«Назар аударыңыз! Шағын флот!» акциясы өтуде
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары жыл сайынғы «Назар аударыңыз! Шағын флот!» профилактикалық акциясын өткізуді бастады. Аталған акция ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шағын көлемді кемелердің қатысуымен болатын авариялық жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ су көлігін пайдалану кезінде кеме иелері мен кеме жүргізушілерінің жауапкершілік деңгейін арттыру.
Акция аясында шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге және ішкі су көлігі саласындағы заңнама талаптарының бұзылуының алдын алуға бағытталған. Акция аясында бақылау-қадағалау, профилактикалық және түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі.
Атап айтқанда:
— Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидалары;
— Ішкі су жолдарымен жүзу қағидаларының сақталуына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, шомылу маусымы кезеңінде көліктік бақылау инспекторлары құқық бұзушылықтардың алдын алу және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың жаппай демалу орындары болып табылатын еліміздің негізгі су айдындарында тұрақты негізде болады.
«Назар аударыңыз! Шағын флот!» акциясы 2026 жылға арналған флоттағы авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында өткізіледі.
Бүгінде Қазақстан Республикасында 20 мыңнан астам шағын көлемді кеме тіркелген. Осыған байланысты су көлігін қауіпсіз пайдалану мәселелері Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.



