Астанада жылыту маусымы басталды
Сыртқы ауа температурасының төмендеуін ескере отырып, әкімдік 2024-2025 жылыту маусымының басталуы туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
24 қыркүйектен бастап тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен жылу беру басталды. Барлық нысандарды толық қосу екі-үш күн ішінде жоспарланып отыр.
Бұған дейін әлеуметтік нысандар олардың өтінімдері бойынша (мектептер, балабақшалар, емханалар) жылытуға қосылған болатын.
Осы ретте кеше Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз-конференциясында жылу энергиясымен қамтамасыз ететін мекемелердің жылыту маусымының күзгі-қысқы дайындық жұмыстары туралы хабарланған болатын. Онда биыл жазғы кезеңде «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықты жаңарту және жөндеу бойынша елеулі жұмыстар жүргізілгені айтылды.
«Күрделі жөндеу компанияның әртүрлі энергетикалық блоктарындағы 5 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегатта жүргізілді. Биыл энергия жабдықтары, ғимараттар мен құрылыстарға ағымдағы жөндеу жасалды, олар жылыту жүйесі жұмысының қауіпсіздігіне ықпал етеді. Алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықтарды жаңартты.
2024-2025 жылдардағы қысқы-күзгі кезеңге дайындық аясында қарастырылған мәселелердің бірі — дайындықтың бірінші кезеңінде 55 жылу магистралі мен тарату желілерін тығыздық пен беріктікке тексеру мен сынақ жұмыстары болды. Сынақтан өткен 55 жылу магистралі жалпы жылу магистралі көлемінің 100% құрайды. Сондай-ақ 14 сорғы станцияларында және 1 жылу пунктінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар ұзындығы 1217,95 м жылу желілері ішінара ағымдағы жөндеуден өтсе, ішінара жаңадан эксплуатацияға берілді», — дейді Астана қаласының Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов.
Қазіргі таңда әлеуметтік сала мен тұрғын үй нысандары жылуа қосылуға дайын. Соның ішінде тұрғын үй қоры 3357 үй (98%), денсаулық сақтау саласының 36 нысаны (100%), білім саласының 186 нысаны (99%), мәдениет саласының 15 нысаны (100%) бар. 2024-2025 жылғы қысқы кезеңге арналған жылудың жалпы қуаты 4 104 Гкал/сағ құрайды.
Жылыту маусымына дайындықта маңызды жұмыс — отын қорын дайындау. Осы процестің шеңберінде көмірмен, мазутпен және газбен жабдықтау электрмен жабдықтау станцияларында авариялық резервтік және жедел іс-шаралар талаптарына сәйкес қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама аясында 10 нысанда ұзындығы 8580 м жаңа трасса салынып, қазіргі таңда бұл жұмыс көлемі 100% орындалған.