Балабақшада «Рәміздерім – мақтанышым» көрмесі мен кеші өтті
Астанада №6 Балалар кітапханасы мен №86 «Зияткер» балабақшасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Рәміздерім – мақтанышым» мерекелік көрмесі мен мәнерлеп оқу кеші өтті. Жиынның мақсаты — балаларға мемлекеттік рәміздерді таныстыру, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу және шығармашылық қабілетін дамыту.
Іс-шараға 50 бала қатысып, олар мемлекеттік рәміздер тақырыбында жасаған шығармашылық жұмыстарын, суреттері мен қолөнер бұйымдарын көрермен назарына ұсынды. Көрме «Менің Туым», «Қазақстан – менің Отаным», «Елтаңба – ел белгісі», қолөнер жұмыстары, аппликация және суреттер бойынша бірнеше бағыттан тұрды. Сонымен қатар балалар Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіріп, отансүйгіштікке арналған өлең-шумақтарын мәнерлеп оқыды. Балаларға рәміздер туралы бейнеролик көрсетіліп, бүлдіршіндер хормен «Тәуелсіз ел ұраны» әнін орындады. Іс-шара олардың патриоттық сезімін оятып, шығармашылық әлеуетін көрсетуге тамаша мүмкіндік берді.

-Жиын барысында тек балалар ғана емес кітапхана қызметкерлері де мемлекеттік рәміздердің тарихы мен авторлары туралы қызықты деректермен бөлісті. Кітап көрмесіне рәміздерге, Отанға, туған жерге арналған кітаптар мен танымдық әдебиеттер қойылды. Балалар көрмемен танысып, кітаптардағы иллюстрациялар арқылы білімін толықтырды. Ең бастысы балалар мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы екендігін түсініп, олардың елге деген мақтаныш сезімі артты. Мұндай іс-шаралардың тек осындай атаулы күнде ғана емес, басқа уақытта да жиі өтіп тұрғаны жөн, сонда ел ертеңі болар кішкентай балаларымыз отансүйгіш, патриот болып өседі, — деді №86 «Зияткер» балабақшасының әдіскері Құралай Әбілдаева.

Жиын соңында Қосымша білім беру орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова белсенді қатысқан балаларды «Үздік мәнерлеп оқушы», «Көрермен көзайымы», «Шығармашыл қатысушы», «Жас патриот» аталымдары бойынша марапаттады.

Райхан Рахметова



