Курск шайқасының қаһарманы

Жуырда газетімізге оқырманымыз Айжан Ерғалиқызы хабарласып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан атасы Нұрбек Мұқанов туралы мәліметтерді ұсынды.
Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Қарағанды облысы Тельман (қазіргі Бұқар жырау) ауданы Ростовка кентінде дүниеге келген Нұрбек Мұқанов сол жеңіске үлес қосқан адамдардың бірі. Соғыс басталғанға дейін туған ауылындағы мектептің іргетасын қалап, 28 жасында аталмыш білім ошағының директоры болды. Сол мектепте оның тұсында мұғалім болып жұмыс істеген жазушы Қамаш Бегімов: «Мектеп директоры Нұрбек Мұқанов салмақты, жаны жайсаң азамат еді. Адамдармен тіл табысуға шебер бұл кісі біз сияқты жастарға көмек қолын созудан аянбайтын» деген естелік жазды.
Нұрбек Мұқанов 1941 жылдың 25 желтоқсанында өз еркімен майданға аттанды. Ұйымдастырушылық, жоғары жауапкершілік қасиеттері ескеріліп, басшылық оны бірден 108-атқыштар дивизиясы штаб бастығының орынбасары етіп тағайындады. Ұлы Отан соғысындағы шешуші ұрыстардың бірі Курск шайқасына қатысты. Үйіне жолдаған соңғы хатында «Ештеңеге қарамастан жауды жеңетінімізге сенімдіміз. Болашақта кездесеміз» деп жазыпты. Алайда кездесу жазбады, 1943 жылдың 19 шілдесінде небәрі 36 жасында Болхов ауданының Руднево кентінде қаза тапты.
Елде жары – Паруаз, төрт перзенті қалған еді. Кенжесі Ерғали әкесі қаза тапқанда 3 жасқа да толмаған еді. Отбасы ұзақ жыл майдангердің қайда жерленгенін білмеді. Іздестірудің арқасында табылды. Болхов ауданындағы Кривцовск бауырластар зиратында жер бесікке бөленген екен. Боздақтарға орнатылған мемориалда оның есімі қашап жазылды. Ұлы Ерғали өзінің қызы Айжанмен осыдан 12 жыл бұрын Болховты азат етудің 70 жылдығына орай әкесінің жатқан жеріне барып, рухына тағзым етті.
Бүгінде Ерғали Нұрбекұлы бұл өмірде жоқ. Алайда майдангердің ұрпағы аталарын ұмытпай, еске алып отырады. Нұрбек Мұқанов негізін қалаған Ростовка кентіндегі мектепте майдангердің музейлік бұрышы жұмыс істеп тұр. Жерлестері ұлағатты ұстаздың есімін елдің есінде осылай сақтап отыр.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ