«Толағай» отбасылық сайысы өтті
Street Life алаңында «Толағай» отбасылық спорт жарыстары өтті. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шараны Алматы ауданы әкімінің аппараты өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спорт іс-шарасына аудан тұрғындары арасында көпбалалы отбасылар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты күшейту.
«Жарысқа Алматы ауданынан 18 көпбалалы отбасы қатысты. Әр команда төрт адамнан – ата-ана мен екі баладан құралды.

Балалар мектеп оқушылары немесе балабақша тәрбиеленушілері болды. Әр команданың өз формасы мен ұраны болды. Сайыс барысында қатысушылар түрлі спорттық эстафеталар мен байқаулардан өтіп, күш-қайратын, ептілігін, төзімділігін және командалық рухын көрсетті. Ең қуаныштысы – ата-аналар мен балалардың бір команда болып, отбасы бірлігінің үлгісін көрсетуі», – деді Алматы ауданы әкімдігі аппараты әлеуметтік бөлімінің бас маманы Аида Меңдібаева.
«Біз кәдімгі отбасы – әке, ана, алты жастағы ұлымыз бен жақында беске толатын қызымыз бар. Отбасылық эстафеталарға екінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Барлығымызға қатты ұнайды. Бұл әрі спорт, әрі отбасы бірлігін нығайтудың жақсы мүмкіндігі», – дейді жарысқа қатысушы Әсел.



