Құқық

Оқушыларға жол ережелерін қатаң сақтау мәселесі түсіндірілді

Астанада Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Полиция департаментімен және City Transportation Systems ЖШС-мен бірлесіп, мектеп оқушыларына профилактикалық түсіндіру жұмысын өткізді. Бұл жолы іс-шара Н.Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінің 5-6 сынып оқушыларына арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Басты мақсат – оқушылардың жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау дағдыларын қалыптастыру, көшеде және қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық пен жеке жауапкершілікті саналы түрде орнықтыру. Бағдарлама аясында Полиция департаментінің инспекторлары мен СТS қызметкерлері оқушыларға жол қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктегі тәртіп нормаларын жан-жақты түсіндірді.

Үгіт-насихат тобының жетекшісі, аға инспектор Гүлжан Әубәкірова Астана қаласы Полиция департаментінің City Transportation Systems автобус компаниясымен және Білім басқармасымен бірлескен жоспары бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы жоспар аясында өткізілген іс-шаралар «Қауіпсіз жол» деп аталады.

«Бұл шараларда біз балаларға жолды дұрыс кесіп өтуді, автобусты дұрыс пайдалануды үйретеміз. Белгіленген жерден өту, реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері туралы айтамыз. Оқушылардың жол-көлік оқиғаларына қалай түсіп қалатыны туралы бейнероликтер көрсетіп, оны қатысушылармен бірге талдаймыз. Бұдан бөлек, оларды жол үстінде дұрыс емес әрекет жасамауға, яғни жолдың жүріс бөлігінде тәртіпсіздік танытпауға шақырамыз», – деді маман.

Ал City Transportation Systems компаниясы директорының орынбасары Райымбек Қабиболла арнайы жабдықталған автобус ішінде оқушыларға қоғамдық көлікті пайдалану тәртібін іс жүзінде түсіндірді. Ол оқушыларды көлікке дұрыс отыру, жолақыны жол жүру картасын пайдалану арқылы төлеу ережелерімен, сондай-ақ қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау мәдениетімен таныстырды.

«Барлығымыз күнделікті автобусқа мінеміз. Мысалы, қалада шамамен 130 маршрут, 1350 автобус бар. Түсінген адамға бұл – күн сайын шамамен 1 миллион 100 мың жолаушы тасымалданады деген сөз. Оның ішінде ересектер де бар, сіздер сияқты оқушылар да бар, сондай-ақ зейнеткерлер де бар. Сондықтан біздің мақсатымыз – қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті арттыру», – деді ол.

#законипорядок #заңментәртіп

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button