Астанада терезе шығару саласы қарқын алуда
Елордада инвестициялық жобалар шеңберінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері металл-пластик және алюминий терезелерін өндіруге маманданған «B Akan Corporation» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Өндіріс орны «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриялық паркінің аумағында орналасқан.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 103 680 шаршы метр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30-ға дейін жаңа жұмыс орны ашылып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына оң ықпал етіп отыр. Өндірістік және қойма ғимараттарының жалпы аумағы 6 680 шаршы метрді құрайды.

Кәсіпорын 2026 жылғы 13 наурызда пайдалануға беріліп, бүгінде тұрақты өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді. Жоба құрылыс индустриясын нығайтуға, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға және арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
Іссапар барысында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин өндірістік үдерістермен танысып, кәсіпорын басшылығымен қазіргі ахуал, өзекті мәселелер және өндірісті одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Мұндай өндірістік жобаларды жүзеге асыру өңірдің индустриялық дамуына серпін беріп, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосады.



