Басты ақпаратМәдениет

Астана мәдени ордаға айналды

Бүгін – елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды, руханиятымызды, мәдени мұрамызды сақтауға және дамытуға үлес қосып жүрген жандардың кәсіби мерекесі. Астана бас қала болғаннан кейін айтулы мәдениет ошақтары мен өнер ордалары осында шоғырланған. Бұл мекемелерде өмірін аталған салалармен байланыстырған қаншама адам еңбек етіп жатыр. Осы қатарда Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемелермен бірге Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарайтындары да бар. Атап айтқанда, театрлар, музейлер, кітапханалар, концерттік ұйымдар еліміздің рухани тынысында айрықша орын алады. 

Қабырғалы қаламгер Әбіш Кекілбайұлынан мәтелге айналған «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөз қалды. Қазір елордада кітапхана ісі қарқынды дамып жатыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын 18 кітапхана болса, одан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 7 кітапхана ашылды. Қазіргі 25 кітапхананың барлығы толық жаңғыртудан өткізіліп, заманауи талаптарға сай жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қалалық кітапханалардың тұрақты оқыр­мандары саны 100 мыңға жетті. Биылғы меже – олардың санын 100 мыңнан асыру. Оған толық мүмкіндік бар, себебі қала тұрғындарының саны да артып келе жатыр. Қалалық кітапханалардың кітап қоры да өсу үстінде. Бүгінде қор 850 мыңнан асты. Сирек кездесетін, құнды кітаптарды да алдырып, оларды цифрландырып, көпшілікке ұсыну жоспарланған.

Классик қаламгер Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді. Бүгіндері бас қалада театрлар саны 10-нан асады. Соның ішінде қалалық 7 театр бар. Бұл қатарда тарихы бір ғасырдан асатын, былтыр 125 жылдығын атап өткен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, «Қуыршақ» театры, Музыкалық жас көрермен театры және Қазақстан мен Орталық Азияда инклюзивті бағытта алғаш ашылған «Қанаттылар» театры. Осы ерекше театрға тоқталайық.

«Қанаттылар» осыдан 5 жыл бұрын Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» театрының жанынан құрылды. Оның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі дарынды адамдардың шығармашылығын дамыту, әлеуметтендіру және оларды қоғаммен үйлесімді байланыс­тыру. Бір жарым жыл бұрын бұл театр «Жастар» театрынан бөлініп шығып, жеке отау болды. Өнер ошағы ерекше жандардың шынайы өмірін сахна арқылы көрсетіп қана қоймай, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыруға күш салады.

Қазіргі таңда театрда 30-дан аса актер еңбек етеді. Актерлермен бірге хореограф, вокал тәлімгері, режиссер, сурдоаудармашы және әкімшілік қызметкерлері жұмыс істейді. Штаттың 70%-дан астамы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл театрдың инклюзивті бағытын шынайы айқындайды.

Осы күндерге дейін «Қанаттылардың репертуарына 12 қойылым енген. Спектакльдердің жанры да сан алуан. Драма, мелодрама, комедиядан бастап ертегіге дейін бар.

Өткен жылы «Қанаттылар» театры халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткен ерекше балаларға арналған фестивальге қатысты. Театр ұжымы форумда «Үй таңданған лақ» ертегісін қойып, көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, театр Қазақстанның бірқатар өңірлерінде гастрольдік сапарлармен өз өнерін кеңінен насихаттады. Атап айтқанда, Семей қаласында, Қарауыл ауылында, Талдықорған және Ақтөбе қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының Астрахан ауданында өнер көрсетті.

Гастроль демекші, биыл бас қаланың театрларына, жалпы өнер ұжымдарына шығармашылық сапармен ел аралауға мол мүмкіндік беріліп отыр. Мәселен, «Жастар» театры сәуір айында Павлодар және Екібастұз қалаларына барып келді, Алматы мен Қонаев қалаларында қойылымдарын қойды. Өнер ошағы қазір «Шоқан және Ыстықкөл» спектаклінің премьерасына дайындық үстінде. Алматы облысына сапары барысында ұжым Шоқан рухына тағзым ету мақсатында Шанханай ауылына барды. Зиярат жасап, кейін музейін аралап, ғалымның өмірі мен еңбектеріне тереңірек үңілді. Ал осы айда жастарлықтар Жаңаөзен және Ақтау қалаларына барып үлгерді.

Келесі айға еліміздің батыс өңірінде Музыкалық жас көрермен театрының гастролі жоспарланған. Өнер ұжымы Ақтау қаласында 5-10 маусым аралығында болып, қойылымдарын ұсынады.

Елордадағы іргелі өнер ошақтарының бірі – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы. Мұнда мыңдаған адам, 13 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Құрамында қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, Қ.Жұмекенов атындағы үрлемелі аспаптар оркестрі, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Қорқыт» этно-ансамблі, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, классикалық және эстрадалық вокал бөлімдері, халық әні бөлімі, «ALEM» заманауи би балеті бар.

Елорда филармониясында елге танымал әртістер қызмет істейді. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртістері – Айтқали Жайымов, Майра Ілиясова, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Алтынай Жорабаева, Ұлықпан Жолдасов, Арайлым Рахым, Светлана Айтбаева, Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Айгүл Қосанова, т.б. бар. Талантты жастар да баршылық. Соның ішінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреат­тары – Алтынбек Әбілда, Қалқаман Дүйсенбаев, Ақбота ­Құснадин есімдерін ерекше атап өтуге болады.

Елорданың Бірлескен музейлер дирекциясына «АЛЖИР» мемориалды музей-кешені, Сәкен Сейфуллин музейі және Өнер музейі қарайды. Аталмыш руханият ошақтары өткен тарих туралы сыр шертеді. «АЛЖИР»-де өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарынан жәдігерлер мен жазықсыз жапа шеккен адамдардың тағдырларынан құжаттар мен суреттер жинақталса, Сәкен Сейфуллин музейі Сәкендей мемлекет және қоғам қайраткері мен сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өмірі мен шығармашылығына арналады, ал Өнер музейі өткен жылы ғана ашылып, көнеден келе жатқан ұлттық аспаптармен таныстырады.

Елорданың «Жастар» сарайы­ның құрамында да «Астана» эстрада-симфониялық оркестрі, тағы осы секілді шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. Жалпы қазіргі таңда елорда мәдениеті мен өнері қалыптасты. Бас қалада күнде түрлі мәдени іс-шаралар өтеді. Жұрт талғамы мен таңдауына қарай барып жатады. Қазір Астана мәдени ордаға айналды деп сеніммен айта аламыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button