Астана туралы заң қабылданды

Парламент астана мәртебесін айқындауға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.
Заңда жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері қарастырылған. Олардың қатарында астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлін атқаруы үшін жағдай жасау, орнықты әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы арқылы оның бәсекелестік мүмкіндігін арттыру, сондай-ақ халықаралық қатынастар орталығы ретіндегі рөлін күшейту бар. Бұдан бөлек, Астана қаласы мәслихаты мен әкімдігінің өкілеті бекітіледі.
Мәслихат басқа мемлекеттердің жергілікті өкілді органдарымен халықаралық байланыстар орнатады, мемлекет қажеттілігі үшін жер телімін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келіседі, қала құрылысы регламентін және астана аумағын құрылыстық игеру схемаларын бекітеді. Өз кезегінде әкімдікке реконструкциялау объектілерін жобалау, салу және пайдалануға беру мерзімдеріне бақылау жасауды жүзеге асыру, апат жағдайындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру, қаланың біртұтас архитектура келбетін қалыптастыру және астананың дизайн-кодын сақтау үшін жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін айқындау, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлеу құзыреті беріледі.



