Мәдениет

Шынайы құрмет пен жанашырлық

Мамырдың алғашқы күні күнтізбеде жай ғана мереке болып көрінуі мүмкін, бірақ біз үшін оның мәні әлдеқайда терең. Бұл – ортақ тағдырымыз тоғысқан осы бір киелі шаңырақ астында бір-бірімізге «бауырым» деп айта алатынымызды тағы бір мәрте сезінетін күн. Осындай шуақты мереке қарсаңында баршаңызды Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының атынан шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінде Қазақстанда 61 мыңнан астам тәжік этносының өкілі бірлік пен келісімде өмір сүруде. Осы жердің суын ішіп, ауасымен тыныстап жатқан әрбір тұрғынымыз өзін бөтен сезінбейді, керісінше, қазақ жері біз үшін нағыз ыстық Отанымызға айналды. 2022 жылы құрылған республикалық этномәдени орталығымыз бен оның 11 филиалы бүгінде осы достықтың берік институционалдық тірегі болып отыр. Орталық жанынан құрылған «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі» және «Жастар қозғалысы» ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, этнос өкілдерін елдің мәдени және білім беру кеңістігіне бейімдеуде ауқымды жұмыс атқаруда. Біздің басты мақсатымыз – тек өз салт-дәстүрімізді түгендеу емес, сол арқылы ортақ құндылықтарымызды байыта түсу. Мәселен, бүгінгі жастарымыздың мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, домбыра тартып, «Жүректен-жүрекке» жобасы аясында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуі немесе «Мектепке жол» акциясымен мыңдаған балаға қолдау көрсетуі нағыз бірліктің жемісі деп білемін. Мұқтаж жандарға баспана сыйлаудан бастап заманауи спорт кешендерін салуға дейінгі игі істеріміз Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі емес пе?! Себебі бірліктің шынайы мәні – тек ұранда емес, адамдардың бір-біріне деген шынайы құрметі мен жанашырлығында. Мереке құтты болсын, ағайын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін!

Акбаржон ИСМАИЛОВ,

ҚХА кеңес мүшесі,

тәжіктердің республикалық

этномәдени орталығының төрағасы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button