Студенттердің қатысуымен оқу-имитациялық сот отырысы өтті

«Заң мен тәртіп» нарративі аясында елордалық «Томирис» медициналық колледжінде студенттердің қатысуымен оқу-имитациялық сот отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты — студенттердің құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ білім алушыларды сот процесінің негіздерімен және заң алдындағы жауапкершілікпен іс жүзінде таныстыру.
Оқу-имитациялық отырыс шынайы сот тәжірибесіне барынша жақындатылған сахналық форматта өтті.
Оқиға желісіне сәйкес, білім беру ұйымының аумағына газды тапанша алып кірді деп айыпталған студентке қатысты шартты қылмыстық іс қаралды.
Сот процесіндегі негізгі рөлдердің барлығын — қорғаушыны, айыпталушыны және процестің басқа да қатысушыларын (судья мен прокурордан басқа) студенттердің өздері орындады.
Іс-шара соңында «Сарайшық» ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Аскаров жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және студенттердің заңға деген құрметін қалыптастыру үшін мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.



