Экожоба іске қосылады

Халықаралық әйелдер күніне орай елорда мектептері «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы аясында «Экосыйлық» жобасын жүзеге асырмақ. Іс-шара экологиялық өмір салтын насихаттауға бағытталған. Жоба Астанадағы 5 мыңға жуық студентті қамтиды.
Апта бойы мектеп оқушылары қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың көрмесін ұйымдастырып, күнделікті тұрмыстағы заттарды экологиялық таза пайдалану жолдарын көрсетеді. Сол арқылы айналасын экологиялық мәдениетке үйретеді. Акция соңында оқушылар бөлмеде өсетін өсімдіктерді отырғызуды жоспарлап, 8 наурызда аналар мен әжелеріне сыйлайды.
«Бұл акцияның идеясы экологиялық таза өмір салтын насихаттау, қайта өңделетін материалдарды жинау және пайдалану мәдениетін дамыту мақсатында туындады. Біз қоғамның назарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға аудару маңызды деп ойлаймыз. Бұл әсіресе экологиялық мәселелер мен тұрақты тұтыну мәселесінде өзекті. Сонымен қатар келе жатқан мерекеге орай қымбатты нәзік жандарды жаңа өскен гүлмен қуантамыз» деді Астана қаласы әкімдігі Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгүл Әбдіреева.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен іс-шаралар мектеп оқушыларының тұлғалық даму деңгейінде оң нәтижелерге әкеледі деп атап өтті ұйымдастырушылар.
«Біз акциядан тұрғындардың экологиялық сауаты артады деп үміттенеміз. Іс-шарадан кейін оқушылар әртүрлі экожүйелер, олардың табиғаты және кездесетін проблемалар туралы біледі деп үміттенеміз. Мысалы, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, биоәртүрліліктің жоғалуы және тұрақты тұтыну. Мектеп оқушыларының ағаш отырғызуға қатысуы білімін іс жүзінде қолданудың, тәрбиелік бастамалардың, белсенді қатысудың және көшбасшылық қасиеттерді дамытудың алаңына айналады деп үміттенеміз. Бұл, түптеп келгенде, экологиялық бағдарланған ұрпақты қалыптастырады» деп атап өтті қалалық әкімдіктің Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы экология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Мұсатаева.