Балалар ойындары қымбат па?

Қаланың у-шуы мен күнделікті күйбең тіршілігінен ересектер ғана емес, балалар да демалғысы келеді. Каникул күндері олар да уақытын қызықты өткізуге талпынады. Телефон мен планшеттен жалыққан бүлдіршіндер үшін ойын алаңдары, ойын-сауық орталықтары осы мәселенің шешімі десек артық айтқандық емес.
Соңғы уақытта балалар ойын-сауығының құны аспандап, көптеген отбасы үшін қомақты шығынға айналған. Әсіресе көпбалалы отбасылар үшін бұл бір бүйіріне бататын жайт болып отыр. Қандай шығын болса да, баланың жан-жақты дамуы мен көңілі үшін ата-ана аянып қалмасы анық. Дегенмен күн санап шарықтаған баға көпшілікті ойландырмай қоймайды.
Астанадағы бірнеше сауда, ойын-сауық орталығының бағасын салыстырып қарасақ, құнында айтарлықтай айырмашылық бар екенін байқауға болады. Мәселен, Kidburg ойын залына 6 жасқа дейінгі бір баланы жұмыс күндері апару – 3000 теңге. Playora орталығында 1,5 сағаттық ойын уақыты жұмыс күндері 2500 теңге болса, демалыс күндері 3000 теңгеге дейін көтеріледі. Ал Damu Mall сауда орталығындағы Baby Boom ойын алаңында баға 3900 теңгеден басталып, демалыс күндері 4900 теңгеге дейін жетеді. Amiland орталығында бір баланың ойын уақыты жұмыс күндері – 3000 теңге, демалыс күндері – 4000 теңге. Бір қарағанда, бұл қаржы аса қомақты көрінбеуі мүмкін. Алайда отбасында екі-үш бала болса, шығын көлемі бірнеше есеге артады. Мысалы, бір ғана демалыс күнінде үш баланы ойын орталығына апару 10-15 мың теңгеден де асып кетуі ықтимал. Бұған жол ақысы мен қосымша шығындарды қоссақ, қаржы едәуір көбейеді. Бұл тек қарапайым ойын алаңдарының бағасы ғана. Ал қаладағы түрлі аттракциондар, үлкен ойын кешендері мен интерактивті аймақтарда баға әлдеқайда жоғары. Осы ретте ата-аналар мұндай демалыс орындарының бағасына қатысты өз пікірін білдірді.
– Ойын-сауық орталығына жиі бару қалтаға салмақ салады. Балалардың көңілі үшін апарамыз, әрине. Бірақ бір барғанның өзінде айтарлықтай ақша кетеді. Екі-үш баламен барсаң, шығын еселенеді. Сондықтан жиі бара бермейміз, – дейді екі баланың анасы Айдана Қалымбетова.
Ал елордалық көпбалалы ана Гүлнұр Темірбекова бағаның аспандап кеткенін айтты.
– Балалар қуанып барғанымен, бағалары, шынымен, қымбат. Әсіресе демалыс күндері барсаң, бір күндік шығын отбасы бюджетіне салмақ салады. Сондықтан мұндай орындарға әрдайым бара беру мүмкін емес, – дейді ол.
Осылайша, балалардың көңіл көтеруіне арналған орталықтар бір бала үшін қолжетімді көрінгенімен, көпбалалы отбасылар үшін айтарлықтай қаржылай жүктемеге айналып отырғанын байқай аламыз. Айта берсек, баға саясатына қатысты түрлі жағдай бар. Дегенмен балалар ойын-сауық орталықтарының бағасы бүгінде көпшіліктің назарында екені анық. Мұндай түйткілдер ретке келсе, халықтың күнделікті өміріне де жеңілдік болары сөзсіз. Баланың күлкісі – әр отбасы үшін ең қымбат құндылық. Сондықтан оның қуанышына бағытталған қызметтердің қолжетімді болуы да маңызды.
Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті



