Басты ақпаратМәселе

Әлеужелідегі өшпенділіктен қалай қорғанамыз?

Жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерде ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады

Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тіл – ұлттың қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі» деген өшпейтін сөзі бар. Аталы сөздерді біз кітаптан оқып, бірақ көңілімізге тоқымайтынымыз өкінішті-ақ. Егер тоқитын болсақ, адамдардың бойында өшпенділік, жауыздық, надандық деген жағымсыз қасиеттер болмас еді. Ақпарат ғасырында күнделікті өмірімізді ұялы телефонсыз, планшетсіз, интернетсіз көзге елестету қиын. Әсіресе, әлеуметтік желілерге деген тәуелділік ой-санамызды тұсаулап алған заманда тілдің тазалығы, медиа мәдениет деген ұғымдарға немқұрайдылықпен қарайтынымыз рас. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі өшпенділік геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Ең қорқыныштысы – осы.

Әлеуметтік желі – қоғамның айнасы

Өткенде интернетте, әлеуметтік желілерде «хит болған» әнші Мақпал Жүнісованың бейнежазбасы, қазақ тіліндегі сөздердің 70 пайызы арабтікі деген пікір айтқан имам Қабылбек Әліпбайұлының сұхбаты осыған дәлел. Қызу пікірталастар негізінен, Facebook-тегі қолданушылар арасында жүреді. Басқа әлеуметтік желілермен салыстырғанда қазір Facebook-ті тұтынушылар саны артып келеді. Биылғы статистика бойынша, жұмыр жердегі 7 млрд-тан астам халықтың 3 млрд-тан астамы күн сайын Facebook-тің контентін тұтынады. Android арқылы әлеуметтік желінің қосымшасын бір тәулікте тұтынушылардың 65 пайызы ашады екен. Қазіргі кезде БАҚ-тардың көпшілігі Facebook-те жарияланған контентті дерек көзі ретінде пайдаланады. Біздің қоғамдағы өзекті, түйткілді мәселелер осы желіде ашық көтеріліп, кеңінен талқыланып жататынын көріп жүрміз.

Енді жоғарыда сөз болған екі жазба туралы ой-пайымымызды тарқатып айтайық. Әлеуметтік желі – қоғамның айнасы. Сол айнаға қарасақ, жақсы нәрселер де бар, жаман нәрселер де бар. Өкінішке қарай, соңғысы көбейіп бара жатқаны алаңдатады.

Расул Ғамзатовтың «Құр сөз деген болмайды. Ол – не қарғыс, не құттықтау, не әсемдік, не қасірет, не лас, не гүл, не пәле, не ақиқат, не сәуле, не түнек» деген сөзі бүгінгі әлеуметтік желілердегі өшпенділікке, кибербуллингке қатысты айтылған сияқты көрінеді. Интернеттегі өшпенділік геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Кибербуллингтің құрбандары сайып келгенде өздері агрессорға айналады. Қазір әлеуметтік желілердегі өшпенділіктен қоғамдағы танымал тұлғалар зардап шегеді. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, әлеу­меттік желілердегі мұндай кибербуллингке медианың ықпалы зор.

Хейтерлердің шабуылынан қалай қорғанамыз?

Біз жоғарыда Facebook-ке арнайы тоқталдық. Өйткені кибербуллингтің пайда болуы мен өршуіне белгілі бір цифрлық платформадағы ахуал әсер етеді. 2023 жылы тамызда ВКонтакте желісінде жазбалардағы өшпенділікпен жазылған пікірлерді өшіріп тастайтын нейрожелі орнатылды. Бұл – хейтерлердің қаулаған шабуылынан қорғайтын тәсіл. Бір ғана жағымсыз пікір өзі сияқты 15 адамның пікір жазып, белгілі бір тұлғаны «түтіп жеуге» негіз болатынын психолог-мамандар дәлелдеген. Еуропаның кейбір дамыған елдері желідегі өшпенділікке қарсы арнайы заң қабылдады. 2020 жылы неміс бундестагы интернеттегі қауіп-қатер, зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайтатын заң шығарды. Желідегі адамның ар-намысына тиген адамды екі жылға бас бостандығынан айыратын заң қоғамдағы кибербуллингтің азаюына ықпал етті.

Ал біздің қоғамда бұл мәселе өткір күйінде тұр. Сөзімізге дәлел ретінде  нақты мысалдар келтірейін. 3 қыркүйекте блогер-депутат Мұрат Әбенов Facebook-тегі парақшасында: «Муфтий мемлекеттік мектептің ішкі тәртібіне араласпау керек. Кешегі сұхбаты қоғамда қарама-қарсы пікірлер туғызып жатыр» деген жазба жариялады. Осы жазбаға пікір білдірген 448 адамның ішінде мен де бармын. «Мұрат аға, мүфти өзінің дұрыс пікірін айтты. Ал бұрмалап жатқан сауатсыз журналистер ғой. Әсіресе орыс тілінде ақпарат тарататын әріптестеріміз дінімізді, мүфтиімізді жағымсыз жағынан қоғамға көрсеткісі келіп тұрады» деп жазған пікіріме 112 адам лүпіл басып, бірнеше адам қарсы пікірін жеткізді. Қарсы пікір жазған жандардың бірі Gulbanu Abenova: «Төлен Тілеубай как всегда не бородач ваш виноват, а журналисты» деп қатты күлген смайликті қоса салды. Мұндай іс-әрекеттен нені байқаймыз?

Біріншіден, қоғамда белгілі бір адамға, тұлғаға қатысты ойын бүркемелемей айтып, кемсітуге шақыру бар. «Ваш бородач» деген сөздің өзі оны жазып отырған адамның ішкі мәдениетін, ана тілімізге деген көзқарасын айқын көрсетіп тұр. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сол шағын сұхбатын БАҚ әртүрлі берді. Мұрат Әбенов жазғандай, мүфтиді мектептің ішкі тәртібіне араласқысы келетін адам етіп көрсетті. Шын мәнісінде ҚМДБ-ның басшысы мектептің өз тәртібі бар, шариғаттың өз тәртібі бар дегенді түсіндіріп берді. Міне, осы жерде медиа­мәдениетті білмейтін, сауаты аз әріптестеріміз тұлғаны қаралауға ақпараттық себеп тауып беріп, қоғамдық пікірдің талқысына шығарды.

Өшпенділік тілі деген сөз тіркесін жиі қолданып жүрміз. Орысшаға аударсақ «ненависть» – біреуді жек көру, ал ненавистник – күншіл, қара ниетті, қызғаншақ деген мағынаны білдіреді. Қоғамдағы ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғаларды қаралауға, күндеуге ұмтылған мұндай жазбалар интернетте де, әлеуметтік желілерде де толып жүр. Бір алаңдатарлығы, бір ғана қара ниетті адамның жариялаған өшпенділікке шақыр­ған жазбасы қоғамда таралып, тұрақсыздыққа ықпалын тигізуі мүмкін.

Рухани мешелдікке апаратын дерт

Әнші Мақпал Жүнісованың бейнежазбасына қатысты жазылған пікірлерге үңілсек, тұлғаны қаралауға, яғни, қара ниетті жақтауға жаны құштар адамдардың көп екенін көреміз. «Алқаш болыпты, қасқа!», «Қызыңды жерге қараттың, жексұрын!», «Осыған әдет болып кеткен ба ішіп алса видео салатын, пайғамбар жасына келгенде!», «Осы түрін әдейі көрсете ме? Халық жек көреді, халқын ойламайды» деген пікірлерді оқығанда жаның түршігеді. Тілдік агрессия арқылы қаншама адам ашу-
ызасын төкті, дөрекі көңіл-күйін жеткізді. Осылайша, қоғамда жеккөрушілік туғызып, қарапайым халық пен өнер иесінің арасына жік салғысы келгені аңғарылып тұрды.

Әлеуметтік желіде имам Қабылбек Әліпбайұлының сұқбатынан үзінді тарады. Қазақ тіліндегі сөздердің 70 пайызы арабтан, 30 пайызы орыстан кірген деген имамның пікірі қызу талқыға түсіп, желі қолданушыларының наразылығын туғызды. «Мынау не сандырақ? Қазақтың сөзі 70 пайызы арабтікі деп, қысқасы, араб дегенің ғой?! Мына имамды біреулерің тәртіпке шақырыңыздаршы. Тілімізді жоққа шығарғаны ғой. Кез келген имам аузына келгенін сөйлей берсе, не боламыз? Бұлардың жұмысын реттейтін Діни басқарма қайда қарап отыр?» деп жазды желіде Aidos Bolatov атты қолданушы.

«Дүмше молла – дінмен бірге ел бұзар, мына Қабулбек қыртты қара есекке теріс мінгізіп, елден қуып шығару керек», «Дүмше, топас, сауатсыз уағыз айтқыш молдалар лағып кетті», «Әдейі жасалған видео болуы мүмкін. білімі аз, бірақ иманға жақындығы бар жастарды адастыру үшін. Сілтемесін беріңіз, жөнге салып, өтірік ақпарат таратқаны үшін жанын шығарайық», «Бастарының шәшкісін ашып, миларын ауыстыру керек» деген пікірлерді оқып отырып, тағы да тілдік агрессияның куәсі болдық. Қит етсе әлеуметтік желіде біреу қалыптан тыс көрініп, қиямпұрыс сөз айтса, жұрттың дені соны «талауға» кіріседі. Жек көрушілік – біреуді жек көру, бұл әр адамда кездесетін ішкі сезім, көңіл-күй. Ал өшпенділік дегеніміз – жек көрудің нақты бір көрінісі. Бұл – қоғамдағы тұрақтылыққа, тыныштыққа сына қағатын дерт. Рухани жағынан мешелдікке ұрынуға бастайтын қадам. Медиа мәдениетті дамытамыз десек, ең алдымен, әлеуметтік желілердегі контенттің басым бөлігін жасап отырған журналистер мен блогерлер сауатты, білімді, мәдениетті болуы тиіс.

Мәселен, осы «70 пайыз сөздер арабтікі» деген дау-дамайға қатысты белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай мынадай ойын жариялады: «Дүниеде таза тіл болмайды. Ағылшынның өзінде роман (француз, испан, т.б.) тілдерінің ықпалы байқалады. Испанда да (байқап қалдым) бөтен сөздер өріп жүр. Баяғыда бізге сабақ берген Амантай Шәріп ағамның айтуынша, орыс тіліндегі «А» әрпінен басталатын «авось» секілді санаулы ғана славян сөзі бар, қалғаны – түркі, француз, балтық, анау-мынау екен… Содан орыс ыңғайсызданып отыр ма? «Абажурдан» бастап бәрін өзіне сіңіріп, қылғытып, «тағы қандай сөзің бар, нөміріңді айт, жалмауыз?» деп жұтынып отырған жоқ па? Айтсаң, мойындамайды. Сіз қазақ тіліндегі орыс, араб, парсы сөздерінің пайызымен алыспай, ҚАЗАҚ ТІЛІ деген өз ана тіліңізді дұрыстап меңгеріп алсаңызшы әуелі. «Привет, брат!», «да конечно, обязательно», «просто үлгермедім»… Не сөз осының бәрі? Орысша қосып сөйлейтіндерге, жазатындарға ескерту жасасам, «ой, аузымыз үйреніп кеткен ғой» деп ыржалақтап күледі-ей. Сонда… сол ауыз кімдікі? Ауызға, тілге иелік ететін БАС, МИ деген жоқ па? «Үйреніп кеткен ауызды» ауыздықтау туралы ой келмей ме екен сол басқа? Өзіміз нағыз қазақ болайық. Тілдің «таза пайызын» сақтайтын сіз бен біз емес пе? Балаларымызды соған тәрбиелейік те! Әйтпесе ертең «адарғы» мен «дөдеге» жайына қалып, «Адал… это что? А, халал? Колбаса, что ли?» деп отыратын ұрпақ келеді». Бұған алып-қосарымыз жоқ.

P.S: «Сөзден күшті нәрсе жоқ» деген сөзді ежелгі грек драматургы Менандр айтыпты. Қазір кез келген адам аузына келген сөзді айтып-жазып, басқалардың тағдырына сөз-қарумен қауіп төндіріп, кейбір жағдайларда кибербуллинг арқылы өмірмен қош айтысуына себепкер болғанын аңдамайды. Broadband Search зерттеу ұйымының мәліметтері бойынша, жер шары тұрғындарының 40 пайызға жуығы әлеуметтік желілерде ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тап болады екен. Жасанды интеллект технологиялары қарқын алған кезеңде бұл үрдістің ұлғая түсетіні даусыз. Әр адам бұл мәселеге өзінің ой-зердесімен қарап, саналы түрде өзін-өзі қорғаудың жолдарын назарда ұстағаны абзал. Өйткен себебі, бұл қауіптің бұлты күннен-күнге қоюлана береді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, 

әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button