Мемлекеттік тіл жөнінде көшпелі отырыс өтті
«Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты» ММ базасында Асқар Смағұловтың төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілді қолдануды дәріптеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына арналған жоспарлы отырыс болды.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп депутаттарды Елордада өткізілетін тіл саласындағы іс-шаралар жүйесі, оның ішінде қазақ тілін оқыту курстарының жұмысы туралы хабардар етті.
«Барлығы 991 тыңдаушы оқудан өтті, жыл соңына дейін 1500 тыңдаушыны оқыту жоспарлануда. Мемлекеттік тілді мемлекеттік басқару тілі ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жарнама агенттіктері мен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мәтіндер жазу бойынша әдістемелік көмек көрсету де басым бағыт болып табылады. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап тамызға дейін 1634 эскиз қаралды. Кәсіпкерлік субъектілері тіл туралы заңнаманың 687 бұзушылығын жойды», — деді ол.
Сәкен Есіркеп ономастикалық комиссиялар үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Мәселен, елордада 60 білім беру ұйымына белгілі тұлғалардың есімдері берілді. Сыртқы жарнама объектілерін сәйкестендіру үшін мүдделі органдармен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізілді. Рейд барысында 1500-ден астам кәсіпкерлік субъектілерінде қолданыстағы заңнама талаптарын орындау қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, басқарма басшысы мемлекеттік мұрағат қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндады.
Мәслихат депутаттары тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметіне қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Депутаттардың пікірінше, қазақ тілін танымал ету бойынша толыққанды контенттің болмауы өзекті мәселе болып табылады, мемлекеттік тілде сервистің болмауы фактілері орын алуда. Қазіргі уақытта халықты қазақ тілі бойынша өткізілетін тегін курстар туралы ақпараттандыру өте нашар жүргізілуде, қазақ тілін оқыту технологиясының жетілмегендігі қазақ тілін дамыту бойынша ауызекі клубтар мен қауымдастықтардың болмауына алып келеді.
Сонымен қатар, депутаттар қолданыстағы ғимараттың жоғары тозуы мен шектеулі сыйымдылығын ескере отырып, мемлекеттік мұрағат үшін жаңа ғимарат салу қажеттілігін қолдады. Сондай-ақ мұрағаттық құжаттарды сақтауға арналған заманауи сөрелерді сатып алу үшін бюджет қаражатын бөлу қажеттілігі туралы шешім қабылданды.