Адамды жылы сөз де емдейді

Адам жасы келгенде басы ауырып, балтыры сыздайды. Сондай қиналған сәтте дәрігерге жүгінеміз. Мен де денсаулығым сыр берген соң Астана қаласындағы №9 емханаға бардым.№59 учаскенің дәрігері Әйкерім Дәкенова мен медбике Гүлмира Құланбаева жаны қиналып келген жандарды жылы сөзімен де емдей білетін білікті мамандар екеніне сол жолы көзім анық жетті. Мен ғана емес, емханаға келген басқа да жандардың олар туралы жылы лебіздерін естідім.
Дәрігер болу ең бірінші білімділікті талап ететіні рас. Адам баласына ең керекті нәрсе – жылы сөз. Жаны ауырған адам дәрігерден жақсы ем-дом жасаумен бірге мейірімділікті керек етіп тұрады. Учаскелік дәрігер Әйкерім Дәкенова мен медбике Гүлмира Құланбаева осыны жақсы түсінеді. Сондықтан мыңның алғысына бөленіп жүрген олардың ақ адал еңбегі мен мейірімділігіне шын жүректен алғыс айта отырып, оны өзім көптен сүйіп оқитын «Астана ақшамы» газеті арқылы көпшілікке жеткізуді жөн көрдім. Еңбектерің жана берсін, ақ желеңді абзал жандар!
Асқар АХМЕТОВ,
Астана қаласының тұрғыны



