«Үміт» әскери-патриоттық клубы Астананың намысын қорғайды
«Үміт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Астана қаласының намысын «Айбын» халықаралық жиынында қорғайды. Мұндай мүмкіндікке елордалық №115 орта мектептің оқушылары Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасының әскери қызметшілерінің қамқорлығының арқасында ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әскери бөлім мен білім беру мекемесі жасөспірімдерді әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Осы мақсатта құрылған клубта оқушылар әскери-қолданбалы пәндерді меңгеріп, дене дайындығын нығайтып, командалық өзара іс-қимыл дағдыларын дамытып келеді.
– Бірнеше айлық дайындықтың қорытындысы бойынша команда құрамына 15 оқушы іріктелді. Олар «Айбын» халықаралық жастар жиынында Астана қаласының атынан қатысады. Команданы дайындау – жұмысымыздың жалғыз бағыты емес, меморандум басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деп нақтылады Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасының қамтамасыз ету ротасының сержант-нұсқаушысы 3-сыныпты сержант Дидар Жанылхан.
Әскери-патриоттық клубтағы сабақтар оқушылардың нағыз команда болып қалыптасуына ықпал етті. Халықаралық жарыстарға қатысу оларға құнды тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауға ғана емес, сондай-ақ әртүрлі өңірлер мен елдерден келген құрдастарымен танысып, достық қарым-қатынас орнатуға жол ашады.
– Жарысқа күн сайын дайындалып жатырмыз. Бастапқыда қиын болды. Қазір үйреніп, жаттығу ырғағына түстік. Оңай болмайтынын түсінеміз, бірақ жоғары нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – деді №115 мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ахат Жәкенов.
Естеріңізге сала кетейік, XII Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны 21–27 маусым аралығында Ақмола облысының Бурабай курорттық аймағында өтеді. Оған күштік құрылымдардың әскери-патриоттық клубтары, әскери оқу орындарының және Қазақстан өңірлерінің құрама командалары, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген командалар қатысады.



