Мәдениет

Алаштың арда ақыны ардақталды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының 80 жас мерейтойына арналған «Аспанның асты – Астана» атты ән-жыр кеші өтті.

Серік Тұрғынбекұлы Есіл жағасына жаңа астана орнағанда елордаға алғашқы лекпен көшіп келді. Бас қаланы көп жырлаған ақындардың бірі ғана емес, бірегейі. Осында Қалибек Қуанышбаев театрының әдебиет бөлімін, он жыл бойы Сәкен Сейфуллин музейін басқарды. Кештің басында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қала басшысының құттықтауын жеткізіп, ақын мен оның жарына құрмет көрсетті.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры мен Музыкалық жас көрермен театрының әртістері ақынның рухты жырларымен қатар лирикасын оқыды. Филармония әншілері өлеңдеріне жазылған әндерді әуелетті. Белгілі әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлы сахнаға көтеріліп,

Серік ақынның болмысынан хабар беретін оқиғаны айтып, ақындық алымына тоқталды. Серік Тұрғынбекұлының «Қобыз» атты алғашқы жыр жинағына ақиық ақын Мұқағали Мақатаев алғысөз жазды. Кеш иесі Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, т. б. көрнекті ақындардың тәлім-тәрбиесін көрді. Ал драматургияға келуіне театр реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовтің ықпалы болды. Ақын майталман музыкант Нұрғиса Тілендиевпен де көп араласып, оның күйлерін жырға қосты.

Ақынның ағаларына құрметі ретінде Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова Оспанхан Әубәкіровтің өлеңіне жазылған Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым» әнін шырқап, «Қорқыт» этноансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін күмбірлетті.

Серік Тұрғынбекұлының өлеңдеріне жалпы 200 ән жазылды. Бір Әсет Бейсеуовпен шығармашылық бірлестігінен 70 ән туды. Сол әндердің біразы жұртқа танымал, ел аузында десек те болады. Атап айтқанда, «Түркістан», «Ақкөлден ұшқан аққулар», «Жан гүлім», «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар», «Менің дағы бір аққуым бар шығар», «Туған жерім тамаша», «Жолың болсын, жолаушы», т. б. Серік ақынның жырларына Еркеғали Рахмадиевтен бастап Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Алтынбек Қоразбаев, Төлеген Мұхамеджанов, Жоламан Тұрсынбаев, Марат Омаров, Марат Ілиясов, Тілеуғали Қышқашбаев, Есжан Әміров, Шолпан Қорғанбек, т. б. композиторлар, тіпті Ақселеу Сейдімбекке («Арай күн») дейін ән жазды.

Кеште әндерді Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сембек Жұмағалиев, Гүлмира Сарина, Арайлым Рахымқызы және Медет Шайкелов, Зарина Омарова, Толқын Нұртасқызы, «Dala Sound» квартеті, Құралай Мейрамбек, Айдын Жұмабай, Қанат Ражанов, астаналық филармонияның камералық хоры, «Айналайын» балалар хоры әуелетті. Кеште жаңа әннің де тұсауы кесілді. Серік Тұрғынбекұлының өлеңіне жазылған Мәди Артығалиевтың «Торғын туралы толғау» туындысын Сырым Мұхаметжанов салды.

Серік Тұрғынбекұлын драматург ретінде де білеміз. Оның қаламынан «Абай-Біржан», «Кейкі мен Амангелді», «Мұқағали», «Шәмші», «Сәкеннің соңғы көктемі», «Нұрхан» драмалары туды. Бір «әттеген-айы» драмалық шығармаларынан бірде-бір үзінді көрсетілмеді. Кештің бір олқы түскен тұсы осы болды. Бірақ бұл мерейтой тұсында ақын туралы «Алаштың арда ақыны» және «Қойындәптер» атты қос кітап жарық көрді. Ақынның тойы әлі де туған жері Қостанай облысында, талай талантты тудырған Тобыл-Торғай төрінде жалғасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button