Қоғам

АЭС салуда әлеуетіміз зор

Референдум алдында халыққа АЭС салудың тиімділігі мен қажеттілігін түсіндіру барысында көптеген сұрақтар туындайды. Осы сала маманы, инженер-электрик ретінде айтарым, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 10 пайызды құрайды. Ал бұл жетіспеушілік 2034 жылға қарай 20 пайыз болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде жетпейтін бөлігін көрші мемлекеттерден алып отырмыз. Энергия  тапшылығы шарықтау шегіне жететін сәттерде оңтүстікке Қырғызстаннан, басқа өңірлер үшін Ресейден аламыз. Сырттан ток алуға жылына 100 млрд теңге шығын жұмсалады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да 2027-2030 жылдары еліміздегі электр энергиясы тапшылығы 15-20 пайызға жетеді деген болатын. Осы тапшылықты жою үшін бізге АЭС салу қажеттілігі артып отыр.

Халықпен кездесулер кезінде азаматтар неге жел, күн, су, көмір, газ арқылы электр өндірісін дамытуды қарқынды дамыта бермейміз деп сұрайды. Жел мен күн ауа-райының өзгеруіне қарай тұрақсыз, ал көмір мен газдан ауаға тасталатын зиянды қалдықтар көп. Ал атом электр стансасынан ауаға ешқандай зиянды заттар бөлінбейді, әрі атом энергетикасының қуаттылығы мен қауіпсіздігі жоғары. Әлем бойынша экологиясы ең мықты ел Финляндияда 2 АЭС бар. Қытайда 26 АЭС жұмыс істеп тұр. Көршіміз Өзбекстан атом электр стансасын салуды бастап кетті. Оның үстіне Қазақстанда уран өндірісінің ауқымды болуы атом энергетикасын дамытуға әлеуетіміздің зор екенін көрсетеді. Қазір уранды шикілей шет мемлекеттерге сатып отырмыз. Ал уранды АЭС-ке пайдаланғаннан кейін оның құны мың есе артады. Сондықтан өзімізден шығатын шикізатты өңдеп сататын болсақ, бұл экономикамызды одан сайын күшейте түсері сөзсіз. Кадрлар дайындау бойынша бізде 5 өңірде мамандар әзірлеу мүмкіндігі бар, АЭС салынатын болса Еуразия ұлттық университетінде де осы бағытта факультеттер ашылады. Экономикамыздың қарыштап дамуы үшін қазір шетелден инвесторлар тартуға басымдық берілген. Олар бізге көптеп келіп жатыр. Алайда мәселен, оңтүстікте өндіріс орнын салуға келгенде жер табылады,  қаржы бар, тек электр энергиясының жетіспеушілігінен ірі-ірі жобалар тоқтап қалуда. Сондықтан атом энергетикасының осындай әлеуеті мен артықшылықтарын ескере келе баршаңызды алдағы референдумда АЭС салу мәселесі бойынша дұрыс таңдау жасауға шақырамын.

 Ғабиден Қанатов,

«Астана-РЭК» АҚ күрделі құрылыс қызметі бастығының орынбасары

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button