Қала мен сала

«Таза үй – таза ел»

Бас қаладағы «Бұқар жырау» тұрғын үй кешенінің ауласында «Таза үй – таза ел» жобасы аясында іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы су нысандары және қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Жанар Сәдуақасова, Жалпыұлттық социал-­демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров, «Жасыл даму» АҚ қалдықтармен жұмыс істеуді ұйым­дастыру департаментінің менеджері Сәкен Шаймұрат, «Астана қағазы» ЖШС директоры Нұркен Олжабай қатысты.

Іс-шара барысында балалар ­арасында шағын футбол турнирі ұйым­дастырылып, аниматорлар­дың қатысуымен ойын-сауық бағ­дарламасы ұсынылды. Тәттілер таратылып, жарыс жеңімпаздары ­марапатталды.

Қатысушылар балаларды мерекемен құттықтап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау әр тұрғынның күнделікті дағдысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте «Таза үй – таза ел» жобасы аясында аталған тұрғын үй кешеніне картон мен қағаз қалдықтарын сұрыптап тас­тауға арналған тор қойылған. Онда жиналған шикізатты 2-3 күн сайын «Астана қағазы» ЖШС мамандары алып кетеді. Келісі 25 теңгеден есептеледі. Түскен қаражат тұрғын үй ауласын абаттандыруға жұмсалады.

Іс-шара барысында «Таза үй – таза ел» жобасын жүзеге асыруға белсенді үлес қосқаны үшін МИБ төрағасы Ержан Әбдіқалықовқа Нұра ауданы әкімінің алғыс хаты табысталды.

МИБ төрағасының сөзінше, ал­ғашқы айда 1 тонна картон мен қағаз жиналған. Келісі 25 теңгеден есептелгенде 25 мың теңге қаражат түскен. Оның бір бөлігінен салық төленіп, қалған сомасына ауладағы футбол алаңы қақпасының торы сатып алынған.

«Астана қағазы» ЖШС директоры Нұркен Олжабай осы тұрғын үй кешеніндегі картон-қағаздарды, пластиктерді 2-3 күн сайын жинап отыратынын айтады. Оның сөзінше, қазіргі таңда аталған тұрғын үй тұрғындары қағаз қалдықтарын жинап тастауға әдеттеніп келеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button