Астанада жыл басынан бері 878 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Астана қаласында жыл басынан бері 878 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 1031 адам түрлі дене жарақатын алып, 9 адам қаза болды. Апаттылықты талдау нәтижесіне сәйкес жол-көлік оқиғаларының ең көп болатын түрлері – жаяу жүргіншіні қағып кету және қарсы бағытта соқтығысу, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешовтің айтуынша, көбіне жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы, қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы, маневр жасау талаптарын орындамауы, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі сияқты жайттар түрлі апаттарға себеп болады.
-Сондай-ақ жол белгілері мен бағдаршам талаптарын елемеу, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қою, қоғамдық көлік жолақтарына шығу, қарсы бағытқа шығу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу де кездеседі. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы мен көлік ағынының артуы да жол-көлік оқиғаларының орын алуына әсер етуде. Мысалы, жыл басынан бері жол белгілері мен таңбаларының талаптарын, сондай-ақ қиылыстардан өту ережелерін сақтамаудың 120 мың фактісі тіркелді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 20 мыңнан астам фактісі анықталды, — дейді ол.
Ал жаяу жүргіншілер тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын белгісі тұрса да жүру, құлаққап немесе телефон қолдана отырып жол қозғалысына назар аудармау фактілері жатады.
-Жыл басынан бері осындай 14 мыңнан астам факті тіркелді. Жол жүру ережесінде жаяу жүргіншілер үшін де қатаң талаптар бар екенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, олар жаяу жүргіншілер өткелінен өтпес бұрын автокөліктердің тоқтағанына және өздеріне жол беріп тұрғанына көз жеткізуге міндетті. Өкінішке қарай көптеген жаяу жүргіншілер қауіпті сезінбейді және «бұл — жаяу жүргіншілер өткелі, сондықтан мұнда мен басты адаммын» деп ойлап, аталған талаптарды дөрекі түрде елемейді. Біз бұл тақырыпта «Жаяу жүргінші» деп аталатын бөлек жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Соның аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бейнероликтер әзірленуде. Бұл роликтер WhatsApp мессенджеріндегі үй чаттарына таратылады, сондай-ақ жол бойындағы медиабордтардың, сауда-ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрлардың экрандарында көрсетіледі, — дейді полиция подполковнигі .



