Қазақ әнінің ақбұлағы

Осы тақырыпта Астана қаласының әкімдігіне қарасты «Руханият» мекемесінің ұйымдастыруымен №5 балалар кітапханасында «Ғаламат» рухани-танымдық жобасының аясында өзге этнос өкілдері мен қазақ тілі курсын оқып жатқан тыңдаушылар, кітапхана ұжымы қатысқан мәдени іс-шара өтті.
Басты мақсат – қазақ әдебиеті мен музыка өнеріне ән-жырымен өзіндік қолтаңба қалдырған ақын, драматург, композитор, биыл туғанына 100 жыл толатын Бәкір Тәжібаевтың өмірімен және шығармашылығымен таныстыру. Оның әуезді әндері арқылы тіл үйренуші тыңдаушылардың қазақ әндеріне, қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту, әсем әндерді орындау арқылы тыңдаушылардың мәдениетін дамытып, әннің тылсым сырларын ұға білуге үйрету.
Бәкір Тәжібаевтың өлеңдері мен әндері қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол 150-дей ән мәтіндерінің авторы болып, «Қамар сұлу» операсының либреттосын жазған. Халық арасына кең тараған «Жас дәурен», «Туған жер», «Гүлсің-ау», «Ақбұлақ», «Әлия», «Әппағым-ау, әппағым», «Әдемі-ау», «Іңкәрім-ай», «Жанарым» әндері – мазмұны жағынан тәрбиелік мәні аса құнды дүниелер. Шығармаларына «Қара торғай», «Сахна жұлдыздары», «Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келемін» атты өлең, жыр, новелла, очерктері кіреді. Көзі тірісінде осыншама шығармашылықтың биігін көрсетіп кеткен дарынға, өкінішке қарай, бірде-бір атақ-даңқ берілмегеніне қарамастан, халық оған баяғыда-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерін», «Халық әртісін» беріп қойған.
Тыңдаушылар ақынның шығармашылығы мен өмірбаянына қанығып, сырлы да ғажайып «Туған жер», «Әдемі-ау», «Гүлсің-ау», «Әлия», «Студенттер әні», «Бозторғайым» әндерін тыңдап, әсем әннің құшағында тербелді. Барша халық сүйіп тыңдайтын «Ақбұлақ» әнін тыңдаушылар орындап, көңілімізді бір серпілтіп тастады. Қазақтың даналыққа толы мақал-мәтелдерін де жатқа айтып тамсандырды. «Руханият» мекемесінде өтетін қазақ тілі курсының ұйымдастырылуының өзі – Қазақстанда бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тіл – қазақ тілін емін-еркін үйреніп, сол тілде сөйлеп, сөйлеу дағдысын қалыптастыру, түптеп келгенде, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, татулық пен бірліктің, ынтымақтың арқасында елдігімізді, асыл құндылықтарымызды сақтау.
Өзге этнос өкілдерінің қазақ әндерін орындауға деген талпынысы, сазды әлемнің түбіне бойлауға ұмтылған құлшынысы айқын аңғарылды. Жоба осы уақытқа дейін де білім ордалары мен жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызметкерлер мен тыңдаушылар арасында өтіп келді, алдағы уақытта да кең ауқымда өте береді деп жоспарлануда.
Айжан СЕРІКҚЫЗЫ



