Ардагерлер алғыс айтады

0 109


Елордадағы Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне арналған орталық клиникалық госпитальда елiмiздiң әр аймағынан келген науқастар емделуде.
Бүгiнде бұл мекемеде астаналық 350-ден астам ардагер тiркеуде тұр.

Ең басты айтарымыз, госпиталь ардагер қауымына тегiн медициналық қызмет көрсетедi. Мекеме 2004 жылға дейiн Алматыдағы госпитальдiң бiр бөлiмшесi болып жұмыс iстесе, одан берi жеке клиникалық госпиталь санатында.
Госпиталь тек Ұлы Отан соғысы мүгедектерiне арналған деп аталғанымен, мұнда Ауғанстан соғысының ардагерлерi мен сонда қаза болған жауынгерлердiң отбасы мүшелерi, Чернобыль апатынан, Семей полигонынан зардап шеккендер, саяси қуғын-сүргiн құрбандарына қатысы бар азаматтар, Еңбек ерлерi, Астананың құрметтi азаматтары мен олар-дың отбасы мүшелерi емделедi. Осы топқа кiретiн науқастардың бәрiне жыл сайын госпитальға жатып, емделiп шығуына мүмкiндiк кеңiнен қарас-тырылған. Мұнда бiлiктiлiгi жоғары терапевт, уролог, хирург, невропато-лог, окулист, стоматолог, дерматолог, физиотерапевт, эндокринолог, гастроэнтеролог пен басқа да мамандар емдеу жүргiзедi.
«Тағдырдың тауқыметiн көрiп, талай қиыншылықтарды бастан кешкен азаматтармен жұмыс жасауда үлкен тәжiрибе керек. Қарт адамдар болған соң, дәрiгерлер олардың көңiлiн тауып, керек емдердiң бәрiн жасайды. Мұнда 150-ден астам медицина қызметкерi шыдамдылықпен жұмыс iстейдi», – дейдi госпиталь директоры Әдiлхан Абдулин.
Әдiлхан Әмiрбекұлы бұл мекемеге төрт жылдан берi басшылық етiп келедi. Ресейде туып, сонда еңбек еткен. Отыз жылдық тәжiрибесi бар азамат Ресейдiң еңбек сiңiрген дәрiгерi атанған. Ал, Астанаға қоныс аударған төрт жыл iшiнде қазақ дәрiгерлерiнiң қатары күн санап көбейiп келе жатқанын жақсылыққа жорып әңгiмеледi.
Госпитальдың қазiргi материалдық-техникалық жағдайы жақсы. Қажет аппараттардың бәрi бар. Кардиологиялық, стационарлық клиникалық, амбулаторлық-консультативтiк, диагностикалық және арнайы емдеу бөлiмдерiнiң бәрi соңғы үлгiдегi медициналық құралдармен жабдықталған. Жоғары бiлiмдi әрi бiлiктi 15-20 жылдық еңбек өтiлi бар мамандар мен бiрiншi санаттағы дәрiгерлер өз iсiнiң нағыз мамандары екенiн мақтан тұтады.
Бiз госпитальды аралауға мүмкiндiк алдық.
Емделушi науқастарға бос уақытын ыңғайлы өткiзуге барлық жағдай жасалған. Екеуара шахмат ойнап жатса, кейбiреулерi газет оқып отыр.
Дәрiгерлiк қамтамасыз ету бөлiмiнiң меңгерушiсi Екатерина Черны-каеваның айтуынша, мұнда науқастарға қажет барлық дәрi-дәрмек мемлекет тарапынан тегiн берiледi. Бүгiнде мұқтаждар 500-ден астам дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етiлгендiгiн алға тартты.
Мұнда емделуге Көкшетау өңiрiнен келген 92 жастағы ақсақал Салық Ақтаев пен 90 жастағы астаналық қария Ахмадия Бекмади дәрiгерлердiң ыстық қамқорлығына ерекше алғыстарын бiлдiрiп жатты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − seven =