Денсаулық

Денсаулық сақтау министрі Астанадағы Балалар үйіне барды

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астана қаласындағы Балалар үйіне барып, бүлдіршіндердің тұру жағдайымен, медициналық көмектің ұйымдастырылуымен және ерте жастағы балаларға арналған кешенді оңалту бағдарламасымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сапар барысында ведомство басшысы мекеменің бөлімшелерін аралап, мамандардың жұмысымен және оңалту іс-шараларын өткізу жағдайларымен танысты, сондай-ақ дамуында бұзылыстары бар балаларға арналған ерте араласу және қолдау топтарының қызметін көрді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда ерте жастағы балаларға көмек көрсету тәсілі түбегейлі өзгеріп келеді.

«Біздің мақсатымыз – тек емдеу ғана емес, дамуындағы ауытқуларды дер кезінде анықтау, баланың өз әлеуетін барынша ашуына көмектесу және ең бастысы – баланы отбасында сақтау. Әрбір бала сүйіспеншілікке, қамқорлық пен қолдауға толы ортада өсуі тиіс», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр елімізде ерте жастағы балаларға көмек көрсетудің отбасына бағдарланған моделі жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта республика бойынша 400-ге жуық Даму және ерте араласу орталығы құрылған. Бұл орталықтарда балалар мен олардың ата-аналары бір бөлімшеде мультидисциплинарлық мамандар командасының кешенді көмегін ала алады.

Сапар барысында Балалар үйлерінің жанынан жұмыс істейтін және ерте көмек көрсету жүйесінің маңызды бөлігі саналатын «Аққанат» топтарының қызметіне ерекше назар аударылды.

«Аққанат» топтары – кешенді әрі уақытылы көрсетілген көмектің баланың өмірін қалай өзгерте алатынының нақты үлгісі. Мұнда балалар медициналық оңалтудан, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдаудан өтеді, ал ата-аналар балаға күтім жасау мен оны дамытуға қажетті білім мен дағдыларды меңгереді», – деп атап өтті министр.

Қазіргі таңда еліміздің 16 өңірінде дамуында бұзылыстары бар 600-ден астам бала «Аққанат» топтарында ұзақ мерзімді оңалтудан өтті. Мамандардың кешенді жұмысының арқасында көптеген балалар өздігінен отыруды, жүруді үйреніп, жаңа дағдыларды меңгеріп, толыққанды өмірге қадам жасауда.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жүйенің тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі – мамандардың арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл болып табылады.

«Жаңа педиатриялық стандарттың шеңберінде медицина қызметкерлері, педагогтар және әлеуметтік сала мамандары біртұтас команда ретінде жұмыс істейтіні ерекше маңызды. Мұндай тәсіл өзінің тиімділігін дәлелдеді және еліміздің барлық өңірінде одан әрі дамытылуы тиіс», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр сондай-ақ әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін келтірді.

Соңғы 10 жылдың ішінде Балалар үйлеріндегі орынның саны 34,6%-ға қысқарып, мекемелерге түсетін балалар саны 25%-ға азайған. Ал биологиялық отбасыларына қайтарылған балалар саны 73%-ға артқан.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданғаны атап өтілді. Бағдарлама профилактиканы дамыту, скрининг пен патронажды жетілдіру, мектеп медицинасын нығайту, балалардың психикалық денсаулығын қолдау және еліміздің барлық өңірінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру шараларын біріктіреді.

Сапар қорытындысында Ақмарал Әлназарова Балалар үйінің ұжымына күнделікті еңбегі мен мамандыққа адалдығы үшін алғыс білдірді.

«Сіздердің жұмыстарыңыз білім мен тәжірибені ғана емес, ерекше жан жылуын, төзімділік пен мейірімділікті талап етеді. Ең кішкентай пациенттерге көрсетіп отырған қамқорлықтарыңыз, әр балаға деген ықыластарыңыз және олардың болашағына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ министр Қазақстанның барлық балаларын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақыт, амандық және ең асыл армандарының орындалуын тіледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button