«Жасыл ел»: елордада жаңа еңбек маусымы ашылды
Астанада 29 мамыр күні «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды. Биыл жобаға 14-35 жас аралығындағы 5 200 жас қатысады. Жаз бойы олар қаланы көгалдандырумен, саябақтарды, гүлзарларды және мектеп маңындағы аумақтарды тазалаумен айналысады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Маусымның ашылуы амфитеатрда «Жасыл ел» сарбаздарының, еріктілердің және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өтті. Биылғы маусымның ұраны – «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі».
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, биыл жоба аясы айтарлықтай кеңейтілген.
«Өткен жылмен салыстырғандағы айырмашылық – жалпы осы маусымда, мамыр мен тамыз аралығында «Жасыл елдің» 5 200 сарбазы қатысады. Сондай-ақ биыл біз жалақыны өсірдік. Өткен жылы олар қолдарына 54 мың теңге алса, биыл 73 мың теңгеге жеткіздік. Сонымен қатар оларда міндетті зейнетақы аударымдары болады», – деді ол.
Тағы бір жаңалық – цифрлық кезек. Енді қатысуға өтінімді astana-jasylel.kz онлайн-платформасы арқылы беруге болады. Самат Ибраевтың сөзінше, жобаға бірінші кезекте толық емес және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер қабылданады. Бұл ретте «Жасыл ел» қатарына мектеп оқушылары да, колледж студенттері да қосыла алады.
Маусым қатысушыларының арасында №101 мектептің 10-сынып оқушысы Сабина Тілеубек те бар. Жасөспірім өткен жылы да «Жасыл елдің» қатарында болғанын және осы жазда да жалғастыруды жөн көргенін айтты.
«Біз күнделікті гүл суардық, ағаш отырғыздық, жолдарды сыпырдық және мектепке көмектестік. Мен әлеуметтік белсенді болғым келеді, өзіме де, мектепке де көмектескім келеді, сондықтан ары қарай да қатысқым келеді», – деп мектеп оқушысы ойын білдірді.
Ол көптеген жасөспірімдердің жобаға ата-аналарына көмектесу немесе жазда табыс табу үшін келетінін айтты. Алайда ол үшін «Жасыл елге» қатысу – өзін тану, жаңа адамдармен танысу және қалаға пайда тигізу.



