Келешекке ашылған есік

Бүгінгі таңдағы заманауи мектеп – толығымен жабдықталған көздің жауын алатын бөлмелер мен цифрлық технологиялар кеңістігі ғана емес, әр оқушыны жан-жақты шығармашылық тұрғыдан дамытатын интеллектуалдық орта. Осы ортада жаңа буынның білімге деген сұранысына жауап беретін білім мен тәжірибе, тәрбие мен құндылық, жаңашылдық пен жауапкершілік тоғысқан. Инновациялық үрдістер, цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары білім беру саласына жүйелі және тереңдеп енгізіліп жатқан мұндай білім ордалары озат, тәрбиелі, цифрлық сауаты мол, ұлтын сүйетін адал ұрпақты өсіріп шығаратыны анық. Мінеки, тура осындай үздік үрдіс Астана қаласындағы №115 жалпы орта білім беретін мектепте енгізілуде. Жуырда білім ордасына арнайы ат басын тіреп, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
2025 жылдың 1 қыркүйегінде есігін айқара ашқан мектепте қазіргі кезде 4446 оқушы білім алады. Барлығы 167 сыныптың ішінде 28-і – 1-сыныптар, яғни, осы саннан-ақ елордада мектептердегі оқушы орындарына деген үлкен сұранысты көреміз. Оқу үдерісін білікті де білімді 230 мұғалімдерден құралған педагогикалық ұжым қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйрету қажеттігін үнемі қадап айтып жүр. «Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал» деді Президент Ұстаздар күніне арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы ұстанымы біз барған №115 мектептің стратегиялық бағытына айналыпты. «Біздің мақсатымыз – оқушыны тек пәндік біліммен шектемей, оны XXI ғасыр талаптарына сай цифрлық сауатты, сыни ойлай алатын, өз ойын дәлелдей білетін, технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасаушы тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл жолда мектеп ұжымы қысқа уақыт ішінде нақты жобаларға негізделген жүйелі жұмысты бастап кетті.
Мектебіміздің негізгі ерекшеліктерінің бірі – AI Creators Lab зертханасының құрылуы. Бұл зертхана жасанды интеллект, цифрлық технология, инженерлік ойлау және жобалық оқытуды біріктіретін шығармашылық алаңға айналып отыр. Оның аясында оқушылар да, мұғалімдер де жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеріп, нақты нәтижеге бағытталған жобалармен жұмыс істеуде. AI Creators Lab бастамасымен мектепте бірнеше пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Effecta жобасы ағылшын тілін жасанды интеллект көмегімен оқытуға бағытталған. Бұл платформа оқушының білім деңгейін анықтап, жеке оқу траекториясын ұсынады, сөйлеу және грамматикалық қателерін талдайды. Мұндай тәсіл әр баланың қабілетіне қарай жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Ал Roqed AI жобасы мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге арналған интеллектуалды көмекші ретінде енгізілуде. Ол оқу бағдарламасына сәйкес қысқа және орта мерзімді жоспарлар әзірлеуге, оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерін жүйелеуге көмектеседі. Бұл – педагогтің уақытын үнемдеп қана қоймай, оның шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашатын маңызды құрал.
Мектепішілік басқару мен қауіпсіздік те цифрлық шешімдер арқылы дамытылуда. Alacan интеллектуалды мониторинг жүйесі оқушылардың қатысуы, тәртібі мен белсенділік динамикасын талдауға мүмкіндік берсе, Otan APK турникет жүйесі мектепке кіру-шығу тәртібін автоматтандырып, қауіпсіздік деңгейін күшейтеді. Сонымен қатар Protector AI жобасы буллингтің алдын алуға, мектепте психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Оқу сапасын арттыру мақсатында BilimClass автоматтандырылған бағалау жүйесі қолданылуда. Бұл платформа оқушы жетістігінің динамикасын бақылауға, оқу үлгерімін ашық әрі жүйелі талдауға мүмкіндік береді. Біздің мектепте STEM, инженерия және робототехника бағыттарына да ерекше мән беріледі. Artizan жобасы арқылы оқушылар 3D модельдеу, конструкторлық жобалау, зертханалық жұмыстар мен инженерлік шешімдерге машықтанады. CodePlay платформасы бағдарламалау мен алгоритмдік ойлауды дамытуға негізделген. Scratch, Python секілді тілдер арқылы балалар логикасын жетілдіріп, жобалық жұмыс істеу мәдениетін меңгереді» деп түсіндірді жаңашыл технологияларды Астана қаласы әкімдігінің №115 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Жұлдыз Рахметова.

Мектеп басшысының айтуынша, технологиялық бағыттағы ізденістер спорт саласымен де ұштасып отыр. Соның жарқын мысалы – Drone Soccer жобасы. Бұл – дрондарды басқару, инженерлік ойлау, командалық жұмыс және киберспорт элементтерін біріктіретін болашақтың жаңа бағыты. Жуырда информатика пәнінің мұғалімі Алтынай Солтанғалидың жетекшілігімен мектеп оқушылары халықаралық INFOMATRIX байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленген. Бұл жетістік командаға Италияда өтетін әлемдік жарысқа жолдама беріпті. Мұндай нәтиже – №115 мектептің халықаралық деңгейге қадам басқанын көрсететін үлкен мақтаныш. Білім ұясының халықаралық аренадағы жетістіктері мұнымен шектелмейді. Оқушылар Өзбекстанда өткен Uzbekistan FIRST Championship 2026 халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, Champion’s Award Finalist атағын иеленген. Қуаныш Мейрамқызы жетекшілік еткен команда мүшелерінің еңбегі мен оқушылардың табандылығы халықаралық деңгейде лайықты бағаланған. Бүгінгі таңда №115 мектепте халықаралық дәрежедегі жүлдегерлер білім алуда, сондай-ақ химия пәні бойынша тағы бір оқушы халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалуда. Бұл – жаңа мектеп үшін аз уақыттың ішінде қол жеткізілген маңызды көрсеткіш.
Бір жылдың ішінде мектеп оқушылары түрлі білім, ғылым, технология және шығармашылық бағыттарда елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын арттыруда. Сонымен қатар, алғашқы түлектердің бірқатары қазірдің өзінде шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп, өз білімін әлемдік деңгейде жалғастыруға шешім қабылдаған. Бұл – мектеп ұжымы, оқушы еңбегі және ата-ана сенімінің нақты нәтижесі.
Мектеп директоры сондай-ақ ұжымда авторлық бастамалар да жүйелі түрде дамып келе жатқанын айтады. «CyberSerbaz жобасы әскери-патриоттық тәрбие, дрон басқару және техникалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Бұл жоба оқушылардың Отанға деген жауапкершілігін, тәртіпке құрметін және технологиялық қабілетін қатар қалыптастырады. ChemLab жобасы үйден оқитын балалар үшін цифрлық білім беру мүмкіндігін кеңейтеді. Интерактивті зертханалық жұмыстар, бейнесабақтар және онлайн тапсырмалар арқылы ерекше білім алу қажеттілігі бар немесе үй жағдайында оқитын балалар да сапалы білімге қол жеткізе алады. Ал FITA жобасы экологиялық тәрбие мен ағылшын тілін креативті әдістер арқылы ұштастырады. Бастауыш сынып оқушылары табиғатты қорғау мәдениетін меңгеріп қана қоймай, шет тілін де қызықты форматта үйренеді. Бұл – білім мен тәрбиенің бір арнада тоғысқан үлгісі.
Біздің мектеп үшін ұлттық құндылық мәселесі де – басты назарда. Себебі технология қаншалықты дамыса да, оның өзегінде ұлттық болмыс, тіл, мәдениет, тәрбие тұруы тиіс. Осы бағыттағы ерекше жобалардың бірі – «Цифрлы домбыра» бастамасы. Бұл жоба ұлттық музыканы заманауи технологиямен байланыстырып, жасанды интеллект арқылы домбыра тартуды үйретуге мүмкіндік береді. Яғни біз ұлттық өнерді сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жақын, түсінікті, цифрлық форматта ұсынуға ұмтыламыз.
Мектептің дамуында ұстаздар қауымының рөлі айрықша. Осы мақсатта Upgrade Ustaz және EduTALK кәсіби алаңдары жұмыс істейді. Upgrade Ustaz – жас, креативті, заманауи ойлайтын педагогтердің жаңашыл қауымдастығы. Олар жаңа әдістемелерді сынақтан өткізіп, білім беру процесін жандандыруға үлес қосуда. Ал EduTALK – бастауыш сыныптың тәжірибелі, шебер мұғалімдерінен құралған шығармашылық алаң. Бұл бірлестік бастауыш білімнің берік іргетасын қалыптастыруды басты миссиясы санайды. Бүгінгі мұғалім – тек сабақ беруші емес, ол – зерттеуші, тәлімгер, цифрлық мәдениетті қалыптастырушы және баланың болашағына бағыт беруші тұлға. Сондықтан мектебімізде AI креатив мамандары ұғымы қалыптасып келеді. Олар технологияны жай құрал ретінде емес, білім сапасын арттыратын, баланың қабілетін ашатын, мұғалім еңбегін жаңа деңгейге көтеретін мүмкіндік ретінде қабылдайды» деді Жұлдыз Рахметова.
Білім ордасындағы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – мектеп директорының бастамасымен іске қосылған заманауи AI HUB жобасы. AI HUB бірнеше негізгі аймақтан тұрады: жасанды интеллектіні өзіндік меңгеру аймағы, робототехника және шығармашылық аймағы, конференц-аймақ, нейрожелілер мен вайб-кодинг аймағы. Бұл кеңістік оқушылардың деректермен жұмыс істеу, алгоритмдік ойлау, инженерлік жобалау, цифрлық шешім әзірлеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Цифрландыру бағытындағы жұмыс серіктестік байланыстармен де нығая түсуде. Мектеп еліміздегі Qaz.ai жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығымен және Az group ұйымдарымен ынтымақтастық орнатуда. Бұл серіктестік аясында жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары, курстар, тренингтер ұйымдастыру, оқушыларды технологиялық жобалар мен стартаптарға тарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және кәсіптік бағдар беру бағыттары күшейтіледі.
Осылайша, №115 мектеп бір жылға жетпеген уақыт ішінде өзін жаңа форматтағы білім ордасы ретінде танытып үлгерді. Әрине, бұл жетістіктер бір күнде келген жоқ. Оның артында ұстаздардың еңбегі, оқушылардың ізденісі, ата-аналардың сенімі, серіктестердің қолдауы және ортақ мақсатқа жұмылған мектеп ұжымының жауапкершілігі тұр. «Біз үшін ең бастысы – заманауи технологияны ұлттық тәрбиеден ажыратпай дамыту. Себебі нағыз келешек мектебі робототехникасы бар, жасанды интеллекті қолданатын, халықаралық жарыстарға қатысатын мектеп қана емес, нағыз келешек мектебі – білімді де тәрбиелі, цифрлық сауатты да ұлттық болмысы берік, әлемге ашық та еліне адал ұрпақ тәрбиелейтін орта. Астана қаласы әкімдігінің №115 жалпы орта білім беретін мектебі – бүгінгі баланы ертеңгі ел тірегіне айналдыруды мақсат еткен білім кеңістігі. Біз мектеп ашқан жоқпыз, біз келешекке есік аштық. Ал сол есіктен сеніммен аттайтын әрбір оқушы – еліміздің ертеңгі үміті, жаңа Қазақстанның зияткер ұрпағы» деп сөзін түйіндеді Ж.Рахметова.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



