Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы

Мемлекеттік қызмет – қоғам дамуын қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі. Елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамуының сапасы көбіне мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне байланысты. Заманауи әлемде тек білімді ұрпақ қана жаһандық өзгерістерге бейімделіп, елін алға сүйрей алады. Осы орайда, біз мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі, оның ішінде жаңа формат арқылы қабылданған қызметшілердің пікірімен бөлісіп отырмыз.
Дарын Тлеубекұлы, Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
– Шындық пен амбиция адамның өмірлік философиясының негізі болып табылатын адам үшін мемлекеттік қызмет – табиғи таңдау. Бұл – жоғары моральдық құндылықтар мен мамандық деңгейді жетілдіруге деген ұмтылыс нақты жүзеге асатын сала. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіруге мүмкіндік көп, әсіресе жастарға. 2022 жылдан бастап осы салада еңбек шартымен жұмыс істей отырып, мен терең әрі көп қырлы тәжірибе жинақтап, қоғамға қызмет етудің әр қадамының қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Бұл салада әрдайым жетуге болатын мақсаттар бар. «Өмір бойы тіршілік ет, өмір бойы үйрен» дегендей, әр күн жаңа мүмкіндіктер, өмірлік әрі кәсіптік сабақтар әкеледі. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасы арқылы кіріп, бүгінгі таңда Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы болып қызмет етіп келемін. Жас мемлекеттік қызметкер ретінде мемлекеттің гүлденуіне өз үлесімді қосып жүргенімді мақтаныш көремін. Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой.
Берік Алпысбайұлы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы:
– Мен мемлекеттік қызметке келу туралы шешімді саналы түрде қабылдадым. Бұл – мен үшін халыққа қызмет ету және елдің игілігіне үлес қосу жолы. Мемлекеттік қызмет тек жұмыс емес, ол – жауапкершілік пен адалдықты талап ететін өмірлік таңдаулардың бірі. Халықтың сенімін ақтап, азаматтардың мүддесін қорғау мақсатын жүзеге асырамын деп ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасына қатысып, жеңімпаз атандым. Пилоттық жоба жастарға жол ашып, кадрлық құрамның білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр. Мемлекеттік қызмет – елдің дамуына үлес қосып, халықтың сенімін ақтайтын маңызды алаң. Әрбір азаматтың өмірін жақсартуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Менің ойымша, Қазақстан Республикасының болашағы білімді, белсенді және адал қызметкерлердің қолында. Сондықтан мен еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етуге дайынмын.
Ескендір Ардақұлы, Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппараты өндіріс-техника бөлімінің бас маманы:
Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Механика және металлургия» мамандығында білім алдым. Қазіргі таңда Астана қаласы Нұра ауданы әкімдігінде өндіріс-техника бөлімінің бас маманы қызметін атқарамын. Мемлекеттік қызметке Е-қызмет жүйесіндегі енгізілген жаңа пилоттық жоба бойынша іріктеліп, әкімшілік мемлекеттік лауазымға тағайындалдым. Маған бұл конкурстың ұнағаны – өзіңе ыңғайлы кезде кез келген уақытта тесттерден өтуі. Пилоттық жоба мен сияқты тәжірибесі жоқ, университетті енді тәмамдаған жастарға керемет мүмкіндік деп санаймын. Атқаратын жұмысым өзіме ұнайды. Әріптестеріммен өте татумыз, көмек қажет жағдайда бір-бірімізді әрдайым қолдаймыз. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді бала кезден армандаған едім, жұмыс жасап өз еліме, халқыма пайдам тисе екен деп ойлаймын. Әрқашан өз жұмысыма адал болып, еліміздің дамып, өркендеуіне аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Болашағымыз біз сияқты жастардың қолында.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша
департаменті