Басты ақпаратРуханият

Ұстаз. Ғалым. Қайраткер

көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбай 85 жаста

…Өзің баспасөз саласында қызметте жүргеннен кейін түрлі дәрежедегі басылымдарды қадағалап оқуды әдетке айналдыратының белгілі. Мен де осындай жандардың қатарындамын.

Бірде Өмірзақ аға Озғанбайдың «Ресейдің Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» кітабы қолыма түсті. Қадағалап оқып шықтым. Бұрын бізге мәлім емес деректер. Ресейдің Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған қазақ зиялыларының есімі, өмір жолы. Апыр-ау, мұны біз кезінде мектеп қабырғасы түгілі, жоғары оқу орнында да білгеніміз жоқ.

Өмірзақ атамен 2013 жылы жүздесудің сәті түсті. Ол кезде өзім республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөнінде қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары деген лауазымды негізгі жұмысыма қосымша атқарушы едім. Осы кезеңде төрағамыз ауысып, ол орынға Маңғыстау облысы ардагерлер ұйымының басшысы Өмірзақ аға сайланған болатын. Арада едәуір уақыт өтті. Бір күні «Сізді төраға шақырады» деген хабар алдым. Өмекеңді өткен жиында бәрімізге таныстырған. Арагідік жүздесіп қаламыз. Сәлемдесіп, жөн сұрасып жатады. Сұңғақ бойлы бойын тік ұстайды. Үнемі жымиып жүреді десем артық айт­қандық емес. Бетінен иманы төгіліп тұратын жан. Белгіленген уақытында бардым. Есік қағып, бөлмеге ендім. Орынбасары Бекболат Мұқышев екеуі отыр екен. Өмекең орнынан тұрып, менімен бұрыннан таныс адамдай емен-жарқын амандасып, қол алыстық. Бәкеңді әлгінде жолықтырған едім. Бірден шаруасын айта бастады. Алдағы жоспарлы төралқа мәжілісінде талқыланатын мәселелерге байланысты әзірленген материалдардың орыс тіліндегі мәтінін қазақшаға аудару қажет екен. Ертеңінде тапсырманы орындап, құжаттарды апарып бердім.

Әдетте, ұжымға жаңа басшы келгенде, жаңа бір серпін пайда болатыны белгілі. Біз осыны анық байқадық. Бұған дейін Өмірзақ аға Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымын 4 жылға жуық басқарған. Оның алдындағы жауапты қызметтерін еске алсақ, негізі 1987 жылы қаланған республикалық ұйымның тізгінін Өмекең қолға алған соң жұмысымыз жандана түсті десем, өзім куәгер ретінде артық айтқандық емес.

Деректерге көз жүгіртейік. Бірлестік тарихында тұңғыш рет республикалық ардагерлер басылымдары: «Ардагерлер айнасы» газеті мен «Ветеран общество» журналы жарық көре бастады. Орынбасарлары Бекболат Мұқышев, Көпболсын Бекмағанбет, жауапты хатшы Бейбіт Оспан бар, төралқа мүшелерімен, белсенділермен облыс аудандарына, іргелі елді мекендеріне сапарлары қалыпты дәстүрге айналды. Ардагерлер кеңесі төралқасының шалғай аудандарда көшпелі мәжілісін өткізу де алғаш рет қолға алынды.

Өмекеңді республика жұртшылығы саналы ғұмырын қоғам тіршілігіне белсене араласып, талай жауапты қызметті абыроймен атқарып, еліміздің рухани, мәдени өміріне, ғылым-білім, тарих саласына бір адам­дай үлес қосып келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таниды. Осы орайда ардагер ағамыздың өмір деректеріне назар аудара кетуді парызымыз деп санадық. Дәлірек айтсақ, Өмірзақ Озғанбайұлы 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына 13 күн қалғанда, маусым айының 9-ы күні Маңғыстау өңіріндегі Құрық кентінде өмірге келген. Әкесі өмірі ұзақ болсын деген ниетпен есімін Өмірзақ қойып, ұлының маңдайынан бір иіскеп, Каспийдің төсінде толқынға тербелген кемеге өзі қатарлы жігіттермен бірге қан майданға жол тартады. Аяулы жары Ақажан Баутин портының басында ботадай боздап қала берді. Сол сапардан көзден ғайып болып, майдан даласынан оралмады. Анасы Ақажан отағасының мұрагері, артында қалған тұяғы – ұлы 7 жасқа толғанда Форт Шевченкодағы мектепке оқуға береді. Кейін Саура жеріндегі мектепке ауыстырып, онда да тұрақтай алмай, Қарақалпақстанмен шекаралас Сенек елді мекеніндегі білім ордасына беріп, ақыры жетіжылдық­ты Түрікменстанның Қарабұғаз көлі іргесіндегі Бекдашы-Алтыншы кентінде бітіруіне барын салады. Жалғыз ұлының білім алуын мақсат тұтқан анасы оқуын әрі қарай жалғастыру үшін оны Красноводск (Шағадам) қаласындағы орта мектеп интернатының 8-сыныбына әкеліп табыстайды.

Отбасының түрікмен жеріне қалай барып жүргенін Өмірзақ аға былай деп еске алады:

«20-жылдардағы аштық адайларды атақонысынан көшуге мәжбүр еткені мәлім. Осынау қысастыққа қарсы тұрған қайсар халық өкілдерін «кеңес өкіметіне қарсы көтерілген әрекет» деп бағалап, мұздай қаруланған әскер қатаң жазалағаны белгілі. Содан адайлардың қалың ауылдары қазіргі Түрікменстанның жерінен бір-ақ шыққан ғой. Алдымен бұл жерге 1927 жылдан бастап күнкөрістің қамымен біраз ағайын қоныс аударса, 1931 жылғы Адай көтерілісінен кейін олар мұнда тіпті көбейіп кетеді. Қазақтардың басым көпшілігі сол кезде кен табылып, жұмыс орны ашылған Красноводскіге көптеп қоныс аудара бастаған еді».

Шәкірттің алған бетінен қайт­пайтын өжеттігі, алғырлы­ғы, зергектігі, еңбекқорлығы өңірдегі озық білім ордасы санатындағы мектеп ұстаздарын ерекше тәнті етті. Түбіт мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан боз­бала Өмірзақ мектепті кілең ­бестік бағамен тәмамдайды.

Өзімен қанаттас жолдастары Түрікменстанның университеті, Ташауыз, Шаржау педагогика институттарына құжаттарын тапсырып жатқанда, қолында үздік аттестаты бар Өмірзақтың аяғын қу жетімдік байлайды. Амалсыздан Қызылорда педагогика институтына сырттай оқуға түсіп, анасына салмақ түсірмейін деп мектепке қызметке кіріп, аға пионер жетекшісі ретінде еңбек жолының алғашқы парақтарын бастайды.

Жас маман қызметіне бар ынта-­жігерімен кіріседі. Өз міндетіне қатысты әдебиеттерді, газет-журнал бетіндегі материал­дарды үзбей оқып, білімін толықтыра түседі. Әсіресе өзі сияқ­ты жетім балалардың өмірін зерттеп, ұлттық мектептегі қазақы тәлім-тәрбие жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне, білім нәрімен сусындауына мейлінше ықпал ететінін өз көзімен көріп, сезініп жүрді.

Сәл ілгері кетіп айтсақ, Өмірзақ ағамыздың шәкірт психологиясын зерттеп, ғылыми еңбектер жазамын деген мақсаты осындай әсерден туғаны анық.

Шынында, Өмірзақ ағамыз Қызылорда педагогика институтын қызыл дипломмен тәмамдап, педагогика саласындағы лауазымды қызметтерде жүргенде, «Дәуір белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», орыс тілінде «Основы психологических знаний», «Воспитание школьников и общественность» және тағы басқа еңбектер жазып, олар сала мамандарының қолданыс құралдарына айналғанынан хабардармыз. Нәтижесінде Өмірзақ атамыз 1982 жылы Мәскеуде педагогика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады.

Ендігі айтарымыз, Өмірзақ ағамыздың келесі мамандығының бір парасы – тарихшы. Олай дейтініміз, ағамыздың бұл саладағы қай еңбегі болсын күрделі зерттеудің күрмеуін бұзып, байыпты барлау жасалып, зерделі зерттеудің нәтижесін алға тартады. Оған дәлел – жоғарыда атап өткен «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917 жж.)» атты көлемді еңбегі және осы тақырыпта докторлық диссертация қорғауы. Автор бұл еңбегінде 20-ғасырдың бас кезеңіндегі Ресейдегі әлеуметтік ахуал мен қазақ даласындағы ел жағдайын, туған халқы үшін небір қиындықтарды басынан кешіріп жүрген, күрделі мәселелерді көтере білген тұлғалардың өнегелі ісі жайлы нақты деректерді пайдалана отырып, мол мағлұматты алға тартады. «Өте құпия» деген санаттағы деректерді жұртшылыққа жария етеді. Оқырман қауым Ресей Думасының I-II шақырылымына қазақ даласынан сайланған 12 қазақ депутаты туралы бұрын еш жерде жарияланбаған деректермен танысады. Олардың қатарында Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев, М.Тынышбаев, С.Жантөрин, Ш.Қосшы­ғұловтың және басқаларының есімі аталады. Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, драматург Жабал Ерғалиевтің ардагер ағамыздың Ш.Қосшығұлов жайлы жазылған «Рух күрескері» кі­табы шыққан кездегі мына бір жазбаларын келтіре кетуді жөн көрдік. «Астана мен Көкшетау аралығындағы тасжол бойында шағын ғана Қоғам деген ауыл бар. Сол ауылдың тұрғындары Өмірзақ Озғанбаевты өз елінің ұлы деп санайтындары және бар. Ресей Думасына тұңғыш депутат болған қазақтардың бірі Шәймерден Қосшығұлов – осы өңірдің тумасы, біраз ұрпақ-жұрағаттары осында ­тұрады».

Сенатор Озғанбаевтың «Рух күрескері» деген кітабы баспадан шыққан сәтте, сол хабарды естіген ауыл дүрлігіп кеткен еді. Өйткені бұл кітап Қосшығұлов жайлы жазылған тұңғыш зерттеу еңбегі еді. Сол кітабын Астанадан арқалай жетіп, ауыл тұрғындарына түгелдей таратып берді.

– Айналайындар, оқыңдар, біліңдер! Біздің бабаларымыз осал болмаған. Енді мына мектеп пен ауылға Шәймерден Қосшығұловтың есімін берейік, – деген-ді сенатор Озғанбаев.

– Жә! – дескен ауыл адам­дары.

– Бұл ұсыныс далада қалмайды, – дескен әкімдер. Солай болды да.

Журналистік салада 40 жыл­дан астам қызмет еткен өз басым Озғанбай ағамен бір ұжымда ширек ғасырға жуық еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Осы кезеңде ардагер ағаның шығармашылығына қызығушылықпен, мақтанышпен қарап келемін. Ағаны білікті ғалым, қарымды қаламгер ретінде танимын, бағалаймын.

Өмекең ағамыз – қазақ әдебиетінің түрлі жанрдағы келісті көсем сөздерін, аңыз-хикаяларын, мақал-мәтелдерін, жалыны мол жыр жолдарын бойына молынан сіңірген қаламгер. Ал ғалым, ұстаз санатындағы туындыларында, зерттеулерінде көкейтесті ойларымен оқырмандар құрметіне бөленген тұлға деп айтар едім. Оған ағамыздың шығармашылық қызметінде 50-ден астам кітабы жарық көріп, ғылыми-теориялық халықаралық конференцияларда 20-дан артық баяндамасы бірнеше рет тыңдалып, 2021 жылы Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан 5 томдық шығармалар жинағының жарық көруі дәлел. Түрлі дәрежедегі басылымдарда (шетелді қоспағанда) 60-қа жуық мақаласы жарияланды. Ағамыз­дың жетекшілігімен 4 кандидаттық диссертация қорғалды. Өмірзақ Озғанбай – Қазақстан Республикасының екі палаталы Парламентінің тұңғыш сенаторы, Аймақтық даму комитетінің төрағасы, республикамыздағы парламентаризмнің қалыптасуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері, 18 мемлекетік, 11 шет мемлекеттерінің, 8 әлеуметтік, 110 халықтық марапаттардың иегері.

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы­ның, қалалық

Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button