Құқық

Шетелдік қонақтар Астана полициясының сервистік қызметіне жоғары баға берді

Астанада туристік полиция қызметкерлері шетелдік қонақтарға жедел әрі сапалы көмек көрсетіп, Қазақстанның қонақжайлығы мен қауіпсіздігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Туристерге бағыт-бағдар беру, ақпараттық қолдау көрсету және түрлі жағдайларда көмекке келу – туристік полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Туристік полиция инспекторы Жеңіс Өнербек Үндістан Республикасынан келген туристермен кездесіп, оларға ағылшын тілінде жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шетелдік қонақтарға елорданың сәулеті мен мәдени келбетін айшықтайтын көрікті орындар туралы мәлімет беріліп, негізгі туристік нысандарға жету жолдары түсіндірілді.

Сонымен қатар олардың Астана қаласында еркін қозғалып, уақыттарын тиімді жоспарлауы үшін арнайы туристік маршрут картасы ұсынылды. Байланысқа қатысты қиындықтардың алдын алу мақсатында туристерге арнайы туристік SIM-карталар табысталды.

Қонақтар көрсетілген қамқорлық пен ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан астанасынан алған алғашқы әсерлерінің ерекше жағымды екенін атап өтті.

Сондай-ақ туристік полиция инспекторы Жалғас Жақыпов Қытай Халық Республикасынан келген туристерге дер кезінде көмек көрсетті. Қала қонақтары елорданың басты символдарының бірі – Бәйтерек монументін аралау кезінде жеке заттары салынған сөмкелерін ұмытып кеткен.

Біраз уақыттан кейін жоғалған заттарын байқаған туристер көмек сұрап туристік полиция қызметкерлеріне жүгінген. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкері қажетті іздестіру шараларын ұйымдастырып, нәтижесінде туристердің жоғалған сөмкелері қысқа уақыт ішінде табылып, заңды иелеріне қайтарылды.

Бағалы заттары мен құжаттарының аман-есен табылғанына қуанған шетелдік қонақтар полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігіне жоғары баға беріп, шынайы алғыстарын жеткізді.

Мұндай мысалдар туристік полиция қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, шетелдік азаматтарға жан-жақты қолдау көрсететін сервистік құрылым екенін айқын көрсетеді. Туристерге көмек беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміз туралы жағымды пікір қалыптастыру – қызметтің маңызды міндеттерінің бірі.

Бүгінде Астана қаласының туристік полициясы шетелдік қонақтарға тәулік бойы көмек көрсетуге дайын. Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған мұндай жұмыстар Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, елордамызды әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін тартымды әрі қауіпсіз қала ретінде танытуға ықпал етуде.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button