды» көне орыс тілінен ондаған оқымыстылар мен жазушылар тәржімалаған, көшірген. Сондықтан стильдік, тілдік, шеберлік жағынан қисынды, қисынсыз әр алуандылық туындайтыны даусыз. «Біз «Жырды» екі дәуірдің – ХІІ және XVI ғасырлар тілі мен поэзисының ескерткіші деп санауға толық хақымыз бар» деген сындарлы пікір айтады.

Тілдің энергиясын, гармониясын, стилистикасын, философиясын жіті ұғынған Олжас Сүлейменов 1) жырдың көмескілігін; 2) жазу ережесі сақталмағанын: не жол белгілері, не сөз даралығы, айқындығы, 3) басқа тілден енген атауды үндестігіне орай ана тілінің сөзімен қабыстыру; 4) ой бағдарын түсінбеу яғни көркем ойлау заңдылықтарын сақтамау; 5) шығарманың шынайы контекстіне сөзді дұрыс пайдаланбау. Мінеки, осындай көркемдік шарттар мен қағидаттарды ұстанған ой мен сөз ұстасы А.И:Мусин – Пушкин мен Шербатовтардың қайшылықты қисынсыздықтарын нақты көрсеткен: талғамсыздық, грамматикалық селкеуліктер, жалған сарындар мен теңеулер, сөздерді теріс жіктеу. Мысалы: «оттвориша», «русский» (Мусин-Пушкин).

Әлденеше құпия шытырмандарға толы тарихи жылнамаларды көшіру де қиямет-қайым. Сондықтан да көшірмеші әрі белсенді түсіндіруші, әрі редактор, әрі қосалқы автор деп түсіндіреді Олжас Омарұлы Сүлейменов.

«Аз и Я»-ның авторы «Тасада қалған түрік сөздерін» бажайлап көрсеткенде, ең алдымен, орыс ақыны Сергей Марковтың:

Игорь жасағы туралы ұлы жырда,

Славян жазуына

Қыпшақ сөздері

Шырмауықтай оралған –

дейтін өркениетті ұсыныстай шумағын келтіреді де, буйтур, батур, боотур, богатур, богатырь сөз-ұғымдарын тізіп, Мусин-Пушкин қолжазбасындағы буй – тағы, жабайы; тур – өгіз, бұқа сөздерге жүгінеді.

Я болмаса «дебр-қисан» (темір кісен), «сегіз ойлы» («осмомысл», «восьмигранный», «восьмиугольный»).

ХІІІ ғасырда Мажарстанда қыпшақтардың бекініс-қалалары «Дебрь-кент», «Дебр-кен», «Темер-кен» («Темір қала») деп аталған. (Ю.Немет. Два кипчакских географических названия в Венгрии. – В.сб.: Исследования по тюркологии. – Алма-Ата, 1969. С.23-26).

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде де «Темір қақпа» атауы сақталған.

Тегінде, «Аз и Я»-ның туындыгері «Игорь жасағы туралы жырдың» тарихнамасын (жариялану, көшірмелер жайы, зерттелу тарихы дегендей) түбегейлеп, мұқият тәптіштеген, тәпсірлеген.

Мәселен, 1964 жылы Қазақ ССР ҒА Орталық ғылыми кітапханасынан 1890 жылғы «Вриений жылнамасын» тауып алғанын және «Татищев» жылнамасы «Осыншалық аумақты жалған жазбаның салиқалы құжаттар тізіміне енуіне не делік?» деп өкінеді. Өйткені «Императорлық Ресейдің Бас тарихшысы» Татищевтің былықтарына сүйенгендіктен жаңсақ жолға түскеніне қынжылады.

Игорьдің сипаттамасына байланысты Л.Н.Гумилевтің күмәнданғанын әділетті санайды.

Олжас Сүлейменов «өз пікіріне өзі табынғандарға», өрекпіген даңққұмар дәлелсіз сөйлейтіндерге, тарысы піскен күмпигендерге сес көрсетеді.

Ол Г.Н.Потаниннің «Орта ғасырдағы Еуропалық эпостағы Шығыс сарыны» (М., 1899), М.И.Артамоновтың «Хазарлар тарихы» (М., 1962), Ф.П.Сороколетовтың «История военной лексики в русском языке» (Л., 1970) атты еңбектеріне және славист В.А.Пархоменконың «Жылнамалардағы қыпшақ эпосының іздері» дейтін мақаласындағы ой-тұжырымдарға ден қояды.

Озат ойлы О.Сүлейменовтің баға жетпес үздік тұжырымдарына ортақтасайық:

а) «Жырдың» беймәлім авторы түркі сөздерін, атауларын, сөз тіркестерін шынайы қолданған. «Ол шығармасын ХІІ ғасырдың екі тілді оқырманына арнаған!».

ә) «ХІІ ғасырдағы түркі тілі кінәздар сарайларындағы ғана емес, сауда және соғыс ісіне араласып отырды».

б) «Киев кінәздәрінің жасақтарының біразын түркілер құрды».

в) «Тіпті қайта көшірілген кезде аман қалған түркі сөздерінің өзі «Жырға» бір тостаған Днепр суына Басқұншақ тұзының бір шөкімін ерітіп ішкізгендей ерекше нәр беріп тұр емес пе!?».

Славяндар дала тайпаларымен қатар ғұмыр кешкендіктен олар түрік тілінің диалектілік-ерекшеліктерін сақтаған.

«1185 жылы Ипатьев жылнамасында Игорьге қарсы соғысқа қатынасқан қыпшақ рулары «И токсобичи, и етебичи, и тертробичи, и колобичи» делініп саналады.

Мен оларды токсоба («тоғыз үй»), «етіоба» («жеті үй»), төрт оба («төрт үй»), колоба («бес үй») деп қалпына келтіремін».

Түрік этнонимдері, тайпа таңбалары, Мысыр мәмлүктері, қыпшақ ғұламалары (Әл-Фараби, Исқақ-әл-Отырари, Ысмайыл, Әл-Жауһари, Жамал әл-Сығанақи, әл-Қыпшақи) жайында «Аз и Я» кітабында деректер бар.

Шыңғысхан дәуірінен кейін қыруар түріктің ру-тайпалары Мажарстанға, Қап тауларына шейін жайылған.

Теңдессіз ақындық алғырлығы, тапқырлығы, лидерлік-стратегтік тұлғасы, отаншылдық рухы, асқақ патриоттық сезімі терең, көркемдік ойлау жүйесі мінсіз Олжас Сүлейменов б.з.д. төртінші мыңжылдықта пайда болған шумер тілінің лексикасы (түрік лексикасымен салыстырудың мәнісі), фонетикалық құрылымы (дауысты-дауыссыз дыбыстардың реті), морфологиясы, этимологиясы нақтылы мысалдармен дәлелденеді. Асылында, «тарихи дерек – дәуір мәйегі».

Олжас Сүлейменов Шумер өркениетінің жазу тарихын бажайлап зерделеу барысында шумер сөздік-лұғаттық қорынан ерекше 60 сөзді (шумер есебінің ең бір жоғары математикалық өлшемі) таңдап алып, түркі лексикасымен салыстырудың кестесін білімпаздықпен жасап шығарған. Мәселен: Ада-әке; Ту-туу; Тир (тил, ти) – өмір; Ерен-сарбаз, қызметші; Емек-тіл; Бильга – ата-баба; ме – мен; тингир, тигир – тенгиз; кен – кең; узук – ұзын, биік және т.с.с. Бұлардың барлығы түркі тілінде де қолданыста бар екендігін көрсеткен.

Мыңжылдықтардың даусын естігендей күй кешкен, рухын, сырын, өнерін тірілткен Олжас Сүлейменов «шумерлік таңбаның даналығы қайран қалдырады» деп тебіренеді. Шумер дегеніміз «Суб-йер» (Су-Жер). Нағыз Елтаңбаның көрсеткіштері. Су мен Жер – елдің, халықтың тағдыры, рухани көркеюінің кепілі.

Түркітанушы Олжас Сүлейменов б.з.д. IV мыңжылдықта түркінің көне тілінде он мыңдай сөз болған деп шамалайды. Сондай-ақ шумер-түркі ара-қатынасы, мәдени-рухани туыстығы, шумерлердің жерлеу ғұрпы, үндіеуропалық тіл білімі мен Орхон-Енисей түркі жазба ескерткіштерінің тарихы, Ассирия-Вавилон өркениеті, түркі жұрттарының Ұлы көші лингвистикалық, палеографиялық, тарихи-этнографиялық, өнертанушылық, археологиялық, географиялық тұрғыдан кешенді түрде мұқият сипатталады.

Асылдардың асылы, заманымыздың абызы Олжас аға Сүлейменовтің білімді, мәдениетті, есті оқырмандардың алдында тауда ойнаған тағыдай шиыршық атып, толқындатып-жалындатып оқыған отты жырлары мен ойлы сөздерін сан мәрте тыңдадым.

Сұңқардай саңқылдаған даусында сыршылдық та, ойшылдық та, тапқырлық та, шеберлік те шұғыладай өріліп, ақындық даналықтың рухани кеңістігін мәлімдеуші еді.

Шумер өркениетінен, Орхон-Енисей түркі жазба ескерткіштерінен, Дешті-Қыпшақ заманынан сыр толғаған отантанушы, елтанушы, мәдениеттанушы, тілтанушы, көсемсөзші Олжас Сүлейменовтың «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатайық!»; «Халқым, Абылай мен Абайдың тағылымын ұмытпа!» дегені ел өмірінің жұлдызнамасындай деуге болады.

СЕРІК НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button