Батыр бейнесі сахналанды

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай, Астана қаласының Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасын кезекті рет ұсынды.
«Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасы – адамзат тарихындағы ең ауыр Екінші дүниежүзі соғысы жылдарындағы қасірет пен ерліктің, ар-намыстың және отансүйгіштіктің көркем шежіресі. Туындыда, даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қайраткерлік тұлғасы, жауынгерлік рухы, әділет пен адамгершілікке деген биік мұраты сахналық тілмен бейнеленді.
Деректі драма жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, адалдық, намысшылдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіретін, шынайы батырлықтың бейнесін көрсететін көркем туынды.
Қойылымның мақсаты – ұлт тарихын танудың және ұлы тұлғалардан тағылым алудың жарқын үлгісін дәріптеу.
«Іс-шара – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырылды. «Ар адамы. Бауыржан» атты спектакль ерекше сахналанды. Көрермендер де дән риза болды. Қоюшы режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері – Жұлдызбек Жұманбай, Авторы – Бақытбек Қадыр. Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі бейнесін дарынды актер – Әмірхан Оразбақ, ал зейнеткерлік шағын Мәдениет саласының үздігі – Айбол Шәкіржанов сомдады. Биыл екінші рет сахналанып отыр. Аңыз адам, батыр Бауыржан Момышұлының балалық шағы, соғыстағы ерліктері, өмірлік ұстанымы көрсетілді, – деді Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының ұйымдастыру бөлімінің менеджері Нұрғабдин Бибісара.
Көрермендер де бұл жолғы батыр бейнесінің сахналануы, 1941-1945 жылдардағы зұлматты соғыс кезеңдердің бейнелеу жөнінде ой бөлісті.
– Біз отбасымызбен келдік. Өз немеремді де алып келдім. Өйткені қазақтан осындай дара тұлға шығып, соғыс кезінде ерлік көрсетуі, әлемді айбынымен тәнті етуі – біз үшін мақтаныш. Сондықтан жас ұрпақ даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы туралы біліп, дәріптеп ұмытпай отыруымыз керек деп санаймыз, – деді зейнеткер Әбдіғали Қайырханов.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ



