Тұрар ӘЛІПБАЕВ: Домбырашы тек бір мектеппен шектелмеуі тиіс

Домбыраның шанағынан тарихтың үнін төгілткен Тұрар Әліпбаевтың есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Жақында елорда төрінде өткен «Ғұн бабалар» атты шығармашылық кеш күй құдіретін ұғынған жұртшылықты тағы бір мәрте тебірентті. Өз мектебін қалыптастырып, саналы ғұмырын киелі өнерге арнаған профессор Тұрар Әліпбаев бұл кешті өзінің ұлы ұстаздары мен күй аталарының мерейтойларына арнау арқылы ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Концерттен соң күйші-композитор, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар БАЙДҮЙСЕКҰЛЫМЕН кездесіп, сұхбат құрған едік.
– Тұрар Байдүйсекұлы, домбыраны алғаш қашан қолға алдыңыз? Өнерге баулыған кім? Кімге еліктедіңіз?
– Домбыраны ес білгелі, шамамен бес жасымнан бастап қолыма ұстап өстім. Әкем күйші, домбырашы болды. Ол Махамбет, Құрманғазы, Қазанғап сынды ұлы тұлғалардың күйлерін ерекше шеберлікпен орындайтын. Торғай мен Ырғыз өңірінің күйшілік және жыршылық дәстүрі бір-біріне жақын, орындау мәнері де ұқсас. Әкем халық арасында сирек орындалатын көне күйлерді көп білетін. Соның бірі – Махамбеттің «Аққошқар» күйі. Тарихқа сүйенсек, Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан рулардың ішінде «Аққошқар» руы көп болған деседі. Сол себепті күй атауы да осыған байланысты шыққан болуы мүмкін деп топшылаймын. Бұл күй әкеммен бірге кетті десем болады. Жас кезіңде ештеңенің байыбына бара бермейсің ғой. Неге нотаға, таспаға түсіріп алмадым деп өкінемін. Тек аз ғана үзіндісі жадымда қалды. Ал әкемнің жездесі Тоқалар көтерілісіне қатысып, «халық жауы» атанып, атылып кеткен екен. Сол кісіден жеткен әуенді негізге алып, оны дамытып, күйге айналдырып, «Байдүйсектің толғауы» деп атап, радио мен телеарналар арқылы халыққа ұсындым. Жалпы, күйшілік атаның қанымен, ананың сүтімен даритын ерекше қасиет деп білемін.

– Ал кәсіби музыкалық білімді қашаннан бастадыңыз? Музыкалық мектептер тек аудандарда болушы еді ғой?
– Біздің кезімізде мектеп онжылдық еді. Ауылда арнайы музыка мектебі болмаса да, мектеп жанында домбыра үйірмесі жұмыс істейтін. Сол үйірмеде алғашқы кәсіби бағыттағы білім алдым десем болады. Ұстазымыз – Қызылорда педагогика институтының музыка факультетін бітірген Қуаныш Алтынбаев. Ол кісі өнерге бейімі бар балаларды жинап, әрқайсының қабілетіне қарай күйлер үйрететін. Халық күйі «Кеңес», Дәулеткерейдің «Қос алқа», Динаның «Партия», «Тойбастар», Ахмет Жұбановтың «Би күйі» сияқты шығармаларды сол кісіден үйрендік. Әкем кейде уақыттың тығыздығынан арнайы отырып үйретпейтін, тек бір рет орындап көрсететін. Сол арқылы үйренген алғашқы күйлерімнің бірі Арғынғазының «Арғынғазы» күйі болды. Осы күйді орындап, 1978 жылы Ақтөбе музыкалық колледжіне оқуға түстім. 1982 жылы тәмамдап, кейін Алматы мемлекеттік консерваториясында білімімді жалғастырдым.
– Консерваторияда кімнен тәлім алдыңыз? Қай күйшілік мектептің өкілі боласыз?
– Консерваторияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, өнер зерттеушісі Орынбай Дүйсен ағайдан тәлім алдым. Ол кісінің шәкірті болып, бес жыл бойы білім алдым. Мақтанғаным емес, студент кезімде өте ізденімпаз болдым. Тек өз ұстазымнан ғана емес, басқа да домбырашы ағалардың ізіне еріп, білгенімді сұрап, білімімді үнемі жетілдіруден жалықпадым. Солардың қатарында таныстыруды қажет етпейтін дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров пен Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов сынды ағаларым бар. Олардан білмегенімді сұрап, үйренуден еш талмадым. Әсіресе, Қаршыға ағайдың соңынан қалмай, көп тәлім алдым. Кейін Торғайға жұмыс істеуге барғанымда, халық арасынан шыққан күйші Сағым Жалмышевпен жолықтым. Ол кісі Дина апамыздың күйлерін түпнұсқа қалпында орындайтын. Оның шеберлігін Қаршыға Ахмедияров ағамыз да жоғары бағалап, Динаның күйлерін сол кісінің орындауынан үйреніп, арнайы пластинкаға жазып алған екен. Ол кезде пластинкалар минутына шамамен 78,26 айналым жылдамдықпен айналып, бір бетіне бір ғана күй жазылатын. Мен де Сағым ағайдың қасында жүріп, оның орындау мәнерін, шеберлігін, әсіресе сол қолдың дыбыс шығару тәсілдері мен оң қол техникасын үйренуге тырыстым. Кейін Астанаға қоныс аударған соң, Қаршыға ағамызбен байланыс үзілген жоқ. Ол кісі түрлі конкурстар мен шығармашылық сапарлармен келген сайын кездесіп, ақыл-кеңесін алып, өз орындаушылық шеберлігімді жетілдіріп отырдым.
– Иә, «күй» деген ұғым басқа халықтарда дәл біздегідей кездеспейді. Ол – адамның көңіл күйі, ішкі толғанысы, жүрек тебіренісінің саз-әуенге айналған көрінісі.
– Дұрыс айтасың. Күйді салыстырмалы түрде айтар болсақ, оны еуропалық композиторлардың симфонияларымен ұқсатуға болады. Бірақ олардың шығармалары көбіне 30-50 минутқа созылса, біздің әрбір күйіміздің өз алдына тұтас бір тарихы бар. Сол терең тарихты небәрі 2-3 минуттың ішінде жеткізіп, тыңдаушыны бір-ақ сәтте сол оқиғаның ішіне енгізіп жібереміз. Күйді тыңдаған жан оны көз алдынан өтіп жатқан кино секілді қабылдайды. Сондықтан бабаларымыздан аманат болып жеткен осындай ғажайып өнерге бас иіп, шүкіршілік ету – біздің парызымыз. Өзім еліміздің бірнеше өңірінде оркестрмен де, жеке орындауда да концерт беріп жүрмін. Күй өнерінің бүгінгі таңда дамып, кеңінен қанат жайып келе жатқанына куәмін. Өнеріміздің өрісі кеңейіп, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп жатқаны көңіл қуантады. Соның бәріне шүкір дейміз.
– Көрерменге есеп беріп, алғашқы жеке концертіңізді қашан өткіздіңіз?
Колледжде және консерваторияда оқып жүрген кезімде біз көбіне 1-2 күймен ғана концерттерге қатысатынбыз. Алғашқы жылдары мені консерваторияда қалдыруға мүмкіндік болды, алайда отбасы жағдайына байланысты елге жақындауым қажет болды. Сол кезеңде Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, сазгер, өнер зерттеуші, марқұм Қайыржан Мақанов пен музыкант, дирижер, ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбенов ағаларымыз арнайы шақырды. «Бізге келсең, ауылыңа да жақын боласың» деп қолқа салған еді. Сөйтіп, сол жылы Арқалық қаласында бір сағаттық жеке концертімді бердім. Концерттен кейін «Торғай таңы» газетіне мен туралы мақала жарияланды. Ол мақаланы бізге теориядан сабақ берген Тянь есімді кәріс азамат жазған-тын. Бұл 1987 жылы өткен менің алғашқы жеке концертім еді.
– Күйдің құдіретін терең түсініп, орындаушылық шеберлік қалыптасқаннан кейін күй шығара бастау – табиғи заңдылық. Алғашқы күйіңіз қашан туды? Өзіңіз күй шығара бастаған сәтте қандай сезімде болдыңыз? «Басқа күйлерге ұқсап кетпеді ме?» деген ой мазалаған кездер болмады ма?
– Қаршыға ағамыздың жүзге жуық күйі бар. Ол кісі бір күйін екіншісімен шатастырмай, әрқайсысын дәл, анық орындайтын. Әсіресе «Той күйі», «Мұнайшы Ақжелең» секілді бір-біріне ұқсас болып келетін күйлерді де еш жаңылмай тартатын. Жеті-ақ нота ғой (күледі). Шынымды айтсам, мен Қаршыға ағама қатты еліктедім. Оның бүкіл репертуарын қайталап үйрендім, тіпті отырысына дейін ұқсатуға тырыстым. Кейін жақындарым «Сен Қаршыға Ахмедияровқа тым көп еліктейсің» деп ескерту жасады. Жалпы өнер адамында еліктеу заңды құбылыс қой. Мұндай талантты тұлғаларға қалай еліктемейсің?! 1987 жылы екінші ұлым Олжас дүниеге келген кезде Арқалық қаласында «Қуаныш» атты алғашқы күйім туды. 1990 жылдары Амангелді ауданында өткен үлкен тойда, бәйге барысында ерекше әсерленіп, Қаршыға ағамның стилінде «Бәйге» күйін шығардым. Жасым қырықтан асқан соң, ақыл толысып, кемелдікке бет алған кезеңде тарихи тұлғаларға және қоғамдағы түрлі құбылысқа арнап күй шығара бастадым. Мысалы, «Сатай баба» күйінің тарихы XVIII ғасырда елге танылған би тұлғасымен байланысты. Ол Меккеге екінші рет бармақ болғанда түсіне әкесі кіріп: «Балам, сен Меккеге барасың, бірақ сүйегің сонда қалады» деп аян берген екен. Одан бөлек, «Әбіш таған», «Елге арнау», «Өмір дастан» сияқты күйлер, сондай-ақ ел басқарған және өзіме тілеулес болған азаматтарға арналған «Күй бата» дүниеге келді. 2024 жылы ежелгі досым, мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Тоғжановпен кездесіп қалдым. Ол: «Шығармашылығың қалай?» деп сұрағанда, мен қалжыңдап «шығармашылық тоқыраудамын» дедім. Сонда ол: «Тоқырау деймісің? Е-ее, әйтпегенде, елдегі болып жатқан алапат су тасқыны да шығармашыл адамға әсер етпей қоймайтын тақырып қой» деді. Сол сөзі қамшы тигендей әсер етіп, үш күннің ішінде «Тасқын» күйін шығардым. Одан кейін «Ғұн бабалар» күйі дүниеге келді.
– Қанша домбыраңыз бар? Домбыра жасау шеберлері туралы да айтып өтсеңіз.
– Біз консерваторияда оқып жүрген кезде бізден біршама бұрын ағайынды Романенколар болған екен. Қазақтың ұлттық аспаптарын, соның ішінде домбыраны оркестрге лайықтап енгізуде академик Ахмет Жұбановтың еңбегі орасан зор. Ол ресейлік шебер Эмануэль Романенконы Қазақстанға арнайы шақыртып әкелген. Халық арасында «Романенконың домбырасы» деген ұғым бар. Оның жасаған домбыраларының сапасы Антонио Страдиваридің әйгілі скрипкаларынан кем түспейді. Себебі ол ағаштың табиғатын, тілін терең түсінген нағыз шебер еді. Сондықтан оның домбыралары өте сирек, санаулы адамдардың ғана қолында бар. Дыбысы камерлік, ерекше жұмсақ әрі қоңыр. Кейінгі буыннан Ғинолла Смағұлов, Мұса Әділов, Жолаушы Тұрдығұлов, Сұлтан Мұсаев, Жақсылық Оспанов, Нарбек аға сынды мықты шеберлер болды. Бүгінде сол кісілердің шәкірттері бұл өнерді жалғастырып келеді. Өзімде Жақсылық Оспанов жасаған домбыра бар. Оны эксклюзив аспап десем де болады. Концерттерде үнемі осы домбырамен өнер көрсетемін. Бұл домбыра – менің 30 жылдан бергі сенімді серігім. Осы аспаппен талай елді аралап, көптеген концертке қатыстым. Әрине, басқа да домбыраларым бар, бірақ сахнаға әрдайым осы домбыраны алып шығамын. Дыбысы құлаққа жағымды, қолда ұстауға да өте ыңғайлы.
– Айтыңызшы, бүгінде өнерге қаншалықты қолдау көрсетіліп жүр? Көңіліңіз тола ма?
– Иә, іштей тәубе деймін. Қазіргі таңда барлық өңірді аралап, концерт қойып жүрмін. Қай қалаға барсаң да, филармониялар мен театрлар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бір ғана филармонияның құрамында симфония оркестрі, халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, бірнеше ансамбльдер, хор және би ұжымдары тынымсыз еңбек етуде. Оларды кім қолдап отыр? Бір оркестрдің өзінде кем дегенде 40-50 музыкант болады. Олардың аспаптары, сахна киімдері, гастрольдік сапарлары – мұның бәрі үлкен шығынды талап етеді. Ел ішінде ғана емес, шетелдерге де гастрольмен шығып тұрады. Осындай ауқымды жұмыстың жүзеге асуына, әрине, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың үлесі зор. Сонымен қатар елімізде көптеген музыкалық мектептер мен жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Осындай игі істерді көргенде еріксіз риза болып, тәубеңе келесің.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық шабыт тілеймін!
Сұхбаттасқан
Толқын СҰЛТАН,
Қазақ радиосының редакторы,
Мәдениет саласының үздігі



