Қалалық ашық кітапхана күні өтті

Республикалық «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» онкүндігі аясында 2026 жылғы 17 сәуірде Астана қаласы әкімдігінің «Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі базасында «ХХІ ғасырдағы оқу мәдениеті: даму мен серпін» атты қалалық ашық кітапхана күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мақсаты – кітапхананы креативті ойлау мен тұлғалық дамудың заманауи орталығы ретінде таныту, оқушылар үшін тартымды әрі маңызды құндылыққа айналдыру бағытында тәжірибе алмасу.
Іс-шара аясында «Ғажайыптар бекеті: сөйлейтін кітаптар мен кейіпкерлер» атты жанды кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, ерекше форматтағы әдеби таныстырылым ұсынылды.
Сонымен қатар, «Ертегі – баланың оқу мәдениетінің негізі» тақырыбында оқуға ынталандыру әдістері таныстырылып, «Достық кафесі: рухани ас мәзірі» алаңында әдеби диалог пен тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Идеялар тоғысқан орын: кітапхана және коворкинг» форматында заманауи кітапхана кеңістігінің мүмкіндіктері көрсетілді.
Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі – «Парақтағы махаббат: ана туралы үздік туындылар» тақырыбында әдеби кеш. Бұл алаңда поэзия, проза, сахналық қойылымдар мен шығармашылық кездесулер арқылы кітапты насихаттаудың жаңа форматтары арқылы тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нөгербек Алтынай Бауыржанқызымен кездесу өтті.
Аталған іс-шара оқу мәдениетін дамытуға және кітапхана қызметінің маңызын арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу алаңы болды.



