Өзекті мәселелер талқыланды

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселе қаралды. Күн тәртібіне бюджет саясаты, кадр даярлау және мемлекеттік сектор қызметін жетілдіруге қатысты үш мәселе шығарылды.
Алдымен 2026-2030 оқу жылдарына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту мәселесін талқылады. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ұсынған жоба еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға бағытталған. Кеңес мүшелері гранттар көлемін жоспарлау кезінде қаланың қазіргі және болашақтағы кадрлық қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.
Кеңес мүшелері сондай-ақ Астана қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылады. Бұл жөнінде Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндама жасады. Отырыс барысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қаржы ағынын оңтайландыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін орындауға бағытталған өзгерістер қарастырылды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесіне өзгерістер енгізуге арналды. Бұл мәселе бойынша Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндама жасады. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін арттыруға, басқару үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге және бәсекелестік ортаны дамытуға бағытталған.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз ұсынысы мен пікірін білдіріп, жобаларды жан-жақты талқылады. Кеңес алаңында өткен ашық диалог қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға және олардың қала тұрғындарының мүддесіне сай болуына мүмкіндік береді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



