Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Балалар әдебиетін кімдер жазып жүр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген еді. Ал таяуда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» Жарлыққа қол қойды. Бұл қазақ елінің қуана құптаған ісі болды.

Әлеуметтік желілерден аңғарғанымыздай, оқырманның кітап оқуға деген құлшынысы ғажап! Кітапханаға бас сұға қалсаңыз, мектеп жасындағы балалар жиі кездеседі. Қуан­тарлығы да осы. Алайда балалар әдебиетін бүгінгі таңда кімдер жазып жүр, жалпы біз бүгінгі жас оқыр­мандарды қаншалықты қуанта алып жүрміз деген санада тулаған сауалдың жауабын білмек болып жас қаламгер Олжас Қасымға жолыққанбыз.

– Мен үшін балалар әдебиеті – аса жауапты әрі маңызды сала. Себебі бала жүрегіне жол табатын шығарма оның ой-өрісіне, дүниетанымына, мінезіне әсер етеді. Балаларға арналған туынды тек қызықты болып қана қоймай, тәрбиелік мәнге де ие болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан балалар әдебиетінде шынайы­лық, мейірім, тазалық пен ұлттық құндылықтар қатар көрініс табуы қажет. Соңғы уақытта балаларға арналған өлеңдер жинағын дайындап жатырмын. Өлеңдерім арқылы баланың қиялын дамытып, жақсы қасиеттерге баулуды мақсат етемін. Сонымен қатар балалар өмірі туралы хикаят жазуды бастадым. Онда бүгінгі балалардың арманы, дос­тығы, қызығушылығы мен ішкі әлемін көрсетуге тырысамын. Бұдан бөлек, бірнеше әңгіме жаздым. Әңгімелерімде бала психологиясына жақын қарапайым оқиғалар арқылы адамгершілік құндылықтарды жеткізуге көңіл бөлемін. Мектеп оқушыларына арналған көріністерді де жазып жүрмін. Бұл жұмыстарым оқушылардың сахна мәдениетін қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамытуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді.

Жалпы балалар әдебие­тіне қалам тербеу – үлкен жауапкершілік. Ал осы жауапкершілікті мойнына алатын жастар бар ма? Осы сауал төңірегінде өз ойын ортаға салған Олжас Қасым «Қазір жастардан Серікбол Хасан өнімді еңбек етіп келеді. Бірқатар кітабы жарық көрді. «Мазмұндама» баспасының «Ол кім?» сериясы бойынша тұлғалардың өмір жолына арналған еңбектерін оқып жүрміз. Ретбек Мағаз, Асылан ­Тілеген, Елдос Тоқтарбай, Бекзат Құлшар, Салтанат Қайырбек осы жанрда шығармашылық ізденіс жасап жүргені қуантады» деді.

Есімі аталған жастардың ішінде Серікбол Хасанға байланыс жасап, «Балалар әдебиетінде әлі толық жазылмай жүрген тақырыптар қандай?» деп сауал қойғанбыз. Ол:

– Қазіргі балалар әдебиетінде дәстүрлі тәрбие тақырыбы көп. Әрине, бұл да керек. Дегенмен қазіргі балалардың жан күйін, психологиялық иірімдерін қаузайтын шығармалар жоқтың қасы. Сондай-ақ цифрлық дәуірдегі бала тақырыбы да жиі жазылу керек деп ойлаймын. Қазіргі бала смартфон, TikTok, жасанды интеллект ортасында өсіп жатқандықтан, балалар әдебиетінде интернетке деген тәуелділік, виртуалды достық, кибербуллинг, компьютер ойындары әлемі, әлеуметтік желідегі жалғыздық секілді өзекті тақырыптар жиі көтеріліп отырған дұрыс. Сонымен қатар қазір біздің қоғамда климат өзгерісі, урбанизация мәселесі бар. Ауыл мен қала баласының айырмасы туралы да жазу керек. Бұрын ауыл өмірі көп жазылды. Алайда ауылдан қалаға келген бала, қазақ тілді ортадан орыс тілді ортаға қосылған бала, жалпы урбанизация жағдайындағы қазақ баласының болмысы да қаламға арқау болатын тақырыптардың бірі. Экология, соның ішінде су тапшылығы, Кас­пий теңізінің тартылуы, жануарлардың жойылуы секілді тақырыптар көркем әрі қызықты формада жазылса, балалар қызыға оқитын еді. Көп қозғалмайтын тағы бір тақырып – баланың психология­лық әлемі. Қазіргі балалар мазасыздық, жалғыздықты көп сезінеді. Одан бөлек, қоғамда ата-ананың ажырасуы, әкенің не анасының жоғы, ерекше балалар секілді мәселелер тағы бар. Осындай эмоционалдық қысымға ұшыраған балалар не істеу керек? Соларға жауап беретін шығармалар жазылса, көп дүниенің күрмеуі шешілер еді. Қазіргі балалар ғылыми фантастика тақырыбына көп қызығады. Сондықтан балалар әдебиетінде ғарыш, робот, уақыт машинасы, болашақ Қазақстан және жасанды интеллект тақырыптары жиі көтерілуі керек деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақ мифологиясын заманауи форматта жаңғырту да қазақ балалар әдебиетін әлемге танытуға жол ашар еді. Кішкентай оқырмандарға ұлттық тарихты баланың көзімен беру, балаларға арналған тарихи құпияны, көне қолжазба немесе жоғалған кітапты іздеу секілді шытырман оқиғалар керек секілді, – деді.

Сөз арасынан саңылау тауып, «Балалар әдебиеті тек тәрбиелік құрал болып қалмай, баланың қиялын оятатын көркем дүние болуы үшін жазушы нені бірінші орынға қоюы керек?» дегенімізге: «Егер шығарма тәрбие айтуға ғана құрылса, бала оны тез ұмытады. Ал қиялын оятқан дүние оның жадында қалады. Сол себепті балалар қаламгерлері бірнеше нәрсені басты назарда ұстауы керек. Алғашқысы – кейіпкерлер насихат құралына айналмауы керек. Бізде көп шығарма автордың «балаға осы нәрсені айтамын» деген қателігінен басталады. Балаға насихат құпия, тосын түрде берілу керек. Шығармада тосын оқиға, күтпеген шешім болса, оны қызықтыра түседі. Балаға «адал бол» деп тікелей айтқаннан гөрі адалдық үшін қауіпке барған кейіпкердің әрекетін берген әсерлі болады. Біздегі авторлардың тағы бір қателігі баланы төмен көреді. Балаға кішкентай адам ретінде емес, сезімтал, қиялы ұшқыр, әділетті тез сезетін, жалғандықты бірден аңғаратын талғампаз оқырман ретінде қарау керек. Сонда ғана шығарма шынайы шығады және бала оқырманның талғамына сай келеді» дейді Серікбол Хасан.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button