Елорда тынысы

Жаратылысына ақындық қасиет дарыған

«Мен өлең оқимын». Бұл – өткен жылдың аяғында «Әдебиет» порталы қолға алған жобаның атауы. Мақсаты – аймақтардағы ақындардың шығармашылығын насихаттау, оларды елге таныстыру. Батыс Қазақстан облысындағы Абылайхан Мақсұтовтан басталған жоба жалғасып, Ұлттық академиялық кітапханада Ұлытау облысынан елордаға келген ақын Жанат Әбдіғожиннің шығармашылық кеші өтті.

Алдымен мәртебелі поэзияға кезек беріліп, одан соң кеш иесінің ұстазы ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ғалым Кенжебай Ахметов Ұлытау­-Жезқазған өңірінің ақындық мектебі туралы сөз сабақтай келе, сол өңірден шыққан ақындарды шыңдаған Сайлаухан Нәкеновті еске алды, оның тәлім-тәрбиесін көрген қазақтың қазіргі көрнекті ақындардың бірі де, бірегейі де, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, белгілі ақын, ғалым Ғазиз Ештанаев, Ұлытау топырағынан нәр алып, түлеген Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман есімдерін атап өтті.

Тілектер легін баспагер Қуат Құрмансейіт, ақын Ықылас Ожайұлы, кеш иесінің туысқаны Рыскүл Саматова және осы жолдардың авторы жалғады. Жанат Әбдіғожин Жезқазғаннан жалғыз келмеді. Оның шашбауын әнші Ардақ Мұқышев, «Ұлар» әдеби клубының жетекшісі, ақын Абай Ораз, жас сыншы Бағлан Оразалы көтеріп келді. Бұл қатардағы әнші ән салды, ақын тілегін жеткізді. Кешті жүргізген талантты жас ақын Абзал Мақаш та ән әуелетті. Кеш соңында ұлытаулық ақындар Ардақ Мұқышев пен «Мен өлең оқимын» жобасының авторы Олжас Сәндібекұлына құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен шапан кигізді. Шапанға «Ұлытау» деген жазуды зерлеген, жалпы осы сыйды әзірлеген Ұлытау облысынан шыққан тағы бір талантты ақын Ботагөз Мұхиден де кешке қатысты. Олжас Сәндібекұлы да «Әдебиет» порталының атынан сый-сыяпат жасады.

Жанат Әбдіғожиннің «Қопа тоғай» атты жыр жинағы шыққан. Оның алғысөзін Кенжебай Ахметов жазды. «Жанат Әбдіғожин – жаратылысына ақындық қасиет дарыған дарынды жас. Ақындықтың қадір-қасиетін сезініп қана қоймай, мехнатты сәттері мен шуақты сәттерін де сан мәрте бастан өткеріп, терең сезініп келе жатқан жас. Ол өмірдің қызыл-жасыл бояуын қызықтап кетпей, ойлы көзбен қарайды, аңғарып, байқағандарынан өзіндік ой түйеді. Тізбелеп, тізбектеп кетпейді, танып-білгендерінің ішінен таңдап алады, талғам таразысынан өткізіп, екшеп ұсынады. Ұсынған дүниесіне әсіреқызыл бояу жақпай-ақ, оқырманын ойландырып қояды» дейді онда ақынның ұстазы.

Біз автордың өз аузынан өлеңдерін естіген соң, мынаны байқадық: Жанат Әбдіғожин – алысқа шабатын ақын екен. Баллада жазуға өте бейім. Жалпы оқиғалы өлеңдері баршылық. Белгілі бір адамның өмірі мен тағдырын, өткен оқиғаны жүрекпен қабылдап, қаламына арқау етеді. Лирикасы да жақсы. Осы жолдан, ізденістерінен жаңылмаса, біразға барады.

«Әдебиет» порталының «Мен өлең оқимын» жобасы әлі де жалғасады. Мамырда тараздық, маусымды торғайлық ақындар келеді деп жоспарланып отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button