Автобус сүйреп рекорд жаңартты

Астанада 55 жастағы бастауыш сынып мұғалімі, әлем чемпионы Айгүл Ержанова салмағы 13,5 тонналық автобусты жалғыз өзі сүйреп, әлем рекордын жаңартты. Көпті таңғалдырған ерекше оқиға Астанадағы №1 автопаркте өткізілді.
Спортты қолдау аясында «№1 Автобус паркі» АҚ ұйымдастырған іс-шараға БАҚ өкілдері мен автопарк қызметкерлері, Азия мен Африка бойынша GLOBAL BEST RECORDS ұйымдарының әлемдік рекордтарды тіркеудегі бас офицері Қуандық Құдайбергенов қатысты. GBR офицері алдымен автобустың, таңдалған орынның талаптарға сай келетініне әбден көз жеткізіп, рәсімді өткізуге рұқсат берді.
Әлем чемпионы кезекті рекорд орнату рәсіміне үлкен дайындықпен келген. Ауыр атлет автобусты сүйреуді сағат 09:49-да бастап, 09:50-де аяқтады, яғни небәрі 1 минутта 10 метрге жеткізді. Шараға куә болғандар бұған ерекше таңғалып, мұның үлкен ерлік екенін айтты.
Спорт пен педагогика саласын қатар алып жүрген Айгүл Ержанова Астанадағы №50 мектепте сабақ береді. Білім берудегі ерен еңбегі үшін ол бұған дейін Президент Қ.Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапатын иеленген. Сондай-ақ спортқа аяқ басқан алғашқы 1,5 жылдың ішінде ауыр атлетикадан 45 медаль иеленген, 8 рекорд орнатқан, оның ішінде ауыр жүк көліктерін сүйреу де бар. Былтыр мұғалім жалпы салмағы 8 тонна болатын екі пикап көлігін 57 метрге тартқан еді.
GVR-дың ресми өкілі Қуандық Шыңғысұлының айтуынша, бұған дейін әлемде осы тектес рекордтар болған, бірақ 50 жастан асқан әйелдер арасында ауыр салмақтағы автобустарды тартып көргендер тіркелмеді. Дүниежүзілік рекордтар кітабы қазір 89 мемлекетті біріктіріп отыр. 2026 жылғы Дүниежүзілік рекордтар кітабына Айгүл ханымның аты екінші рет енеді. Іс-шара барысында GBR офицері Айгүл Ержановаға ұйымның алтын медалін табыстады.



