АЭС – технологиялық прогресс пен энергетикалық тұрақтылық
Астана қаласындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта «Болашақ энергиясы» ғылыми конференциясы өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Оған «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері қатысты.
Іс-шараға бейнебайланыс арқылы «Ассамблея жастары» РҚБ-ның өңірлік өкілдіктері де қатысты. Жиында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мүрсалова және «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев сөз сөйледі.
Гүлмира Мүрсалованың айтуынша, елдегі электр энергиясының шамамен 70%-ы көмір стансаларында өндіріледі. Ал олардың тозығы жеткен.
«Әрине, көмір стансаларын жаңарту жоспарда бар. Бірақ алдағы 20 жыл ішінде электр энергиясын өндірудің мұндай түрін қысқартуымыз керек және біз одан қашып құтыла алмаймыз. Мұнда біз көміртексіз энергияға көшу туралы айтып отырмыз. Өкінішке қарай, жаңартылатын энергия көздері тұрақсыз болып саналады. Өйткені жел немесе күн сәулесі болмаған кезде біз электр қуатынсыз қаламыз. Сонымен қатар, болашақта көрші мемлекеттерге үміт артпау үшін біз өзімізді қамтамасыз етуіміз керек. Біздің дамыған шикізат және өнеркәсіптік базамыз елімізде атом энергетика саласын дамыту үшін жақсы негіз бола алады», — деді ол.
Спикер АЭС 60-тан 100 жылға дейін жұмыс істей алатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Гүлмира Мүрсалова әртүрлі энергия көздерінің экологияға әсері туралы статистикалық мәліметтерді ұсынып, АЭС-тің экологиялық таза энергия көзі ретіндегі артықшылықтарын түсіндірді.
Өз кезегінде Тимур Жұмырбаев АЭС пен жалпы атом энергетикасы туралы жалған ақпарат тарату мәселесіне кеңінен тоқталды.
«Бізде бейбіт атомның төңірегінде ешқандай жаңсақ пікір болмауы керек. Оны бұрынғы тарихтағы оқиғаларымен салыстыру – бұл шындыққа қарсы шығу. Өз таңдауымызды ең алдымен осы саладағы сарапшылардан келетін дұрыс ақпаратқа сүйене отырып жасауымыз керек. Қазір атом энергетикасы ең қауіпсіз және экологиялық таза көздердің бірі деп айтуға болады. Қазір біз болашақтағы ғылым мен өнеркәсіптің дамуын таңдаймыз, энергетикалық тәуелсіздіктің стратегиялық мәселесін шешеміз. Сондықтан референдумда біз технологиялық прогресс пен энергетикалық тұрақтылықты таңдайтынымызды нақты түсінуіміз керек», — деп түйіндеді «Ассамблея жастарының» басшысы.
Кездесу соңында қатысушылар бейбіт атом Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқарады және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін үлкен әлеуетке ие деген ортақ пікірге келді.
Еске сала кетейік, «Ассамблея жастары» ұйымы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың құрамына кіреді. Мұндай конференциялар ұйымның аймақтық бөлімшелерінде де тұрақты өткізіліп тұрады.