Ел тынысы

Мемлекеттік рәміздер – елдің намысы мен абыройы

Рәміздер күні – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. Өйткені дәл осы күні еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бекітіліп, жас мемлекеттің саяси-құқықтық болмысы айқындалды. Сондықтан бұл күнді тек мерекелік дата ретінде емес, Қазақстанның егемендік шежіресіндегі ерекше белес ретінде бағалауымыз керек.

Жалпы әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, кез келген мемлекеттің рәміздері оның тәуелсіздігін, егемендігін және ұлттық бірегейлігін білдіретін басты белгілер болып саналады. Мемлекеттік шекара, Конституция және рәміздер – мемлекет ұғымын толықтыратын негізгі институттар. Сол себепті рәміздерге деген құрмет мемлекеттілікке деген құрметпен тікелей байланысты.

Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығының көрінісі. Бұл рәміздердің әрбір элементінде қазақ халқының дүниетанымы, мәдениеті, тарихи жады мен болашаққа деген сенімі көрініс тапқан.

Мәселен, көк Туымыздағы ашық аспан түстес көгілдір реңк – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ел бірлігінің белгісі. Алтын күн – өмір мен жасампаздықтың, береке мен молшылықтың нышаны болса, қыран бүркіт – еркіндікке ұмтылған асқақ рухтың символы. Тудың сабындағы ұлттық өрнек халқымыздың мәдени тамырының тереңдігін білдіреді.

Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі де ерекше мәнге ие. Шаңырақ – қазақ дүниетанымындағы бірлік пен ынтымақтың, ортақ үйдің символы. Бүгінгі таңда Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Сондықтан Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі тәуелсіз еліміздің қоғамдық келісім мен татулыққа негізделген даму моделін де білдіреді.

Ал Әнұран – халқымыздың рухын көтеретін, елдік сезімді күшейтетін ерекше құндылық. Халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілген кезде Әнұранның шырқалуы миллиондаған азаматтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Мұндай сәттер ұлтты біріктіретін рухани күшке айналады.

Бүгінде мемлекеттік рәміздердің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Жаһандану жағдайында әрбір ел өзінің ұлттық болмысын, мәдени ерекшелігін сақтауға ұмтылады. Осындай кезеңде рәміздер халықты ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды фактор болып табылады.

Сондықтан Рәміздер күні өткенге тағзым ететін немесе ресми шаралар өткізумен ғана шектелетін мереке емес. Бұл – тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын, азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыратын және жас ұрпақтың бойында патриоттық сана қалыптастыратын маңызды күн. Әрбір қазақстандық мемлекеттік рәміздер арқылы өзінің елмен тағдырлас екенін, Қазақстанның табысы мен болашағына ортақ жауапты екенін сезінуі тиіс.

Менің ойымша, соңғы жылдары қазақстандық қоғам мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын әлдеқайда терең түсіне бастады. Егер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында рәміздер көбіне ресми атрибут ретінде қабылданса, бүгінде олар азаматтардың ұлттық санасы мен патриоттық сезімінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Рәміздер – жай ғана көркемдік элементтер жиынтығы емес. Олардың әрқайсысының артында халқымыздың ғасырлар бойғы тарихы, мәдени мұрасы, еркіндік жолындағы күресі және мемлекет құру тәжірибесі жатыр. Сондықтан рәміздерді түсіну дегеніміз – өз тарихыңды түсіну деген сөз.

Біз соңғы жылдары қоғамда бұл бағытта оң өзгерістердің бар екенін байқап отырмыз. Әсіресе жастар арасында мемлекеттік рәміздерге деген қызығушылық артып келеді. Түрлі патриоттық акциялар, спорттық жарыстар, халықаралық форумдар мен мәдени іс-шараларда азаматтардың көк Туды мақтанышпен көтеріп жүруі осының дәлелі.

Халықаралық спорт ареналарында Қазақстан Туы көтеріліп, Әнұран орындалған сәттерді ерекше атап өтуге болады. Мұндай сәттерде миллиондаған азамат экран алдында тұрып, ортақ қуанышқа бөленеді. Бұл – рәміздердің қоғамды біріктіретін қуатты рухани құралға айналғанын көрсетеді.

Сонымен қатар соңғы жылдары қазақстандықтардың мемлекеттік Туды күнделікті өмірде кеңінен пайдалана бастағанын да байқаймыз. Бұрын Ту көбіне мемлекеттік мекемелерде ғана көрінсе, бүгінде азаматтар оны халықаралық жарыстарда, мәдени іс-шараларда, еріктілер қозғалысында және қоғамдық бастамаларда белсенді қолданады. Бұл да азаматтық сәйкестіктің нығайып келе жатқанын білдіреді.

Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс толық аяқталды деп айтуға әлі ерте. Кейбір азаматтар мемлекеттік рәміздердің тарихи-философиялық мазмұнын терең білмеуі мүмкін. Мысалы, көптеген адамдар Тудағы немесе Елтаңбадағы бейнелерді таниды, бірақ олардың қандай идеяны білдіретінін нақты түсіндіре алмайды. Сондықтан рәміздерді насихаттау ісі тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде рәміздердің тарихы мен мағынасы туралы танымдық жобаларды күшейту маңызды. Әсіресе жастарға мемлекеттік рәміздерді құрметтеу заң талабы ғана емес, азаматтық мәдениеттің өлшемі екенін түсіндіру қажет.

Шын мәнінде, мемлекеттік рәміздерде қазақ халқының ғана емес, тәуелсіз Қазақстанды құрайтын барлық азаматтардың ортақ тағдыры бейнеленген. Сондықтан олардың артында тұтас ұлттың шежіресі жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің міндетіміз – сол шежірені келер ұрпақтың санасына жеткізу және рәміздердің қадір-қасиетін күнделікті өмірде сезіндіру.

Мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсету мәселесі қоғамда әрдайым үлкен резонанс тудырады. Себебі бұл тек белгілі бір заң нормасын бұзу ғана емес, мемлекеттің беделіне, ұлттық құндылықтарға және қоғамдық бірлікке нұқсан келтіретін әрекет ретінде қабылданады.

Менің ойымша, бұл мәселеге эмоциямен емес, жүйелі әрі кешенді көзқараспен қарау қажет. Ең алдымен, мемлекеттік рәміздерге қасақана жасалған қорлау әрекеттері мен білімсіздік немесе немқұрайлылық салдарынан орын алған жағдайларды ажырата білу маңызды.

Егер азамат мемлекеттік рәміздерді әдейі қорлап, мемлекетті кемсіту немесе қоғамды арандату мақсатында әрекет етсе, онда мұндай құқық бұзушылықтарға заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Өйткені мемлекеттік рәміздерге жасалған қастандық – елдің тұтастығына, азаматтардың ортақ құндылықтарына жасалған құрметсіздік.

Сонымен бірге тек жазаны күшейту арқылы мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін де түсінуіміз қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу ең алдымен азаматтардың ішкі мәдениеті мен патриоттық тәрбиесіне байланысты қалыптасады.

Сондықтан бұл мәселеде алдын алу шаралары ерекше маңызды. Мектеп қабырғасынан бастап балаларға мемлекеттік рәміздердің тарихын, мәнін және оларды пайдалану мәдениетін үйрету қажет. Жастар рәміздерді тек оқулықтағы сурет ретінде емес, елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нақты көрінісі ретінде қабылдауы тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де бұл бағытта маңызды рөл атқара алады. Рәміздердің мағынасы, олардың жасалу тарихы, авторларының еңбегі туралы сапалы контент көбейген сайын қоғамдағы құрмет деңгейі де арта түседі.

Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Өркениетті қоғамда мемлекеттік рәміздерді қорлау қалыпты әрекет ретінде қабылданбауы тиіс. Азаматтардың өздері мұндай жағдайларға бейжай қарамайтын деңгейге жеткенде ғана мәселе тиімді шешіледі.

Жалпы, мен бұл жерде «қатал жаза ма, әлде тәрбие ме?» деген таңдауды дұрыс деп санамаймын. Екеуі қатар жүруі керек. Қасақана заң бұзған адам міндетті түрде жауап беруі тиіс. Бірақ ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін негізгі құрал – сапалы тәрбие, патриоттық білім және азаматтық мәдениет.

Мемлекеттік рәміздер – бұл жай ғана ресми белгілер емес. Олар – тәуелсіздіктің нышаны, елдің намысы мен абыройы. Сондықтан оларды құрметтеу әр азаматтың құқықтық міндеті ғана емес, Отан алдындағы моральдық жауапкершілігі деп есептеймін.

Нұртөре Жүсіп,

ҚР Парламенті Сенаты депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button