«Корифейдің» көтерген жүгі

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Astana Eurasian Book Fair-2025» VІІІ халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында белгілі публицист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Корифей. Культурология Абиша Кекильбаева» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Ұлттық кітап күніне сәйкес келген іс-шараны мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов жүргізіп, кітаптың құндылығына, оны оқудың мән-маңызына тоқталды. Жаңа еңбекті таныстыра келе, 2019 жылы Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына орай жарық көрген автордың «Абыз Әбіш» атты монографиясы кекілбаевтануға жол салғанын атап өтті. «Корифей. Культурология Абиша Кекильбаева» кітабы орыс тілінде Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққанын, бұл кітаптың алғысөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазып, жоғары бағалағанын айтты.
Ресей жазушысы, аталмыш кітаптың редакторы Георгий Пряхин бұл еңбектің ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, кітап авторы Әбіш Кекілбайұлының қаламгер ретіндегі дара дарынын ашып, эсселер, мақалалар, очерктерді жүйелендіріп, тамаша еңбекті оқырмандарға тарту етті. Әбіш Кекілбайұлымен кездескенде оның бойынан даналық есіп тұратынын айтып өтті.
Кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік және қаламгерлік қырлары жайлы айтты. Сауытбек Абдрахмановтың еңбектері арқылы әбіштану басталғанын, бұл кітаптар классик жазушы ортамызда жүргендей жарқын бейнесін көз алдымызға әкелетінін атап өтті.
«Әбіш Кекілбайұлы – тек қана Маңғыстаудың емес, сол түбектің емес, бүкіл алты Алаштың ортақ тұлғасы» деді Қырымбек Көшербаев.
Әдебиеттанушы ғалым Әсима Ишанова кітап жөнінде пікірін жеткізді. Жазушы-журналист Несіп Жүнісбайұлы Әбіш Кекілбайұлының тұлғасына тоқтала келе, бұл кітапты ағылшын тіліне аударып, бүкіл әлемге тарату керектігін айтты. Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай кітаптың құндылығына тоқталды.
«Бұл – қалам мен қайратты тең ұстаған тұлғаның тағдырына арналған тағылымды еңбек. Бұл – Сауытбек Абдрахмановтың парасатты парызынан туған, пайымды жүректен шыққан рухани шежіре. Қазақ әдебиетінде де, мемлекетінде де алып тұлғалар баршылық. Олар жай адам емес. Олар – өз заманының ары, жұртының жадында мәңгі қалатын елдің есті сөзі. «Корифей» бір ғана адам жайлы кітап емес. Бұл бір дәуірдің рухани паспорты іспеттес. Бұл – Әбіш арқылы қазақтың ұлылығын мойындатқан еңбек. Бұл – әдебиетке де, саясатқа да, парасатқа да ортақ тұлғаның ұлт алдындағы борышын баян еткен шығармашылық жүк. Кітапты парақтай бастағанда-ақ сезесің: мұнда құр мақтау, құрғақ өмірбаян жоқ. Мұнда жан бар. Жанмен бірге жүрек соғысы бар. Автор Әбіштің жай жазушы емес екенін жан-тәнімен түсінген. Ол – ұлт руханиятының биігі. Әр сөзімен елдің ертеңін ойлаған, тарих пен тағдырды табыстырған тұлға» деді сенатор.
Оның пікірінше, автор Әбіш Кекілбайұлының сөз өнеріндегі салмағын, саясаттағы салиқалы орнын, тарихқа терең бойлайтын зердесін дәл аңғарған. Әбіштей алып тұлғаны бір қырынан емес, сан қырынан танытады. Соның ішінде жазушы, аудармашы, саясаткер, мемлекет қайраткері, көсемсөзші ретінде ашқан.
«Әдебиетке келіп жатқан жас буын осы кітаптан Әбіш Кекілбайұлын танып, ұлтының қадірін біледі. Мемлекетке қызмет етем дейтін жас саясаткерлер де осы кітаптан мінез көреді. Себебі Әбіш – мінез. Ол – парасат пен пайымның үлгісі. Ол – елдің еңсесін тіктеген тұлға» деді Бибігүл Жексенбай.
Кітап авторы Сауытбек Абдрахманов бұл еңбектің ерекшеліктерін айтып өтті.
«Бұл кітаптың негізгі ерекшелігі – Әбіш Кекілбайұлын философ, ойшыл, мәдениеттанушы ретінде танытатынында. Өйткені орыс тілді оқырман Әбіш Кекілбайұлының публицистикасын, сұхбаттарын оқыған емес. Сол арқылы біз Әбіш Кекілбайұлының әрі әдебиеттанушы, әрі өнертанушы, әрі публицист екенін 8 тарауда бөліп жаздық. Осы 8 тарау Әбіш Кекілбайұлының ойшылдығының 8 қырына арналған» дейді автор.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ