Ішімдікке тәуелділіктен қалай құтылуға болады?
Атамыздан қалған ас емес екенінің белгісі болар, сөздік қорымызда ішімдікке салынып кеткендер мен маскүнемдердің аражігін ажырататын атау жоқ. «Ішкіш», «алқаш», «арақкеш», «забайы» деген сөздер кейін шыққан сияқты. Алғашқысы – айықпас дертке шалдыққан, көңі кеткен үмітсіздердің қатарынан, екінші тобы – ішімдікті іздеп ішіп жүргендердің қатарынан, ал соңғыларын әлі де құтқаруға болатын сияқты.
Тәуелділікке тез байлайтын басқа есірткілерден айырмашылығы, алкогольге деген тәуелділіктен арылу адамға қиынға түседі. Біртіндеп сырадан сыңғытып бастап, ақырындап араққа ауызданып, ақырында жаман әдетімен айналасына жексұрын болып, таза маскүнемге айналады. Отбасындағы дау-дамайға еті үйренгендердің «өзі қойып кетеді» деген соқыр сенім мұндай әлеуметтік мәселені шешпейді. Шын мәнінде, арақты жиі ішу – тәуелді болудың алғашқы қадамы. Адам бастапқыда «сосын қоя саламын» деп ойлауы мүмкін, тіпті «кім ішпей жатыр» деп өзін-өзі алдарқатуы әбден мүмкін. Алайда бұл – бәленің басы.
2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елімізде ішімдікке тәуелділерді емдеуге бөлінген жалпы төсек-орынның саны 3,5 мыңнан сәл асады. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана 6088 науқас стационарлық ем алған, оның 5315-і алкогольге тәуелділі болған. 6174 науқас ауруханаға жатып, оның 5247-сі ішімдікке салынғанын министрлік жария етті. Батпандап кірген індеттен құтылу оңай емес, бір науқас кеселінен жазылу үшін шамамен 40 күндей аруханада ем алуы мүмкін. Әрине, ресми статистика тек ауыр жағдайларды ғана ескереді. Бірақ қанша адамның ара-тұра арақ ішіп, олардың алкогольге тәуелділік сатысы бойынша бөлек тіркелмейтінін ескеру керек.
Айтатыны жоқ, алкоголизм – бұл ауру. Ащы суды ішуге бейім адамның бәрі қоғамның сыпырындысы емес. Олардың арасында да әжептәуір қызметі бар, табысы тәуір, жақсы мамандар болуы мүмкін. Бірақ күндердің күнінде аузы құрғамай, бөтелкенің түбіндегі құрдымға құлап кетуі әп-сәтте.
Астанада алкоголизмнен қалай емделуге болады?
Бұрындары «енді арақ ішсең, жүрегің тоқтап қалады», «бүйрегіңді құртады» деп қорқытып алкоголизмнен емдеудің заманы өткен. Бүгінгі медицинада тәуелділіктің екі компонентін қамтып емдейді: физиология және психология тұрғысынан. Арақ ішуге құмарлықтың патогенезін ескере отырып, екі жағдайды қатар қамтып емдеу әдісін әзірлеген. Алкоголизмді емдеуді үш топқа бөлуге болады екен. Оның дәрілік әдістеріне торпедо, эсперал және блоктаушы инъекциялар кіреді. Бұл дәрі-дәрмектердің құрамында ацетальдегиддегидрогеназа ферментінің өндірілуін тежейтін дисульфирам бар. Одан бөлек, аспаптық алкоголизмді кодтау бар. Оған лазерлік кодтау немесе мамандандырылған құралдар, мысалы, магниттік-резонанстық терапия және басқа әдістер жатады. Психотерапиялық алкоголизмді кодтау әдісі классикалық Довженко кодтауын немесе гипноздық кодтауды қамтиды.
Адамның өз еркімен немесе туған-туыстарының жанашырлығымен тәуелділіктен арылу жолына түскендер ем қабылдаған күннің өзінде де бірден айығып кететініне ешқандай маман кепілдік бермейді. Өйткені бұл көбіне адамның физиологиясына және ағзаның қаншалықты уланғанына байланысты. Дегенмен ес-түссіз мас болғандарды атын-жөнін әшкерелемей, мәжбүрлеп емдеудің ақылы жолы бар. Үш күндік ағзаны арақтың уытынан арылту 300 мың теңгеге жетіп жығылады. Одан бөлек, елордада көптеген клиника өз қызметін ұсынады. Салауатты өмір салтын ұсынатын шаралар кеселдің алдын алуға септеседі. Ішімдік сататын дүкендерде жас шектеуі де бар. Сонда да бұл тәуелділікке тосқауыл болмай тұр.
Лаура ТІЛЕУБЕРДИЕВА, №6 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек беру бөлімшесінің психологы:
– Маскүнемдікке салынуға әлеуметтік және психологиялық дағдарыстар әсер етеді. Атап айтқанда, жиі кездесетін себептер – жалғыздық, отбасы мәселесі, жұмыссыздық, психологиялық шаршау және ұйқысыздық. Яғни барлық проблеманы уақытша болса да ұмыту үшін ішімдік ішеді. Менің тәжірибемде жалғыздықты, жұмыссыздықты ұмыту, стрестен шығу үшін алкогольге әуестеніп, соңында өзінің адами келбетін жоғалтып алған жандар аз кездеспеді. Алкогольді қалыпты деп аз мөлшерде болса да қабылдау біртіндеп тәуелділікке алып келуі мүмкін. Бұл – адамның өз денсаулығын екінші орынға қоюы. Сондықтан қоғамдағы ең үлкен қауіп – алкогольдің өмір салтының бір бөлігі ретінде есептелуі. Сондай-ақ ішімдік экономикалық шығынға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болуы мүмкін. Нәтижесінде адамның өмір сапасы төмендейді. Жастарға алдын алу туралы ерте жастан түсіндіру жұмысын жүргізу қажет деп ойлаймын. Оларға психологиялық тұрғыдан отбасының қолдауы қажет. Стресті жасырып қоймай, дер кезінде көмек беріп, қажет болған жағдайда, мамандарға жүгінуді үйрету керек. Жалпы мінез-құлықтағы өзгерістерге назар аударып, пайдалы орта қалыптастыру маңызды рөл атқарады.
Мұқамғали АРЫСПАЕВ, Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– Ішімдік ішудегі басты қауіп – алкогольдің жүрек, асқазан, бауыр және қан тамырлары сияқты маңызды органдарға теріс әсер етуі. Зерттеулер көрсеткендей, алкогольді ішу гипертонияға әкелуі мүмкін. Этил спирті ағзаға енгеннен кейін, алдымен өңеш пен асқазанға, содан кейін ұйқы безіне әсер етеді. Бауыр – алкогольдің метаболизміне жауап беретін негізгі орган, арақтың әсерінен зардап шегеді, жасушалары бұзылады. Оның ең ауыр салдары – миға әсер етуі. Мүмкін адам алкогольді ішкен кезде ләззат алар, бірақ алкогольдің ми жасушаларына тигізетін зияны орасан зор. Ұзақ және шамадан тыс ішу мидың қалыпты жұмысының бұзылуына, ал бұл деградацияға, адами қасиеттер мен қабілеттің жоғалуына әкеледі. Алкоголизм галлюцинациямен сипатталатын ақ қызба сияқты психикалық бұзылулармен бірге жүреді. Ішкіш адам өзінің мінез-құлқын бағалау қабілетін жоғалтады, өзін-өзі сынау мен ерік-жігері жетіспейді, бұл оларды сыртқы әсерге және қылмыстық әрекеттерге осал етеді, олар ешқашан байсалды ой иесі бола алмайды. Маскүнемнің жеке басы уақыт өте келе өзгереді және ол ашулы, қыңыр және қатыгез болады. Алкогольдің зияны және одан бас тарту жолдары туралы білімге ие болу салауатты өмір салтын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады және бұл қорқытудан гөрі тиімдірек. Алкогольсіз өмір сүрудің стресі мен қиындығын жеңе білу – бұл дамытуды талап ететін дағды. Алкогольге тәуелділікке тап болғандарды қалпына келтіруге және оларды салауатты өмірге оралтуға көмектесу үшін медициналық және психологиялық көмек қажет. Жасөспірімдердің маскүнемдігі мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық, өйткені жастар – біздің болашағымыз. Салауатты өмір салтын ұстану және алкогольден бас тарту арқылы біз өз денсаулығымызға және қоғам болашағын жарқын етуге септік етеміз.
Айгүл УАЙС



