«Көктал» мәселелері мен тұрғындар қуанышы

Астана қаласы мәслихатында ең белсенді депутаттардың бірі – Бауыржан Смайылов. Ол өз сайлау округінің тұрғындарымен жиі кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдайды. Бұл мәселелердің оң шешілуіне де зор үлес қосып келе жатыр. Мәселен, осы айдың басынан бері сайлаушыларымен бірнеше рет жүздесті. Онда қаланың дамуына, инфрақұрылымға, тұрмысты жайлы етуге қатысты маңызды мәселелер көтерілді.

Депутаттың Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 24/1 мекенжайындағы тұрғындармен кездесуіне үйге қызмет көрсететін басқарушы компанияның төрағасы мен Сарыарқа ауданы әкімінің инфрақұрылым мәселелері жөніндегі орынбасары Нұржан Алмантаев қатысты.

«Үй үлкен: 7 кіреберіс пен шамамен 700-дей тұрғын бар. Сондықтан тұрғындарды толғандыратын мәселе мен өтініш де аз емес. Бүгінде ең өзекті мәселенің бірі – ауланың тар әрі шағын болуы. Тұрғындар аумақтың мұншама адам санына лайықталмағанын орынды түрде қозғады. Балалар ойнайтын қауіпсіз жері жоқ, сондықтан жиі жолға жүгіріп шығып кетеді, ал төтенше жағдай кезінде арнайы техниканың, соның ішінде өрт сөндіру көліктерінің өтуіне қиындық туындайды. Үйдің жанында орналасқан паркинг те қосымша қолайсыздық туғызады. Сондықтан тұрғындар оны бұзу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бұдан бөлек, тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаға заманауи балалар және спорт алаңдарын орнатуды сұрап отыр. Құрылыс тығыз орналасқанына қарамастан, балалар мен жастар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта жасау маңызды. Тұрғындар үйдің қасбетінің жағдайына және басқарушы компания төрағасының жұмысына қатысты да сын-ескертпелер айтты. Адамдар осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен қаржының жұмсалуы бойынша толыққанды есептің ұсынылмағанына наразылық білдірді. Кездесу барысында көтерілген барлық мәселе бақылауға алынды» дейді Бауыржан Смайылов.

Сондай-ақ депутат Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукентаевпен бірге Көктал-2 тұрғын алабының белсенді тұрғындарымен кездесті. Оған қаланың салалық басқармаларының өкілдері де қатысып, бірқатар өзекті мәселені жан-жақты әрі нақты талқылауға мүмкіндік туды.
«Бүгінде Көктал-2 елордадағы ең қарқынды дамып келе жатқан тұрғын алаптардың бірі екенін атап өту керек. Қазіргі таңда мұнда шамамен 40 мың адам тұрады. Сондықтан инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Атап айтқанда, тұрғындарды жол құрылысы мен жөндеу жұмысының сапасы, жол белгілерін салу, бейнебақылау жүйесін дамыту, көшелерді жарықтандыру, нөсер және орталық кәріз жүйелерінің жұмысы, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері алаңдатады» дейді Бауыржан Амангелдіұлы.

Кездесу барысында қосымша бейнебақылау камераларын орнату мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тұрғындардың айтуынша, соңғы уақытта тұрғын алап аумағында есірткіні жасырын қойып кетушілердің жиілеп кетуі ата-аналар мен аға буын өкілдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр. Жиында көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстар назарға алынып, тиісті салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.
Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукентаевпен бірге депутат Көктал-1 тұрғын алабының белсенді тұрғындарымен де кездесті. Ашық диалог барысында тұрғындарды толғандырып жүрген бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, «Наз» мемлекеттік би театры ғимаратының қарсы бетіндегі алаңды жаңғырту, Н.Тілендиев даңғылы бойындағы кәріз қалдықтарын төгу орны, жол белгілерін орнату, көшелерді жарықтандыру және Көктал-1 аумағындағы көшелер мен қоғамдық кеңістіктерге қосымша бейнебақылау камераларын орнату мәселелері көтерілді.

«Тұрғындарды көптен бері алаңдатып келе жатқан мәселелердің бірі – кәріз және су бұру жүйесінің құрылысы. Аталған мәселе Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген және менің ерекше бақылауымда. Осыған дейін де бұл мәселені партия отырыстарында және қала әкімінің қатысуымен өткен мәслихат сессияларында бірнеше рет көтерген едім. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, тиісті жұмыс тәртібіне алынады. Округімізді дамыту және қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелерін халықпен тығыз байланыс орнатып қана жүйелі түрде шешуге болатынына сенімдімін» дейді депутат.
Жуырда депутат өзінің сайлау округіндегі нысандарды аралап шықты. Алдымен Абайдың 150 жылдығы көшесіндегі жол құрылысының барысымен танысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде аталған мәселені нақты іске асыру кезеңіне жеткізу мүмкіндігі туды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрмыстық және нөсерлік кәріз желілері, су құбыры, су бұру жүйелері, байланыс желілері, сыртқы жарықтандыру және бағдаршам жүйелерін жүргізу жұмысы толық аяқталған. Қазір жол төсемін салу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар депутат Көктал-1 тұрғын алабындағы Ақыт Үлімжіұлы көшесі бойындағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысымен танысты. Оның мәліметінше, мұнда балалар және спорт алаңдары орнатылып жатыр. Жұмысты аяқтап, нысандарды Астана күніне орай пайдалануға беру жоспарланып отыр. Депутат ЛПУ тұрғын алабында да болып, кәріз және су бұру жүйелерінің құрылысы, көшелерді жарықтандыру, байланыс және интернет желілерін тарту жұмысының барысымен танысты. Оның айтуынша, осы тұрғын алапқа газ тарту мәселесі де тұрақты бақылауда.
«Жалпы алғанда, барлық жұмыс жоспарға сәйкес және жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Қаржыландыру уақытылы бөлінуде. Мердігер ұйымдармен келісілген мерзімдерде барлық жоба толық жүзеге асады деп сенеміз» дейді Бауыржан Смайылов.
Жақында Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Көктал-1 тұрғын алабындағы Көкжиек көшесі, 4 мекенжайында мемлекеттік балабақшаның ашылу салтанаты өтті. Тұрғын алап тұрғындарының қуанышына Бауыржан Амангелдіұлы ортақтасып қайтты.
Оның айтуынша, бұған дейін бұл ғимаратта колледж орналасқан еді және ол ұзақ уақыт бойы бос тұрған. Бауыржан Смайыловтың бастамаммен нысанды мемлекеттік балабақша ретінде қайта жаңғырту ұсынылды. Бұл мәселе депутаттың сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Сол бастаманың нақты нәтижесі болды.

«Өткен жылы ғимаратты қайта жаңарту жұмысына қалалық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Осы уақыт ішінде құрылыс жұмысы толық аяқталып, қажетті жиһаздар, құрал-жабдықтар, дамытушы материалдар мен балалар ойыншықтары сатып алынды. Сонымен қатар балабақша аумағы абаттандырылып, заманауи шағын сәулет нысандары мен ойын алаңдары орнатылды» дейді депутат.
Ашылу салтанатына сонымен қатар Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты. Жақын уақытта жаңа балабақшаға тұрғын алаптың 85 баласы бара алады. Сонымен қатар мекеменің мүмкіндігін кеңейту және екінші корпусты іске қосу мәселесі бойынша жұмыс жалғасады. Бұл өз кезегінде тәрбиеленушілер санын 150 балаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Балабақшаны аралау барысында балалар үшін шын мәнінде жайлы әрі заманауи жағдай жасалғанына ерекше қуандым. Мұнда кең әрі жарық топтық бөлмелер мен жатын бөлмелер, жайлы дәліздер, психологиялық демалыс кабинеті қарастырылған. Тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында музыкалық аспаптармен және интерактивті тақтамен жабдықталған үлкен музыка залы бар. Бұл жерде түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттер, дамытушы сабақтар мен басқа да тәрбиелік шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік жасалған» дейді Бауыржан Смайылов.
Аманғали Қалжанов



