Әлеумет

Елордада тұтынушы құқығын қорғау жұмыстары қорытындыланды

Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылдың 5 айындағы  атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Мұны Астана қаласы коммуникациялар қызмет алаңында Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлзада Алматбаева баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бергі жұмыс нәтижелерін қорытындылады. Қаңтар-мамыр айлары аралығында Департаментке азаматтардан 5 184 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға көп. 2025 жылдың алғашқы бес айында 3 669 өтініш тіркелген.

Өтініштер санының артуы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы белсенділігінің артқанын және тауарлар мен қызметтер нарығындағы даулы жағдайлардың көбейгенін көрсетеді.

Тұтынушылар қандай мәселелерге жиі шағымданады?

-Өтініштерді талдау нәтижесі бойынша шағымдардың басым бөлігі бөлшек және электрондық сауда салаларына қатысты болған. Атап айтқанда, бөлшек саудаға байланысты 1 286 өтініш түсіп, бұл жалпы өтініштердің 25%-ын құрады. Ал 939 өтініш немесе 18%-ы электрондық сауда саласына тиесілі.

Тұтынушылардың негізгі шағымдары сапасыз тауарлар, тауарды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, жеткізу мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты болды. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасының төмендігі мен тауарлар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, әсіресе қашықтан сатып алу кезінде жиі кездесетін мәселелердің қатарында, — дейді спикер.

Электрондық сауда — ең күрделі салалардың бірі

Мамандар электрондық коммерция саласында шағымдардың саны жоғары екенін атап өтті. Шағымдардың басым бөлігі тауарлардың жеткізілмеуі, сатып алынған өнімнің сипаттамасына сәйкес келмеуі және ақшалай қаражаттың уақытылы қайтарылмауына қатысты.

2,4 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды

Азаматтардың өтініштеріне жүргізілген талдаудың нәтижедері бойынша: 1 087 жағдайда заңнаманы қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген, ал 2 438 жағдайда тұтынушылардың құқығы қалпына келтірілді. Олардың ішінде 665 өтініш беруші дауды өзара келісімге келуіне байланысты өтініштерін қайтарып алды. Нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 196,8 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылған. Сондай-ақ, 1 126 өтініш құзыретті мемлекеттік органдарға жолданған, ал 533 өтініш қаралу сатысында тұр.

Көптеген жағдайда кәсіпкерлер тұтынушылардың талаптарын сотқа жеткізбей-ақ ерікті түрде орындап, қаражатты қайтарып немесе шарттық міндеттемелерін орындағанын атап өткен жөн.

Тұтынушылардың құқықтарын бұзған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды

Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 66 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 141 863 миллион теңгеден асты. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылданды.

Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда не істеуі керек?

Департамент дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешудің маңыздылығын еске салады. Егер сіздің құқығыңыз бұзылса, алдымен сатушыға, қызмет көрсетушіге немесе өндірушіге жазбаша талап-арыз жолдауыңыз қажет.

Егер 10 күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе немесе талаптарыңыз қанағаттандырылмаса, Департаментке жүгінуге құқылысыз. Ол үшін талап-арыз көшірмесін, оның жіберілгенін немесе тапсырылғанын растайтын құжаттарды, шарт көшірмесін, төлем құжаттарын және құқық бұзушылық фактісін растайтын өзге де материалдарды ұсыну қажет.

Сонымен қатар тұтынушылар сот арқылы өз құқықтарын қорғап, қаражаттың қайтарылуын, келтірілген шығындар мен моральдық зиянның өтелуін талап ете алады.

Тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы басты бағыт — құқықтық сауаттылық

Департамент бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және жеке кездесулер арқылы азаматтар мен бизнес өкілдерін тұрақты түрде ақпараттандырып келеді.

Әсіресе электрондық коммерция саласында құқық бұзушылықтардың көбеюі, қашықтан сатып алу кезіндегі даулар және кәсіпкерлердің заң талаптарын білмеуі мәселелеріне баса назар аударылған.

Ведомство алдағы уақытта да тұтынушылардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және нарыққа қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде атап өткендей, тұтынушылар мен бизнес арасындағы әділ әрі ашық қарым-қатынас әр тараптың өз құқықтарын білуі мен міндеттерін адал орындауына негізделеді.

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button