Мәдениет

Бес жылдық белес

Күй күмбірі мен қоңыр қобыздың үні тоғысқан кеште ұлттық өнердің тынысы айрықша сезілді. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Халық аспаптар ансамблінің 5 жылдық мерейтойына арналған концерт өтіп, өнерсүйер қауым рухани кештің куәсі болды.

Мерейтойлық кеш Жамағат Темір­ғалиевтің «Бақтыбайдың әуені» шығармасымен шымылдығын түрді. Халық аспаптар ансамблі мен «Наз» би театрының бірлескен қойылымы кө­рерменді бірден қазақы болмыс пен ұлттық нақышқа жетеледі. Дирижерлік тізгінді халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Сарыбай ұстады.

Бес жыл бұрын белгілі дирижер, «Мәдениет саласының үздігі» Маралжан Мырзақұлованың бастамасымен құрылған ұжым аз уақыт ішінде өзіндік орындаушылық мәнерін қалыптас­тырып, театрдың шығармашылық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде ансамбльдің шығармашылық дәстүрін Берік Сарыбай жалғастырып келеді.

Кеш барысында орындалған шығармалардың әрқайсысы өзіндік бояуымен ерекшеленді. Марат Бердіғұловтың «Шахристаны», Ернар Кәкежановтың «Шабыты», Нұрболат Сахының «Сарыны», халық әні «Ақерке», Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлауы» көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, ансамбль мүшесі Нұрболат Сахының биыл дүниеден өткен ұстаз, ансамбльдің негізін қалаушы Маралжан Мырзақұловаға арнаған «Аққан жұлдыз» шығармасы орындалған сәт залды ерекше толқынысқа бөледі. Экраннан көрнекті дирижердің суреттері көрсетіліп, көрермен ықыласы ұзақ қол шапалаққа ұласты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кештің құрметті қонағы Ерлан Рысқали сахна төріне көтеріліп, Ақан серінің «Шырмауық» әні мен «Қалқатайдың дауысы-ай» шығармасын орындады. Дәстүрлі әншінің әуелеген үні көрермен көңілін баурап, концерттің шырайын аша түсті.

Мерейтойлық кеш соңында театр директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Ербол Жақсыкелдіұлы мен театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева ансамбль ұжымын құттықтап, өнер иелеріне құрмет көрсетті.

Күй мен ән, дәстүр мен жаңашылдық үндескен бұл кеш бес жылдық белесті қорытындылап қана қоймай, Халық аспаптар ансамблінің әлі талай асуды бағындырарына сенім ұялатты. Ғасыр­лар үнін бүгінмен сабақтастырған өнер ұжымының мерейтойы көрермен жадында ұзақ сақталары анық.

Ұлжалғас ӘБДІҚАДЫР,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button