Басты ақпаратМәдениетРуханият

Ұлттық болмыс және интеллектуалды әдебиет

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өткізіліп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақ әдебиетіндегі интеллектуалды мәдениет» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Кеш қонағы – «Тарлан-Үміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, қазіргі заман қазақ романы байқауының жеңімпазы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек болды.

екцияның ашы­луында Қазақстан Жазушылар о­да­ғы Астана филиалының директоры, жобаның ұйымдас­тырушысы, ақын Бауыржан Бабажанұлы жобаның оқырман тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр дәрістер негізінен Астанадағы қаламгерлердің қатысуымен ұйымдастырылса, биыл жоба аясын кеңейтіп, өзге өңірлерден де белгілі әдебиет өкілдері шақырылған. Бұған дейін Сұлтан Раеев пен Бексұлтан Нұржекеұлы секілді қаламгерлер дәріс оқыған. Ал бұл жолы Алматыдан арнайы келген жазушы Жүсіпбек Қорғасбек оқырманмен еркін пікір алмасып, әдебиет пен руханият төңірегінде ой өрбітті. Кездесу барысында қазақ әдебиетіндегі интеллектуалдық бағыт, қаламгердің шығармашылық ұстанымы мен қазіргі әдеби үдерістің өзекті мәселелері сөз болды. Сондай-ақ жазушының «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауында топ жарған «Кельн­дегі көкжал» шығармасының жазылу тарихы, романның идеялық-мазмұндық ерекшелігі мен қоғамдағы рухани құндылықтарды бейнелеудегі көркемдік ізденістері жайында да әңгіме өрбіді.

– Қазақ қоғамында тұлғаларды топтап атау дәстүрі бар. «Арыстар тобы», «Алыптар тобы», «Үш бәйтерек» секілді тарихи атаулар халық жадында сақталғанымен, одан кейінгілерді не деп атаған? Ойыңа ештеңе түспейді. «Соғысқа қатысқандар», «Тың көтергендер», «Бейбіт заманның ақындары» деп көгенге тізгендей етеді де, бертіндегілерді «жеті жетім», «Бес тапал» деп әр саққа жүгіртті. Әйтеуір «алпысыншы жылғылар» деген ат қана абыройымызды сақтап тұрған сияқ­ты. Мен бұл атауларды бекер айтып отырған жоқпын. Яғни бұл арадағы менің мақсатым қоғамға «аңыз адамдар» деген идеяны енгізу» деп сөз бастаған қаламгер Нұрғали Ораз, Роза Мұқанова, Асқар Алтай және өзі қатарлы қаламгерлерді шығармашылық еркіндікті орнықтырған буын ретінде атады. Оның пікірінше, «Төрт тарлан» деп атауға да лайық бұл буын қаламақысыз-ақ сапалы шығармалар жазып, әдебиеттегі өз орнын дәлелдей алды. Сонымен қатар ол алған әдеби сыйлықтарының өзі үшін мақтан емес, шығармашылық тәуелсіздіктің белгісі екенін атап өтті.

Жазушы осы ойдың жетегімен кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары туралы эссе жанрында көлемді еңбектер жазып жүргенін айтты. Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді тұлғалар туралы жазылған естеліктер мен толғаныстар бүгінде үш кітапқа жуық дүниеге айналған.

Қаламгердің сөзінше, бұл еңбектерде ол ұсақ әңгімеге бармай, ірі тұлғаларға лайық парасат биігінен қарауға ұмтылған. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде кең тараған эсселерінің оқырман тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болғанын атап өтті. Дегенмен, жазушы рухани мұраны түгендеу жолында түрлі кедергілерді де сезінгенін жасырмады. Оның айтуынша, қоғамда ірі тұлғаларды шынайы бағалап, олардың болмысын терең зерделеу ісі әрдайым оңай бола бермейді.

Кездесу барысында Жүсіпбек Қорғасбек өзінің «Кельндегі көкжал» романының идеялық өзегі туралы айтып, шетелге сатылып кеткен баланың туған елге деген сағынышы мен ұлттық болмыстан ажырамау мәселесіне назар аударғанын атап өтті. Қаламгердің сөзінше, роман кейіпкерінің түн ішінде қасқырша ұлуы – жай мифологиялық тәсіл емес, адамның туған елге деген аңсары мен рухани жалғыздығын бейнелейтін символдық көрініс. «Шетелге кеткен балаға өгей әкесі кішкентай кезінде «нағыз қазақ болу үшін қасқыр болып ұлу керек» деп үйреткен. Бала күнінде қызық көріп қасқыр болып ұлиды да, кейін ол мұны ұмытып кетеді. Бірақ Лондонда жүріп туған жерін қатты сағынғанда, бір түні еріксіз қасқырша ұлиды. Сөйтіп, асырап алған шетелдік ата-анасының зәресін алады. Бұл – адамның тамырынан, туған топырағынан толық ажырай алмайтынын көрсететін көрініс» деді жазушы.

Кездесу соңында Жүсіпбек Қорғасбек әдебиеттегі гуманизм мәселесіне тоқталып, суицид тақырыбын дәріптеуге қарсы екенін айтты. «Қаламгердің пікірінше, әдебиеттің басты мұраты – адамды өмірге құштар ету, рухын көтеру және ұлттың болашағына қызмет ету. Мен адамдардың өлгенінен гөрі, тірі жүргенін жақсы көремін. Ұлттың дені сау, рухы мықты болуы керек. Елді, жерді сүйіп, соған қызмет ету – әдебиеттің де, адамның да басты міндеті» деді жазушы.

Жүсіпбек Қорғасбек қазіргі қоғамда мотивациялық әдебиет­тің ықпалы күшейгеніне де назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі оқырман өмірге құлшыныс беретін, адамды тіршілікке ынталандыратын шығармаларға көбірек бет бұра бастаған. Сонымен қатар қаламгер қазіргі әдеби ортада кітапты насихаттау мен ұсыну мәдениетінің өзгергенін де атап өтті. Оның пікірінше, қазір мазмұны терең шығармадан гөрі жарнамасы мықты кітаптар тез өтетін заман қалыптасқан. Осыған байланысты ол интеллектуалды мәдениетті дамыту үшін тек шығарма жазу аздық ететінін, оны оқырманға дұрыс жеткізе білу де маңызды екенін атап өтті.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button